Сейсенбі, 17 наурыз, 01:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№20 (2232)
17.03.2026
PDF мұрағаты

Қазақстандықтар несие алудан бас тарта бастады ма?

17.03.2026

39 0

Несие алудың азаюы қоғам үшін пайдалы болуы мүмкін. Халықтың қарыз жүктемесі азайып, қаржылық тұрақтылығы артады. Мысалы, ай сайынғы табыстың үлкен бөлігін банкке төлеудің орнына, адамдар жинақ жасауға немесе басқа маңызды қажеттіліктерге қаражат жұмсауға мүмкіндік алады. Ұзақ мерзімде бұл отбасылық бюджетке оң әсер етуі ықтимал. Алайда бұл үрдістің кері жағы да бар. Банктердің талабы күшейген сайын табысы төмен немесе тұрақсыз азаматтар үшін ресми қаржы ұйымдарынан несие алу қиындайды. Мұндай жағдайда кейбір адамдар балама қаржы көздерін іздеуі мүмкін. Кейде олар микроқаржы ұйымдарына немесе жеке қарыз берушілерге жүгінеді. Микро ұйымдардан несие алу оңай болғанымен, пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда жо­ғары болуы мүмкін. Сон­дықтан тез несие алу кейде азаматтардың қар­жылық жағдайын одан әрі қиындатады. Ұлттық Банк деректеріне сәйкес, 2024 жылы жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 23,5%-ға өссе, 2025 жылдың соңында өсім 17,7%-ға дейін баяулаған. Ал бизнесті несиелеу көлемі керісінше 17,9%-дан 19%-ға дейін артқан. Бұл банктердің қаражаты біртіндеп экономиканың өндірістік секторына бағытталып жатқанын көрсетеді.

2024 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың шамадан тыс несие алуын азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөнінде тапсырма берді. Бұл шешім азаматтарды қаржылық қиындықтан қорғау және банктердің тұрақтылығын сақтау мақсатында қабылданды. Тапсырманы жүзеге асыру үшін 2024 жылғы маусымда жаңа заң қабылданып, онда кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері нақты көрсетілді. Заң нәтижесінде 614 мың адам проблемалық қарыздарын қайта құрылымдап, кейбір жағдайларда толық кешірім алды.

Экономист Айбар Олжай еліміздегі несиелердің қымбаттауы, мемлекеттік шектеулердің қатаңдығы мен бұған дейін несие төлеу тәртібі бұзылған несие алушылардың қарыз алуға мүмкіндігі болмауы еліміздегі шамадан тыс қарыз алушылардың қатарын кеміткен. Бір несиені келесі бір несиемен жабатын тұтынушыларға да қарыз беру банктерге үлкен тәуекелге айналған.

– Банктер қазір кәсіпкерлерге несие беруді қолға алып, комиссиялы бизнеске көше бастады. Яғни олар қарыз беріп, соның пайызынан табыс тапса, келесісі аударымдардан түсетін комиссиялардан пайда табады. Банктер осындай қызмет көрсету жүйесі арқылы пайда табу жолына өтуде, – дейді экономист.

 Қаржы нарығын реттеу агенттігі 2024-2028 жылдарға арналған қаржы нарығын дамыту жоспарын іске асыруда. Жоспар аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар қаржы нарығының тиімділігін арттырып, ел экономикасының тұрақты өсуіне және халықтың қаржылық әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді. Өткен жылы елімізде қауіпсіздікті жақсарту және азаматтардың қарыз ауыртпалығын азайту үшін қолма-қол ақшамен несие берудегі жаңа ережелер мен шектеулер енгізілді. Олар – онлайн несие беру алдындағы «сабыр кезеңі» және «жұбайының келісімі» талабы. Осы арқылы онлайн несие алуға өтініш беру қауіпсіз бола түсті. Енгізілген өзгерістердің арқасында қолма-қол ақша несиелері өтініш берген кезде «салқындату кезеңінде» қаражат шотқа бірден түспейді. Егер қарыз алушы күту кезеңінде ойын өзгертсе, өтініш  жойылады және қаражат берілмей импульсивті шешімдерден сақтандырады. Сонымен бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Егер сіз 150 АЕК-ке дейін несие алуға өтінім берсеңіз күту уақыты жоқ, ақша мезетінде түседі. Ал 150 АЕК-тен 255 АЕК-ке дейін несиеге өтінім кезінде 8 сағат ойлануға уақыт беріледі. Ол одан жоғары 255 АЕК-тен астам соманы банк бір тәуліктен кейін ғана аударады. Бұл «үзіліс» кезінде банк те, қарыз алушы да бәрін қайта тексере алады. Статистика бойынша, алаяқтардың құрығына түскендердің көбі 24 сағат ішінде жағдайды түсініп, несиеден бас тартып үлгереді екен. Егер клиент банкке барып жеке өтініш берген кезде тыныштық кезеңі болмайды. Түптеп келгенде, жаңа ереже тұтынушылардың құқықтарын қорғауды мақсат етеді.

Тағы бір өзгеріс 1000 АЕК-тен асатын сомада қолма-қол ақшалай несие алу кезінде жұбайынан келісімін алу талап етіледі. Егер қарыз алушы некеде тұрса және айтарлықтай соманы қарызға алуды жоспарласа, жұбайының келісімі қажет болады. Бұл отбасына хабарламай жасырын түрде несие алуына жол бермейді. Бұл талап  қолма-қол ақша несиелері мен микронесиелерге қолданылады. Жұбайының рұқсаты автонесие сияқты басқа несие түрлеріне қолданылмайды. Жаңа талап отбасындағы қаржылық тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Соңғы кезде адамдар өз қаржылық мүмкіндіктерін бұрынғыдан мұқият бағалай бастағаны байқалады.

 – Шынымды айтсам, бұрын телефонмен-ақ бес минутта несие ала салатынбыз. Үйіміздегі төрт адамның төртеуінде де қарыз, айлығымыз тек пайызын жабуға кететін. Қазір банктердің талапты күшейткені дұрыс болды деп ойлаймын. Жақында балам несие алайын деп еді, банктен «төлем қабілетіңіз жетпейді» деп қайтарып жіберді. Басында ренжісек те, кейін ойланып, тағы бір қарызға батпағанымызға шүкір дедік. Қазір «көрпеңе қарай көсілуді» үйреніп жатырмыз, – дейді қала тұрғыны Маржан.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тұтынушылық кредиттер беру 2024 жылмен салыстырғанда екі есе төмендегенін жеткізді. Сондай-ақ үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге және тәуекелі жоғары қарызды беруге шектеу қойылды. Елімізде төрт миллионнан астам адам жаңа несиелерден ерікті түрде бас тарту мүмкіндігін пайдаланған.

– Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту мақсатында банктер мен микроқаржы ұйымдары 703 мың азаматтың қарызын реттеп, ішінара кешірді. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қолданысқа енгелі бері банктер 56 мың адамның 209,7 миллиард теңге берешегіне кешірім жасады. Ипотекалық тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында 1,2 мың қарыз алушыға қолдау көрсетілді. Микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығындағы 58 субъект лицензиясынан айырылды. Оның ішінде 23-і мәжбүрлі түрде тоқтатылды, ал 9 субъектінің лицензиясы алынды, – деп мәлімдеді Мәдина Әбілқасымова.

Алматыда өткен XIII CFO Summit қаржы директорлары форумында «Halyk Bank» басшысы Үміт Шаяхметова Ұлттық банктің ең төменгі резервтік талаптарды арттыруы және қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тұтынушылық несие беру ережелерін қатаңдату банк секторына әсер ете бастағанын жеткізді. Адамдар бұрынғыдай жаппай несие алуды азайтқан. Сұраныс төмендеп, тәуекелдер артқандықтан банктер нарыққа «жаңа қарыз ақшаларын» шығаруды азайтқан. Белгілі бір деңгейде халықтың қаржылық сауаттылығының артуы, қарыз салдарын түсіну, табыс пен шығынды жоспарлау сияқты дағдылар қоғамда біртіндеп қалыптасып келеді.

– Біз қаңтар-ақпан айларында, тіпті тұтынушылық несиелерін берудің жалпы көлемінде де, эмиссияның өсу қарқынының айтарлықтай төмендеуін байқап отырмыз. Теңгенің басқа валюталардан салыстырмалы түрде құнды болуы көптеген компания доллар немесе юаньмен несие алуға қызығушылығын арттырған, – деп атап өтті Үміт Шаяхметова.

Қазақстанда тұтынушылық несие беру қарқынын төмендетуге бағытталған жаңа талаптар 2025 жылдың 24 қарашасында күшіне енді. Қаржы нарығын реттейтін орган банктердің несие беру стандарттарын қатаңдатқан. Егер банк тәуекел тобындағы адамға несие берсе, «қымбатқа» түседі және банк осы тәуекелді азайту үшін несиені шектейді. Нәтижесінде тәуекел тобындағы 1,5 миллион адам банкке өтініш берсе, олардың көбісі несие ала алмайды.  Осының әсерінен нарықтағы тұтынушылық несие көлемі төмендейді.

Үміт Шаяхметова банк жүйесінде Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттардағы қалдық­тардың артуы және жалпы банктік өтімділіктің төмендеуі байқалып жатқанын да хабарлады. Банкте несие беруге арналған ақша көлемі кеміген кезде банктер өз қаржыларын сақтықпен жұмсауға көшеді. Тәуекелі жоғары клиенттерге несие беру көлемін азайтады немесе пайыздық мөлшерлемесін көтереді. Халықтан сұраныс болуы мүмкін, бірақ банктердің өзінде қаражат жеткіліксіз болғандықтан, кредит алу шынайы түрде азаяды.

Несие азайды, бірақ қарыз мәселесі сақталып отыр

Дәстүрлі ірі несиелердің орнына азаматтар «бөліп төлеу» және «қазір сатып ал, кейін төле» қызметтерін жиі пайдалана бастады. Яғни бір үлкен несие алудың орнына адамдар күнделікті қажеттіліктер үшін бірнеше шағын несие рәсімдейді. Бұған инфляцияның жоғары болуы мен халық табысының төмендеуі әсер етіп отыр. 2023 жылы қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қарыз мәселесін шешуге көмектеседі деп жоспарланған. Алайда іс жүзінде бұл механизм талаптар мен рәсімдердің күрделілігінен толық тиімді жұмыс істемей, 2025 жылы берілген 270 мыңнан астам өтініштің тек 12%-ы ғана мақұлданған.

Өткен жылдың соңында мерзімі 90 күннен асқан қарыз көлемі шамамен 3,5 млрд долларға жеткен. Қорыта айтқанда, тұтынушылық несие беру қарқыны баяулағанымен, халықтың қарыз мәселесі толық шешілген жоқ. Қарыз жүктемесі азайғандай көрінгенімен, ол тек түрін өзгертіп, бөліп төлеу мен шағын несиелер арқылы жалғасып отыр. Бұл жағдай алдағы жылдары қаржы жүйесі үшін назарға алатын мәселе болып қала бермек.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: