Ауыл іргесінде ел Қышқала деп атаған, ғылымда Баршынкент атанған орта ғасырлық қала бар. Елге мәлім атақты ғалым, профессор Мадияр Елеуов бастаған ғалымдар сол қаланы бірнеше жыл зерттеді. Профессор сол кезде Қоғалыкөлді іргелеп дарияға дейін және дариядан кейін орналасқан әр төбенің астында бір қала бар екенін айтып еді. Мені таңдандырғаны, сол жерден табылған медресенің орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылғаны еді. Ойлап қараңызшы, содан бері қанша ғасыр, қанша жыл өтті. Ал біз сол кәріз жүйесін жеке үйімізге орнатқанымызға әрі кетсе он жыл болған шығар.
Жасыратыны жоқ, біз жетпіс жыл Ресейдің боданында болып, болмысымызды былай қойғанда тарихымызды түп тамырымен бірге жоюға шақ қалдық. Ата-бабамыздың кім болғанын ұмытып, «Қазақ деген мемлекет болмаған» деп соқтық. Сондағымыз, өзімізді мына ғаламда ұлт ретінде, мемлекет ретінде санамай, «Ресей бізді адам қылды» деген түсініктің қылаң бергені еді…
– Біз осы өзіміздің бойымыздағыны жоғалтып алғандаймыз, – деп сөз бастады менен бірнеше жас үлкендігі бар Алмат Болатұлы сан ғасырлық тарихқа телміре қарап. Оның жанарынан бір өкінішті көргендей болдым.
Әлден уақытқа дейін құлақ кесті тыныштық орнады.
– Біз дамып жатқан жоқ екенбіз. Мына бабаларымыздың өркениетін қарасаңшы. Қандай керемет. Сонда біз өзімізше дамып жатырмыз дегеніміз, бір өлген соң қайта тірілгендей ғой. Таяуда ғана үй салып, жаңа үйдің оны-мұнысын әлі бітіре алмай жүрміз. Бабалардың деңгейін көрдің бе? – деді әлі де айналасын көзбен шолып отырған ол.
Айтпақшы, мұндағыдай ою-өрнектер Орта Азияда кездеспейді. Ұқсастары бар, дәл мұндайы жоқ. Ал егер қазақтың құрылысы дамымаса, Қожа Ахмет Иасауи кесенесі тәрізді өміршең құрылыстар қазақ даласына қалай және қайдан келген?! Мені осы ой қатты толғандырады. Деректерге жүгінсек, кесене 1396 жылы Орта Азияның билеушісі Ақсақ Темірдің бұйрығымен салынған. Бұл жерде қазақтың жиырма бір ханы жерленген деседі.
Айтпақшы, ертеректе ауыл үлкендері әлгі Қышқала аумағында құдық бар дейтін. Оны көзбен көргендердің көбі бақилық болды. Ал өмірде барлары қай жерде екенінен жаңылысып қалған. Әйтсе де сол құдық жерасты жолы арқылы Түркістанға барады деп айтылады. Ал мұндағы нысандардағы кірпіш Түркістаннан алдырылған деседі.
Әңгімені ертеден бастағанымыз, керуен дүниенің айналып қайта соғатынын білдірмей ме?! Өмір бойы тоқал тамда, лашықта тұрған ата-бабаларымызда мұндай үрдіс неге болмаған?! Әлде тізеден төмен аяғы сыртқа шығып жатқан Жиреншедей «Өз үйім, қайран боз үйім» деп жата берген бе?!
Негізі осы тақырыпты көтеруге себеп болған нәрсе «қазақ жалқау» деген бір ауыз сөз еді. Осыдан он жылдай бұрын қала аумағында баспана салу қажет болды. Бұрын-соңды құрылысқа білек сыбана кірісіп көрмеген мен үшін бұл үлкен мәселе еді. Айналадағы «ақылшылардың» көмегіне жүгініп, бір өзбек бригадасын алдырттық. «Өзбек ұлт емес, мамандыққа айналды» деп жүр ғой көпшілік. Келген екеу ішкіш екен. Ащы судан ұрттап алып, күніге екі сағат жұмыс істеп, әлгілерім үш ай жаздың алғашқы бөлігін өткізіп алды. Жүйке әбден жұқарып, бір түнде қуып шықтым. Қайтпек керек?! Енді бір аттасам, жаңбырлы маусым, қанша кірпіш суға кетеді. Шанхайдан ағайынды үш жігітті сұрастырып, тауып алғанмын. «Қазақ – жалқау» деген ойдың сеңін бұзды.
– Інім, сен бізге қарап отырып әуре болма. Одан да төбесін жабатын жабдықтарыңды дайында, – деп кесіп айтты.
Алғашқылардың екі айлық жұмысын екі-ақ күнде апыр-топырын шығарды да, «Ал ақыңды бер» деді. Қалай риза болмайсың.
Осыдан үш-төрт жылдай бұрын үлкен үй салу керек болды. Өзіміздің өңірдің құрылысшылары қолдан-қолға тимей, мол тапсырысқа кенеліп, еңбек етіп жатты. Бірде-бірі бос емес. Амалсыз өзбек ағайындардың қызметіне жүгіндік. Кірпіш өруге келген үш жігіт еді: бірі – агроном, бірі – тарихшы, тағы бірі – географ. Міне, екеуі – мұғалім, біреуі – ауыл шаруашылығы саласының маманы. Отанында әрбірінің тұрақты жұмысы мен мамандығы бар. Бірақ елден ел асып келіп, еңбек етіп, нәпақа тауып кетеді. Тіпті, біреуі өз елінде ұста жалдап, баспана салдырып жатыр екен. Мен оған «қолыңнан келеді, неге өзің салмадың?» деп сұрақ қойдым. Ол тосылмады.
– Мен ол жақта бір адамның жұмысын істеймін. Қасыма қосымша адам күшіне ақы беруім керек. Ал мен Қазақстанда жүріп, жалғыз өзім тапқан қаражатқа өз елімде үш маманды жалдап отырмын, – деді.
Көрдіңіз бе, олардың бірде-бірі құрылыс саласында тұрақты жүрген жоқ. Тек құрылысты қосымша кәсіпке айналдырған. Қазір етіктің тәуірі – түріктікі деп, базарда сапаны содан іздейміз. Бірақ түріктерге тері илеуді, оны қажетке жаратуды да үйреткен қазақ. Ол туралы талай айтылып та, жазылып та жүр. Бәлкім, құрылыста шебер атанған өзбектерге де саланы үйреткен біздің ата-бабамыз шығар… Әйтпесе, ауыл іргесіндегі мен айтқан құрылыстағы өркениет қайдан келген?!
Тағы да сол сөзге қайта оралайық. Қазақ жалқау ма? Енді бұл сұраққа жауапты өндірістен іздейік. Мынадай бір қалжың бар. Құрылыста өзге ұлт өкілдерінің арасында жалғыз қазақ болыпты. Басқалары кірпішті бір түйірлеп тасыса, қазақ бір барғанда алты кірпіш апарады екен. Содан өзгелерге «Сен неге бір түйірлеп, ал қазақ алтаулап тасиды?» деген сұрақ қойылыпты. Сонда әлгі:
– Қазақ – жалқау. Қайта-қайта олай-былай жүруге ерініп, алтауын бірден әкеледі. Біз ерінбейміз, түйірлеп тасимыз, – деген екен.
Міне, біздің ұлтымыздың қасына қосарланған осы жалқау сөзі дәл осындай жаңсақтықпен жабысып қалған шығар…
Қазақстанда оқ өтпейтін көлік шығаратын Айбек Барысов есімді азамат бар. «Барыс», «Арлан» тәрізді ерекше автомобильдерді қолданысқа енгізіп жүр. Міне, қазақ қой ол да… Кең ауқымда айтқанда осы жігіттің еңбегінің өзі неге тұрады?
Қарапайым ауылда тұтас қазақты былай қойғанда шетелді етпен, күрішпен, тағы басқа азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етіп отырған да өзіміздің қарадомалақтар. «Қазақ – жалқау» деп айтпас бұрын алдымен сол ауылға барып, еңбек адамының бейнетін көр. Сол жүрген жермен шөңге басып жүріп көр. Қырық градус ыстықта күн астында қақталып, алқапты аралап көр.
Қазақ жалқау емес, еңбекқор. Кешегі Алтай мен Атырау арасында жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп, малының санынан жаңылған елдің бүгінгі ұрпағы қайда барасыз?!
Кейде сол қазақты жалқау деген тар ұғымның жетегінде кетіп, кемшін тұсты тізіп алатын адамдарға қарап тұрып, қарның ашады. Алдымен қазаққа мүмкіндік керек. Содан кейін ол әрекетінен берекет табады. Ал қазақты жалқау дегендер халықтың емес, ұлттың жауы тәрізді…
Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?!
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!