Сейсенбі, 29 сәуiр, 12:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31,2144
29.04.2025
PDF мұрағаты

Қазақтың қос батыры

29.04.2025

74 0

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған сәттен-ақ мыңдаған қазақ азаматы әскер қатарына шақырылды. Олардың арасында студент те, мұғалім де, шопан да, ақын да, жұмысшы да болды. Әсіресе, ауылдан шыққан бозбалалар бір күнде елден аттанып, майдан даласына кетті. Солардың көбі қайта оралған жоқ, қанқұйлы майданда соңғы демі таусылып, туған жерінің бір уыс топырағы да бұйырмай, жат жұртта мәңгілікке қалып қойған шейіттер қаншама?! Сондай-ақ бір үйден бірнеше ұл соғысқа кетіп, бірде-біреуі қайтпай қалған отбасылар да көп болды. Осындай жандардың қатарында Смағұловтар әулетінің қос қаһарманы, Ысқақ пен Жүніс те бар еді.

…Ысқақ майдан даласына аттанғанда оның артында жұбайы мен кішкентай екі қызы ғана қалған еді. Бүгінде мен – сол екі қыздың бірінен тараған әулеттің перзентімін. Анам «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» деп әкесінің ерлігін мақтан етті. Кішкентайымыздан нағашы атамыздың ел қорғаудағы ерлігі бізге рух сыйлады. Аталарымыздың батылдығы мен батырлығы біздің кеудемізде «Менің атам – батыр» деген мақтаныш сезімін қалыптастырды.

Өткен күн – тарих. Ата-баба ерлігін ұмытпай, санада жаңғырту – ұрпақ парызы. Ел қорғау ісінде қарша бораған оққа кеу­десін тосқан батыры көп батыл елдің перзенті Ысқақ Смағұлов 1911 жылы, інісі Жүніс 1921 жылы Қызылорда қаласындағы Смағұл мен Фатиманың отбасында дүниеге келген. Сұрапыл соғысқа дейін қамсыз, уайымсыз балалық шағын осы туған же­рінде өткізген.

Ысқақ №6 темір жол мектебінде оқып, өзінің еңбек жолын паровоз машинисінің көмекшісі болып бастайды. Кейіннен оқуын 1929 жылы Ашхабадтағы темір жол институтында жалғастырып, оны бітірген соң әскер қатарына шақырылған. Әскерден аға лейтенант шенімен елге оралған ол 1931 жылы партия мүшелігіне қабылданып, 1937 жылы партия мектебін бітіреді. Мұнан соң ол темір жол бөлімшесінде саяси бөлім­нің нұсқаушысы, партия кабинетінің меңгеру­шісі қызметін атқарады. Белсенділігі мен адал еңбекқорлығының арқасында 1938 жылдан ПЧ-7 бойынша орынбасары, бөлім­шенің сектор басшысы болады. Қоғам­дық жұмыстарға да белсене араласып, коммунистік партия ОБКОМ пленумының мүшелігінде кандидат, темір жол партия ұйымдастырушысы (парторг) болады. Саяси сауатты, белсенді, ісіне адал Ысқақ Қызылорда қаласындағы Әскери коми­теттен соғыс алаңына, қайнаған еңбек майданынан 1942 жылы  отбасын, екі қызы Күләш пен Күләнді және аяулы жары Ұлбосынды қалдырып, інісі Жүніс екеуі Отан алдындағы борышын өтеу үшін аттанып кете барды.

Аға лейтенант Ысқақ Смағұлов 93-атқыштар дивизиясының 266-атқыштар полкінің құрамында жауға қарсы күрескен. Соғыс жылдарында рота командирінің саяси бөлім бойынша орынбасары болып, майданда ерлікпен шайқасып, 1943 жылдың 12 ақпанында Смоленск қаласында қаза тапты. Ысқақ Смағұлов – өз борышын абыроймен атқарған, Отан үшін жанын қиған арда азамат. Оның өмір жолы, жауынгерлік ерлігі кейінгі ұрпаққа өнеге болмақ.

Ысқақтың інісі Жүніс Смағұлов та елге қорған болар ержүрек сарбаздардың бірі болды. Бар болғаны 20 жастағы, үйленіп, отбасын да құрмаған бір үйдің ерке баласы, бір күнде есейіп, ел алдында абыройын атқаруға аттанды да, ауыр бомбалаушы әскери ұшақтың ұшқышы ретінде соғысқа қатысып, 44-гвардиялық «Дон» бомбалаушы авиа-дивизиясының құрамында жау тылына соққы берген. Жүністің әскери шеберлігі, қайсарлығы мен ерлігі оны полк ішіндегі үздік ұшқыштардың қатарына шығарды. 1944 жылдың мамыр айында Жүніс Смағұлов №5/н совет одағы жоғарғы Кеңесінің жарлығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Бұл марапат оның әскери ерлігі мен батылдығының жарқын дәлелі болды. Сонымен қатар 1945 жылы Жүністің жауынгерлік ерлігі үшін бас қолбасшы Сталиннің бұйрығымен оған арнайы алғыс жарияланды.

Алайда тағдыр оған жеңіс күнін көруді жазбапты. Жеңіске небәрі 14 күн қалғанда, 1945 жылдың 22 сәуірінде Берлин түбінде, майдан шебінде Жүніс Смағұлов басқарған ұшақ жау оғынан отқа оранып, ерлікпен қаза тапты.

* * *

Майданға кеткен жауынгердің артында көз жасына шыланған хатты күтіп отырған аналары, жұбайлары мен қарындастары қалды, біздің де Фатима әжеміз күнде ауыл шетінен көз алмай, әрбір қараңғы түннен үміт іздеді. Ал сол сияқты қаншама ана баласының соңғы хатын жастанып, соның иісін сағынып өмірден өтті. Көзді жәудіреп, әкелік махаббатқа толық бөлене алмай қалған Күләш, Күлән аналарымыздай балалар қаншама.

Бауыржан Момышұлы өз естеліктерінде «Мен соғыстың отты жылдарында талай батырды көрдім. Бірақ оларды дүниеге әкелген аналардың алдында бәріміз бас иеміз. Ана – өмірдің өзі. Ананың төккен көз жасы – елдің көз жасы» деген екен.

Бұл – соғыс әкелген ең ауыр қайғының бірі. Ал қазір де аталарымыздың батырлығын, өшпес ерлігін дәлелдеп, артында қалған ұрпақтарына еске түсіріп жылататын да, тәуекел еткізіп жұбататын да «Боздақтар» атты үлкен қызыл кітап болды. Талай ананың жүрегін тілгілеп, талай жарды қан жылатқан, талай баланы ботадай боздатқан «БОЗДАҚТАР» еді ол…

Өлгендер қайтып келмейді, бірақ олар­дың рухы ұрпақпен бірге жасайды. Қыран құстың қос қанатындай биікке, еркіндікке ұмтылған қос батырдың ұрпақтары бүгінде батырлар рухына арнап, 9 мамыр Жеңіс күні ата-баба аруағына тағзым етіп, облысымыздың орталығынан берілген «Ағайынды Смағұловтар» көшесінде құран бағыштап, ағайындыларды еске алуды үрдіске айналдырған. Себебі олар аманат еткен бейбіт күннің бағасын біз сезінудеміз. Бүгінгі бейбіт аспан, еркін ел, тату қоғам – солардың арманы, әрі аманаты. Біз бұл аманатты бағалауымыз керек.

Асқар ӘНУАРҰЛЫ,

Абай атындағы

№138 орта мектебінің директоры

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: