Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері, әзіл мен сатира жанрының хас саңлағы, ақын Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 120 жыл толу құрметіне «Туған елдің жүрегінде» атты дөңгелек үстел өтті.
Айта кетейік, Асқар Тоқмағамбетов қазіргі Сырдария ауданында 1905 жылы дүниеге келген. Зілді әзілімен қоғамдағы ұнамсыз әрекеттерді сын тезіне салып, сатиралық өлеңдер жазып, республикаға танылған. Қазақ әдебиетінің классигі А. Тоқмағамбетов туған жерде еңбек ете жүріп, қазақ әдебиетінің алыптарымен қанаттаса жүру бақытына ие болған. Алғашқы білімді ауыл молдасынан алған ақын 1924-1925 жылдары Ташкенттегі политехникумда оқиды. Қызылорда Астана атанған 1925 жылдың көктемінде Асқар Тоқмағамбетов Тереңөзектен келіп, «Еңбекші қазақ» газетіндегі Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллинмен араласып, қайраткер, ағаларынан тәлім алып, қаламын ұштаған.
Ол 1932 жылы Мәскеу полиграфия институтын бітіріп, «Ленин жолы», (1933-1934), «Қазақ әдебиеті» (1934-1935), «Социалистік Қазақстан» (1937-1944) газеттері мен «Ара» журналында қызмет істеді. Кейінгі жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы қызметін атқарған жылдары ақын өмірінің айшықты тұстары еді.
Шараға Асқар Тоқмағамбетовтің қызы ардагер-ұстаз Аягөз Асқарқызы, ардагер-журналист Қайырбек Мырзахметұлы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, қолөнер шебері Махамбет Жәнібек, еңбек ардагері Сәпен Аңсатов, облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа қоғамдық бірлестігінің» төрағасы, қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішев, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының өкілі, ақын Қаршыға Есімсейітова, «Ұстаз мәртебесі» газетінің және «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы, ақын, Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің әдіскері Ғабит Кәдірбай қатысып, тау тұлғаның шығармашылығы мен өмір жолына тоқталып, қырғи тілді қаламгердің кейінгі ұрпаққа қалдырған құнды дүниелерінің қазіргі заманда да құнын жоймайтынын жеткізді.
Г. АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!