Сенбі, 04 сәуiр, 01:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24 (2236)
04.04.2026
PDF мұрағаты

Қазақша есімді трендке айналдырайық немесе арабша аттар неге көбейді?

04.04.2026

33 0

Фото: ашық дереккөз

Барлық халықта жаңа туған балаға есім беру ерекше мәнге ие.  Қазақ халқында бұл ұлттық рухани болмыс пен тарихтың айнасы іспеттес. Мәселен, 2010 жылы Астанада өткен Саммиттен кейін кейбір ата-аналар балаларына Нұрсаммит, Саммит сияқты есімдерді қоя бастағанына куә болдық.  Сол сияқты, Азиада спорттық ойындары өткен жылдары ата-аналар дүниеге келген балаларына Азиада есімін таңдаған. Бүгінде айналамызға қарасақ, төл түркі сөздерінен емес, араб тілінен енген есімдердің қатары көбейген. Қазақ санасына сыналап кірген құбылыс қазіргі таңда қалай өзгеруде? Зерттеп көрдік. 

Жазушы Нұрлыбек Самат­ұлы  араб сөзін жаңа туған нәрестенің есімі етіп қою дін таратудың ежелден келе жатқан көп тәсілдерінің бірі екенін айтады. Бұдан ел ұлттық бояуынан айыры­лып, ата-әже, әкелеріміздің есімдері осылайша арабтанып кеткен. Ал кейінгі заманда исламға мойынсұнған халық балаларына араб есімдерін білместікпен қойып келеді.

– Жазушы Шыңғыс Айт­­ма­тов былай дейді: «…ғұн, түрік, хорезм жазуын түп орнымен жойған араб басқын­шылары келесі кезек­те халықтың рухани мәдениетін, яғни салт-дәстүрін алмасты­руға, жер атауларын өзгер­туге, кісі есімдерін арабшалап қойғызуға, Наурыз мереке­сінің орнына құрбан айтты кіргізуге айрықша күш сал­ған». Шыңғыс Айтматов айтқан араб басқыншылары бұнымен шектелмеген. Ал Мұхтар Шаханов: «Арабтар елді рухани құлдыққа салу­дың төте жолы алдымен байырғы дінін ауыстыру, сосын жазуын құрту деп білген» – дейді. Қазіргі кезде қазақ бұдан саналы түрде арылып, таза түркілік есім қоюы керек. Өйткені «әкеңнің, атаңның аты арабша» деп көзге шұқып көрсететіндер қай заманда да кездеседі, – дейді «Таң-Шолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті ғалымдары қазақ антропонимиа­сындағы қазіргі тенденциялар туралы зерттеу жүргізген екен. Олар 2000 жылдан 2018 жылға дейінгі  жаңа туған сәбилердің есімдерін зерттеп ұлттық антропонимикадағы  өзгерістер мен қазіргі үрдістерді назарға алған. Сондай-ақ зерттеу тобы мұрағаттағы туу туралы жаз­балардан ер және қыз балалардың есімдерін қамтыған. Авторлар Қазақстанда жаңа туған балаларға ат қою дәстүрінде айтарлықтай өзгерістер болғанын мәлімдеген. Деректерді мұқият талдау барысында 2000-2018 жылдар аралығында ер және әйел есімдерінің ішінде араб тілінен шыққан есімдер басым екені анықталды. Ұлттық статистика бюросы сайтынан соңғы жылдары қандай есімдер көп қойылып жатқанын білу үшін зерттеп көрдік. Нәтижесінде 2024 жылдың қаңтарындағы дерек бойынша ең көп қойылған таны­мал есімдер қата­рына көбі­не араб есім­дері алдың­ғы орында тұр. Жас ата-аналар Медина, Мұхаммед, Айлин, Айша сын­ды есімді қоюды жөн көр­ген.

2025 жылдың қаңтар айының дерегінде алғашқы бестікте танымал Айсұлтан, Әлинұр, Алдияр, Хамза, Омар есімдерін байқауға болады.

Тарихшы Назира Нұртазина Иран мен Орта Азиядағы басқа елдерге қарағанда Қазақстан арабтардың экспансиясына ұшы­ра­мағанын айтады. Қазақ халқының ата-бабалары арабтармен тікелей қарым-қаты­наста болмаған. Олардың арасындағы бай­ланыс жанама түрде, мәдени дүниелер мен жазба кітаптары деңгейінде ғана болған. Қазақ тіліндегі кірме араб сөздері көбіне руханиятқа қатысты. Мысалы, ақыл, дәулет, рух, тәлім, қадір, қасиет, пайым, есеп және тағы да басқа сөздердің түп төркіні араб тіліне тіреледі. «Кейін патша үкіметі қазақтың басын айналдырып ұстау үшін дін уын септі» – дейді ғалым Құдайберген Жұбанов. Екатерина патша 1781-1784 жылдары қазақ даласына мешіт, медресе салдырып, мұсылманша оқытылсын деп бұйырған. Осылайша Петерборда арабша баспахана ашылып, Құранды қазаққа тегін таратылсын деген тәртіп енгізген. 1798 жылы Орынбор губернаторы Игелстромға мешіт салып, сонда қазақ балалар оқысын деп тапсырып, медресені қаржы­ландыруға 2007 сом бөлуді тапсырған. Осын­дай заңмен қазақ даласына арнайы молда дайындала бастаған. XXI ғасырдың жартысына дейін созылған бұл саясат арқылы қазақ арасына дін таралып, араб-парсы сөздерінің толыға бастауына себепші болған.

Зерттеуші әрі Қазақша Уикипедия әкімшісі Қайыр Рысбаев соңғы уақытта араб есімдерінің көбеюі сәнге айналғанын айтады. «Адамдар қазақша аттардың мағынасы анық болған соң ба, мүмкін, жұмбақ ат қойғысы келеді» – дейді ол.

– Қазір Мұхаммед деген есімді қорықпай қоя береді. Бұрынғылар «ауыр ат қоюға болмайды» деп Мұхамедқали, Мұхаммеджан деп қоятын. Яғни тікелей араб дәстүрін алып алғандаймыз. Араб халқында әр үйде бір Мұхаммед болу керек деген дәстүр бар. Зерттеулер бойынша ислам дініне берілген елдерде әрбір екінші адам Мұхаммед болып аталып кеткен. Ресей империясынан келген татар молдалары қазақ жеріне келгеннен кейін діни аттар кең тарала бастаған. Мысалы, тарихқа көз салсақ, Абайдың әкесі Құнанбай, Өскенбай, Ырғызбай бұлардың бәрі  қазақша есімдер. Ал Абайдан бастап, Ибрагим, Абдрахман, Мекайл атты арабша аттар көбейе бастағанын байқауға болады. Бірақ кеңес одағы орнағаннан кейін бұл үрдіс сәл тоқтағандай болады. Қызығы, сол жылдары еуропалық есімдер танымал бола бастады. Мысалы Роза, Света, Марат деген есімдер көбейді. Ислами аттар немесе танымал есімдер көп қойыла бастаса кейін бала мектепке барғанда бір сыныпта 3-4 Мұхаммед, 3-4 Әлихан болады. Бұдан кейін балалар бір-біріне жағымсыз лақап ат қоюы мүмкін. Сол үшін тарихи мәніне бойлап есім қойған дұрыс, – дейді Қазақ Уикипедиясының әкімшісі Қайыр Рысбаев.

Айта кететін жайт, қазақ арасында араб-парсы есімдері көп қойылса да үндестік заңына бағындырып өзгертіп алған. Араб тілінен енген есімдердің қазақ табиғатына икемделуі де қызық. Халқымыз арабтың ауыр дыбысталатын сөздерін жұмсартып, айтуға жеңіл жіңішке дыбыстарды қолданған. Мәселен, Габдурахман есімін Әбдірахман, Ғабдолла есімін Әбділда, Ибраһим есімін Ыбырай, ал Мұхаммед деген атты Мәмбет, Мұқаш, Мұқан десе, Фатима есімі Бәтима, Пәтима болып өзгеріске ұшыраған. Қайыр Рысбаев қазақ есімдерін ұлттық стандартқа келтіру қажеттігін алға тартады. Балаға ат қоярда көбіне тұпнұсқаға ұмтылып, өз тіліміздің табиғаты ескерусіз қалатынын айтады.

