Сейсенбі, 25 ақпан, 12:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15,2128
25.02.2025
PDF мұрағаты

Қази мен Кенжебай

25.02.2025

55 0

Қара сөзден қаймақ қалқитынның бірі Кенжебай еді. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің корректоры – Кенжебай Сиқымов.

Бірде басылымның бөлім меңгерушісі Қази Данабаевтың жұмыс бөлмесінде руханият тақырыбындағы бір мақаланы талқылап отыр едік, сол жерге ақын Ниятолла Раманқұлов келе қалды. Амандасып болып, орындыққа құйрық баса бергені сол, іле-шала ішке енген Кенжебай біздің сәлемімізді самарқау алды да, Қазиға дүрсе қоя берді:

– Адам деген уәдеде тұруы керек, қойманы босатам дегеніңнен бері үш күн өтті. Шымкенттен бір вагон цемент келе жатыр, соны түсіруім керек. Екі тәулік болды ана Семейден жіберілген бір вагон шифрді әзер жайғастырдым, –деді ентігін баспаған күйі.

– Кенжеке, тағы үш күн мұрсат берсеңізші, –дейді Қази адуынды «коммерсанттың» ығына жығылып. Мына ұзын арқау, кең тұсау сөз Кенжекеңнің қитығына тиіп кетті-ау, деймін дауысын бұрынғыдан да зорайта түсіп:

– Мен манадан бері не айтып тұрмын, өзімнің тауарларымды сыйғыза алмай жатқан жоқпын ба, қойманы тездетіп босат! – деді де: –Қостанайдан екі КамАЗ тақтай келе жатыр, оны да кідіртпей түсіріп, қаржысын аударуым керек, – деп тағы бір проблеманың құлағын қылтитты. Осы кезде әңгімеге Ниятолла араласты.

– Тақтай қанша тұрады екен?

– Қарағым, ол жақтағы баға мен бұ жақтағы бағада айырма бар. Келген соң барлық шығындарды есептеп, бағасын сосын шығарамыз, –деп Кенжекең тойтарыс беріп тастады. Сөйтті де:

– Бүгін ашуым қатты келіп тұр. Кеше әкелген жап-жаңа джипті есік алдына қойсам, балам гаражға кіргіземін деп бір бүйірін оңдырмай соғып алыпты! – деді бөлменің ортасында талтайып тұрған күйі. «Ойпырмай, мынаның фантазиясын-ай!» деп мен отырмын. Тақымында автокөлік түгілі велесипеді жоқ Кенжекең қалай-қалай көсіледі. Тоқсаныншы жылдардың аяқ кезі ғой, барлық жерде тапшылық, тиісті азғантай айлық жалақымыз қолға зорға тиеді. Кейде ақша орнына күріш, не басқа заттар берсе де шүкіршілік етеміз. Ал корректор-кәсіпкеріңіз ісіп-кеуіп болар емес. «Бұ не деген ағыл-тегіл молшылық?!» деп ойлаған қонағымыз аң-таң.

– Кенжеке, сабыр етіңіз, – деп Қази басу айтпақшы болып еді, Кенжекең қолын бір сілтеп бөлмеден шығып кетті. Ниятолла оның ақ жем топлиі мен жеңі қырқыла бастаған көнелеу кәстөміне күмәндана қарап қалыпты. Қазекең әлгі рөлінен шықпаған күйі:

– Не деген сараң адам, –деп қойды. –Қап-қап ақшасы болса да, үстіне бір дұрыс киім кимей осылай жүре береді, – деп күбірлеп қағаздарын аударыстырып кетті. Мына әңгіменің сорабы ақынды мүлдем адасырған секілді. Қай жерге кіріп кеттім деді ме, қоштаспастан жөніне кетті.

Қази мен Кенжебайдың әлігіндей ойындарына талай куә болып жүрген менің өзім де бір рет арандап қала жаздағаным бар. Баяғы бөлме, газеттің қарбалас жұмысынан қол босаған бір сәтте Кенжекең Қази екеумізге «тапсырма» бере бастады. Іште басқалар да бар, мұндайда корректордың қиялы өрлеп, өркештеніп кетеді. Әңгіме ауанынан байқап отырғаным, екеуі жүз бас баспақ алып, малдарын Қаратаудың баурайында біреуге «баққызып» қойыпты. Айтуынша, бақташы менің танысым секілді. Сондағы жағдайдан хабардар болып, апта сайын барып-келіп тұруым керек екен. «Уазик әперіп қоямын» дейді жарылқаушымыз. Ал Қази 20-30 тонна жем тауып, сонда жеткізуі керек. «Кәсіпкер басшымыздың» қарқыны тіптен қатты, бәрін өлшеп-пішіп жалтаруға тіптен мүмкіндік берер емес. Бұл әңгіме бас редактор Жақаңның да құлағына тиіпті. «Үшеуің жақсы шаруаны қолға алған екенсіңдер. Мал ұстаған жақсы – атакәсіп!» деп алып: «Айлық тиген соң, мен де қораларыңа екі баспақ қосып қояйын, өзің бас-көз болып жүрерсің» деген бұйымтай айтады. Со жолы әріптестерімнің құпиясын ашуға бата алмай, үнсіз кеткенмін. Содан жексенбі болса уайым: «Екі баспақты әкеле қалса, қайда сыйдырамын?» деп ойлаймын ғой. Абырой болғанда, Жақаң да әлгі шаруақорлығын ұмытып кетті ғой деймін, қайта мазаламады.

Ал Қази мен Кенжебайдың «сиырлары» өсіп-өніп, тау бөктерінде әлі жүрген шығар…

Нұрмахан ЕЛТАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: