Өнер – жүрек үні. Ол үнімен жанды тербетіп, рухты оята алады. Осындай жүректен шыққан үнмен өнер әлеміне аяқ басқан Динара Абуова – жас қобызшы, дарынды орындаушы, шығармашылығы мен табандылығын үйлестіре білген жас талант.
Динара 2021 жылы Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледждің халық аспаптар бөліміне, қылқобыз мамандығына оқуға түседі. Нота сауаттылығын алғаш рет ұстазы Айдана Рүстембек пен Шолпан Еспенбетова бағыт-бағдарымен меңгерді. Белсенділігімен көзге түскен жас талант 3-курстан бастап студенттік кеңестің белді мүшесі болып, қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Динара «Ел қорғаны – Келмембет» атты облыстық қобызшылар байқауында ІІІ орын, «ЖАС STAR» республикалық байқауында ІІІ орын, «Қобыз сарыны – Шиелі төрінде» атты облыстық байқауда бас жүлде, республикалық «Фольклор ансамблі» конкурсында «Самғау» ансамблімен бірге ІІІ орын алды.
–Динараның «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсына қатысып, республика бойынша үздік 100 студент қатарына енгені үлкен жетістік. Жобаның тиімділігі – ел арасында ұмыт бола бастаған аспаптарды қайта тірілтіп, кәсіби деңгейге жеткізу. Бұл – фольклорды жаңғыртудың нақты қадамы. Мамандығы арқылы жастарды ұлттық өнерге баулу, қобыз сынды көне аспап арқылы рухани құндылықты жаңғырту, ұлттық мәдениетке деген құрметті арттыруды мақсат тұтқан жоба идеясы – қобыз арқылы ұлттық өнерді насихаттау. Музыкалық сауаттылық пен рухани тәрбиені қатар дамыту, музыканың емдік қасиетін күнделікті өмірге енгізу. Өйткені қобыз – тек музыкалық аспап емес, ұлттық код, тарихи жады, рухани ем. Ол өз жобасында «Қобыз терапиясы» ұғымын енгізе отырып, қобыздың емдік қасиетін пайдалануды, медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарында музыкамен емдеудің жаңа бағытын қолдануды ұсынды. Бұл елімізде сирек кездесетін тың бастама. Қобыздың табиғи үнінің психикаға оң әсері ғылыммен дәлелденген, осы бағытта қазақтың төл мұрасын қолдану ерекше мәдени және медициналық синтез болар еді. Бұл ұлттық өнерді жаңғыртумен қатар, қоғамның рухани және психологиялық саулығына бағытталған. Қобызды тек мұра ретінде емес, қазіргі қоғамға қажет рухани құрал ретінде таныту – жобаның бірегейлігі. Жас жеңімпаз Динараның қобыз сарыны арқылы ұлтымыздың рухани мұрасын жаңғырту жолында жасап жатқан қадамы – нағыз елжандылықтың үлгісі, – дейді Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің «Халық аспаптар» бөлімінің оқытушысы, топ жетекшісі Шолпан Еспенбетова.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!