– Мысалы, Осман деп ат қойып жүрміз. Бірақ қазақ оны бағзыдан Оспан деп атап кеткен. Мухаммад деп емес, ана тілімізге бейімдеп, жұмсартып, Мұхаммед деп атаған жөн. Тілімізге енген әрбір сөз қазақы үнмен жаңғырып, жаңа реңке ие болады. Демек, есімдерді тұпнұсқаға жақындату емес, қазақыландыру қажет. Есім – ұлттық айна десек, сол айнадан өз болмысымыз айқын көрінуі тиіс, – дейді зерттеуші.

2020 жылы Ұлыбританиядағы «Mumsnet» порталы 1000-нан астам ата-ана арасында сауалнама жүргізіп, олардың таңдаған есіміне не себепті өкінетінін анықтаған екен. Нәтижесінде балаға есім таңдағанда өкініп қалмау үшін мына кеңестерді ұстанған. Респонденттердің көбі есімнің тым жиі кездесетініне өкінсе, одан кейін туыстарының немесе айналасының қысымына шыдамай, өздеріне ұнамаса да, солар айтқан есімді қойғанына қынжылатынын айтқан. Ал сауалнамаға қатысқандардың бір бөлігі бала­сына айтылуы немесе жазылуы қиын есім таңдағанына өкініш білдірген екен.

Бір жылдары кәсіпкер Нұрсейіт Жылқышы­бай балаға ат қоюға қатысты қы­зық мәлімдеме жасады. Жалпы қоры 3 млн теңге болатын, алғашқы 10 балаға 300 мың теңгеден сыйақы беретінін айтқан ол жаңа туған сәбиге Құнанбай есімі қойылуы керек деп шарт қойды. Ол өз мақсатын ақша таратып «хайп» жасау емес, Абайды Абай қылған Құнанбайдың есімін қайта жаңғырту екенін айтқан. Өкінішке қарай, қазір қазақ баласына өсіп-өнсін деп Өскенбай, мықты болсын деп Мықтыбек қоймайтыны белгілі.

Тойда асаба боп қызмет етіп жүрген Нұрболат Қадіров соңғы жылдары балалардың есімдеріндегі өзгерісті байқағанын айтады. Қазақ есімдерінің азайғанына қын­жыла сөйлеген асаба той басқаруға барғанда Айлин, Айша, Мұхаммед, Медина, Раяна сынды арабша есімдердің көбейгенін байқаған.

– Кешегі Қыран, Мөлдір, Айдана, Назерке, Гүлім, Сапар деген есімдер көп қойылмай жүр. Балаға есім қоярда отбасы мүшелерінің бәрі де атсалысу керек. Осы орайда айтар кеңесім, отбасы мүшелері ұнаған 5 есімді таңдап, талқылап ішінен біреуін анықтаған дұрыс. Баланың тағдыры есімнен басталады. Сол себепті бұған салғырт қарамай, қазақ есімдерін трендке алып келуге жұмыс істеу қажет. Бұл ұлт қамын ойлайтын адамның ойында жүретін мәселе десем артық айтқаным емес. Бұрын осындай атамыз болған, сол есім­ді қояйық деген дәстүр де қалып барады, – дейді асаба Нұрболат Қадіров. 

Қазір қазақ жастары арасында ерекше серпіліс байқалады. Жастар баласына ат қоярда сырттан келген үлгілерге емес, өз тарихын, рухына үңіле бастағандай. Арабша есімдерден саналы түрде бас тартып, оның орнына көне түркілік есімдерді ұсынуда. Түп тамырды тануға деген ішкі ұмтылыстан Бумын (мағынасы «бастаушы, құрушы, іргетас», көне Түркі қағанатын құрған алғашқы қаған), Білге (мағынасы «данышпан, ақылды»), Асена (түркілердің тегі сана­латын мифтік қасқыр), Едіге, Баршын, Күлтегін, Хақназар сынды есімдерді қоюды қалайтынын айтып жүр. Бұл жастар үшін тек сән, еліктеу емес, тарихи жадымен үндесу іспеттес.

Есім таңдау жай ғана әдемі дыбыс емес, баланың болмысы мен ұлттық бірегейлігін айқындау.  Бүгінгі таңда жат елдің есімдеріне емес, қазақша атқа бет бұру – тарихи қажеттілік. Есім тек баланың тағдыры ғана емес, ұлттың ертеңі. Сіз балаңызға қандай есім қойдыңыз?

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: