Қазақстан Республикасы Конституциясының 1 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Конституцияның 14-бабына сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
Күнделікті өмірде біз еріксіз түйіні шешілуі қиын көптеген мәселеге кезігіп жатамыз. Жеке, мемлекеттік, қоғамдық, шығармашылық жұмыстармен айналысу барысында мемлекет пен құқықтық қарым-қатынасқа түсетінімізді өзіміз байқамаймыз. Әрбір адам өз өмірінде қандай да бір өз құқының немесе басқа біреудің құқығының бұзылуын бастан кешіреді. Мысалы, таңертең күнделікті жұмысқа барып, еңбек шартында қаралған конституциялық еңбек құқығыңды жүзеге асырасың. Белгiленген нормаларға сәйкес Конституцияда қаралған тұрғын үймен қамтамасыз етілуге, пайдалануға конституциялық құқығыңды жүзеге асырасың. Үйде газ, су, электр жарығы, қоқыс шығару коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу, кейде есептегіш көрсеткіш дұрыс көрсетпей ақысы азайып, кейде көбейіп түсінбеушілік орын алуы мүмкін. Балабақшадағы немесе мектеп, оқу орнында оқып жатқан балаңа, олардың тамақтануына, оқуына, тәртібіне, төленетін ақыларына, шәкіртақыларына байланысты әртүрлі келеңсіз жағдайларды бастан кешуіңіз мүмкін. Өзіңіздің, жұбайыңыздың, балаларыңыздың жұмыс орнында еңбек дауына байланысты құқықтарыңыз шектелуі мүмкін немесе автокөлік басқару кезінде жол жүру ережесін бұзғаныңыз, көшеге қоқыс тастағаныңыз үшін әкімшілік құқық бұзушылық жағдайына кезігуі мүмкін. Яғни әрбір адам кез келген жерде көшеде, жұмыста, қоғамдық орындарда құқық бұзушылықпен тікелей байланысқа түсуі мүмкін. Мұндай жағдайларда заң талаптарын білмесең қиын. Қазір жаңа заңдар көптеп қабылданып жатыр, заңдар мен кодекстерге өзгерістер енгізіліп жатыр.
Қазіргі таңда жастар қоғамды дамытудың барлық саласында белсенділік танытуда. Соған қарамастан жастар арасында қылмыстың өсе түсуі, жағымсыз мінез-құлықтар мен әдеттердің көрініс алуы жылдан жылға артып келеді. Өкінішке қарай, еліміздің болашағы жастар тек өздерінің ғана емес, өзгелердің өмірлеріне де атүсті қарайтындығын көрсетуде. Тек соңғы бес жылда Қызылорда облысы бойынша жасөспірімдермен 307 қылмыс орын алған, оның 26-ы жеңіл дәрежедегі, 99-ы орта дәрежедегі, 164-і ауыр, 8-і аса ауыр қылмыстар.
Құқықтық тәрбие негізі отбасынан басталады. Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыс санының, оның ауыр, аса ауыр түрлерінің күрт өсуіне отбасы мен мектептерде жүргізілетін тәрбие жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуінен. Өкінішке қарай, маскүнем мен есірткі пайдаланатын, ата-ана құқығынан айырылған, басқа да тұрмысы төмен, қолайсыз отбасыларда тәрбиеленген балалардың құқықтық тәрбие алуға мүмкіндігі болмауына байланысты олардың көбінесе қылмыс жасайтыны белгілі. Оқушылар мектеп қабырғасында құқықтық мәдениеттің маңызды екенін білу керек.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін мектептерде, оқу орындарында құқық сабақтарын оқытуды кеңінен қолға алу, сапасын жақсарту, оқу сағаттарын көбейту маңызды. Үлгірімі жақсы жастарды құқықтық насихат жұмыстарына көбірек тарту керек. Осы шараларды арттыру үшін барлық мемлекет органдарын қамтып, құқықтық реформаларды кеңінен жүргізу керек. Балалар өз құқықтары мен міндеттерін ерте жастан түсінсе, құқықтық мәдениет қалыптасады. Жастардың, балалардың құқықтық сауатты болуы, әрине, әуелі үйде ата-аналарына, одан кейін мектептегі, оқу орындарындағы мұғалім, оқытушыларға байланысты. Соңғы кездері ата-аналар бала тәрбиесі жауапкершілігін мектептегі педагогтарға, ал педагогтар керісінше ата-аналарға ысырып салуда. Менің ойымша, бұл жерде екі жақтың балалар алдындағы жауапкершілігі бірдей қаралу керек. Өмірлік тәжірибесі бар құқықтық сауатты ата-аналар құқықтық тақырыптағы бар білгенін балаларға күнделікті айтып отыру керек, ол тақырып мектептерде жалғасу керек. Қазір орта мектептерде 9-11 сыныптарға аптасына бір сағат құқық сабағы өткізіледі. Біз құқықтық мемлекетте тұрып жатырмыз, сондықтан бұл сабақтар балаларға 5-6 сыныптан басталып оқытылу керек және аптасына 3-4 сағатқа дейін көбейту керек. Мектеп оқушысы ненің жақсы, ненің жаман екенін үйінде, мектеп қабырғасында білуі тиіс. Балалардың қай жастан бастап құқық бұзушылыққа бейім екені заңгер, педагог мамандармен терең зерттелу қажет. Балалардың өскенде қандай мамандық таңдайтыны, елімізге адал қызмет істеп, сіңіретін еңбегі немесе қылмыстық жолды таңдауы мектептен белгілі болады. Сондықтан педагогтер мен мектеп инспекторларының жас ұрпақты тәрбиелеуі мектеп қабырғасынан басталу керек. Қазір орта мектептерде «Құқығыңды сақтап үйрен, бірақ басқалардың құқығы бар екенін ұмытпа», «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Заң біткен жерде зұлымдық басталады». «Ақылды болу айналаңдағы адамдарды сыйлай білу деген сөз» деген тақырыптарда семинар, дөңгелек үстел өткізілуде. Бұл іс-шаралардың сапасын арттырып, тек мектеп мұғалімдерінің қатысуымен шектелмей, кең көлемде заңгерлердің, әділет, құқық қорғау қызметкерлерінің қатысуын қамтамасыз ету керек. Заңды білген адам өзгелерге құрметпен қарайды. Заңды білмегендіктен заңсыз іс істеп, зардап шегіп немесе кінәсі болмаса да өзін қорғай алмай жүргендерді көптеп кездестіреміз.
Сонымен қатар мемлекеттік басқару істеріне араласуы үшін әрбір азамат құқықты сауатты болу керек. Қазір кез келген заңды, құқықтық актіні ғаламтор арқылы тауып, танысуға болады. Заңдарды, өз құқықтарын білген азамат әділ, тұрақты қоғам құруға ықпал ете алады. Ол үшін әрбір азамат заңда көрсетілген өзгенің құқықтары мен бостандықтарын сақтау керек және өзгеден өзінің құқықтары мен бостандығын сақталуын талап ету керек. Азаматтардың заңды түсінуі, сақтауы, құқықтық сауаттылығы мемлекетте құқық бұзушылық пен қылмыстардың азаюына алып келеді. Адамдардың құқықтық сауаттылығы олардың құқықтарын, қызметін теріс пайдаланудың, әділетсіздікке барудың алдын алады. Әрбір құқықтық сауатты адам мемлекеттік басқаруға, экономикалық, құқықтық реформаларды жүзеге асыруға, халықаралық қатынастарға, биліктің ашықтығын, әділдігін, есеп беруін қамтамасыз етуге қатысуға құқылы. Құқықтық сауаттылық әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады және әртүрлі деңгейдегі қақтығыс, тартыстардың алдын алады, олардың бейбіт жолдармен шешілуін жеделдетеді.
ҚР Президент іс басқармасы жанындағы парламентаризм институтының жеке заңнама орталығының жетекшісі Меруерт Қабылбаеваның пікірінше, халқы құқықтық сауатты болса онда ол күшті, берік, мызғымас мемлекет пен қоғам құруға себеп болады. Құқығы төмен деңгейдегі халық мемлекетке зиян тигізеді. Білімсіздік, надандық сыбайлас жемқорлыққа апарады, азаматтардың өз құқықтарын білмеуі, заңсыздыққа қарсы тосқауыл қою жолдарын білмеуі лауазымды тұлғаның өз қызметін теріс пайдалануына әкеліп соғады. Әрбір азамат заңгер болмаса да заңның негізін, өзінің құқықтары мен міндеттерін білуі тиіс. Бұл олардың күнделікті өмірлерінде аса қажет.
М.Қабылбаеваның пікірінше, әрбір адам Конситуцияны, ондағы азаматтың құқықтары мен бостандығын, мемлекеттік биліктің құрылымын құқықтық мемлекеттің қағидаттарын, екіншіден, өзінің жеке және мүліктік, отбасылық, мұрагерлік, шарттық құқықтық қатынастарды қосқанда азаматтық құқықты, үшіншіден, еңбек саласындағы құқықтары мен міндеттерін реттейтін еңбек заңнамасын, ұжымдық келісім-шартпен қаралған еңбек жағдайларын, демалысын, жұмыстан шығу, т.б. негіздерді, төртінші, қылмыстық, әкімшілік заңнаманы білуі керек. Бұл азаматтың жасаған іс-әрекетінің қандай жағдайда қылмысқа жататынын және оған заңмен қандай жаза қаралатынын білуі тиіс. Азаматтарға мемлекеттік орган мен арадағы қарым-қатынасы, билік өкілінің іс-әрекетіне шағым жасау құқығы, қандай жағдайларда, қандай мөлшерде айыппұл төленуге жататыны, салық, қызметпен айналысатын құқық беретін рұқсатнама мәселесін, бесінші, тұтыну құқығы туралы заңды, қандай да бір тауар, зат сатып алғанда, қызмет көрсетілгенде сатушымен, өнім өндірушімен арадағы болған келіспеушілік кезінде құқын білуді, алтыншы, күнделікті тұрмыста кездесетін әртүрлі ержелерді, мысалы, жол жүру ережелерін білуі маңызды.
Құқықтық сауатсыздық адамдардың қылмыс істеуіне, бас бостандығынан айырылуына әкеліп соғады. Мысалы, әкесі, жолдасы сотталса отбасы асыраушысынан, отбасы тірегінен айрылады. ҚР ІІМ ҚАЖ төрағасының орынбасары Ж.Баймағанбетовтың Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында елімізде әрбір жазасын өтеушінің тамағына күніне 7500 теңге бюджеттен қаржы бөлінетіні, ал елімізде түзеу мекемесіндегі 30 мың адамға күніне 225 миллион теңге жұмсалатыны айтылған. Еліміздің тергеу абақтыларында 7 мың адам сот үкімдерін күтуде. Одан басқа оларды күзететін қызметкерлер мен автокөлік, әртүрлі техникалық қондырғыларға миллиондаған қаржы жұмсалады. Егерде елімізде жазасын өтеушілер саны азайса ол миллиондаған қаржыны балабақша, мектеп, аурухана салуға жұмсауға мүмкіндік туар еді.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 12-бабына сәйкес республиканың азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мiндеттер атқарады, ал 34-бапқа сәйкес әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
Әрбір адам өзінің жасаған құқық бұзушылығына заң шеңберінде жауап беруі тиіс. Заңда әрбір жасалған құқық бұзушылық үшін тағайындалған жазаның жеңілі жоқ деген ұғым бар. Сот үкімінің артында адам тағдыры тұр. Қылмыс жасаған әрбір азамат қылмыскер, одан кейін сотталушы, одан кейін жазасын өтеуші атанады. «Жауыңның жауына түрмені бермесін» дейтін марқұм анам. Ол жерде адамның денсаулығы зардап шегеді, үйіңдегідей қалаған, ұнаған тамағыңды, сусыныңды іше алмайсың, таңдаған киіміңді кие алмайсың, өздігінше жүріп-тұру, үйіңнен шығып, баратын жеріне бару құқықтарыңнаң шектеліп, бостандығыңнаң айырыласың, керек десең ол жердегілер таза ауамен демалуға да зәру болып, тек белгіленген уақытта төбесі ашық арнайы бөлмеге шығарылады, тәртіпті бұзса тіпті тілдесетін адамы жоқ бөлмеге де тоғытылады. Әрбір жаза жазаланған адам үшін қорлану, кемсіту, намысының, арының тапталуы. Адамгершілік тұрғысынан қарағанда адам баласына қолданылған қандайда бір жаза ауыр болып есептеледі. Темір торға тоғытылған адам өзіне Конституциямен берілген көптеген игіліктен, мүмкіндіктен айырылады.
Ең бастысы, ол жақтан қандай адам болып оралады? Қайтадан қылмыс жолына түсе ме? Балаларын асырап, оларды тәрбиелеуге ден қоя ма? Әрбір сот үкімінің артында тек сотталушының ғана емес, оның бала-шағасының тағдыры тұр. Адами тұрғыдан қарағанда тіреушісі, асыраушысынан уақытша айырылған отбасына ауыртпалық түседі, материалдық, рухани зиян келтіреді.
Ұлы нeмic ақыны, жазушы, философ, дана ойшылы, табиғаттанушы және мемлекет қайраткері Гётеның «Заңдарды оқуға ден қойған адамда заңды бұзуға уақыты болмайды», ал ежелгі грек философы Гераклиттың «Заң үшін халық қала қабырғасын қорғағандай қорғау керек» деген қанатты сөздері бар.
«Адамды ат ұрлағаны үшін емес, алдағы уақытта басқалардың ат ұрламауы үшін дарға асады» деген ХVІІ ғасырда өмір сүрген ағылшын мемлекет қайраткері М.Галификс. «Жазаланған қылмыскер сұм, жексұрындарға үлгі болады» деген ХVІІ ғасырда өмір сүрген француз жазушысы Ж.Лабрюйер. Әрбір азамат өзінің әлеуметтік, материалдық жағдайына, ұлтына, дініне және басқа да белгілеріне қарамастан заң алдында бәрі бірдей болуы, әрбір құқық бұзушының жасаған құқық бұзушылығы үшін жазаның қолданылмай қалмайтындығы, құтыла алмайтындығы, бұлтарпастығы – барлық мемлекеттерде қолданылатын жалпыға бірдей қылмыстық заңнаманың қағидаты. Жаза – мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы.
Қазақстан азаматтары мен батыс елдері азаматтарының құқықтық мәдениетті түсінуі әртүрлі деңгейде. Мысалы, Германия Федеративтік Республикасында қандай да бір құқық бұзушылықтың жасалғанына куә болған азамат бұл туралы полицияға, басқа органға хабарлауға міндетті және олар құқық бұзушылықтың алдын алуда, анықтауда белсенділік танытады. Сол ГФР-ның Үкіметін 16 жыл басқарған белгілі саяси тұлға Гельмут Коль бірде автокөлігін тыйым салынған жерге асығыс қойып кетеді. Қайтып келсе көліктің терезесіне жол ережесін бұзғаны үшін толтырылған полицей хаттамасы жапсырылып тұрғанын байқап, полиция учаскесіне барады. Автоматтандырылған база оның әкімшілік ісін қарап, оның 18 жылда бір рет те құқық бұзбағандығын ескеріп, айыппұлдан босатылып, оған «ескерту» жасалады. Міне, нағыз құқықтық мемлекетте жазаның қолданылмай қалмайтындығы, ешкімнің жазадан құтылмайтындығы, заң алдында бәрі бірдей, тең болуы туралы заң қағидасы қатаң сақталған. Полицей де федеральдық канцлерге тиесілі көлік екенін және оның көлік басқарғандығын білді, мемлекеттегі екінші адам да өзінің жұрттан артық емес, заң алдында қарапайым салық төлеуші екенін біліп, заңға мойынсұнды.
Ал бізде қалай? Бізде ол санаттағы, жалпы полицияға жақын, сенімді, штаттан тыс адамдар басқа азаматтар алдында жеккөрінішті көрінеді және «тоқылдақ» тәрізді атаумен аталады. Азаматтың бұл әрекеттері біздегідей «домалақ», «иесіз» арыз жазу арқылы емес, ашық, жариялы түрде, бейне, дыбыс дәлелдер жинақтап, табыстау арқылы ешқандай ақы алмай, тегін жүргізіледі. Бізде айналаңда болып жатқан құқық бұзушылыққа азаматтар селқос қарайды. Олар «көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз» деп полицияның қайта-қайта шақыруынан қашқақтайтындығы белгілі. Қылмыстық процеске қатысушыларға сырттан ықпал жасау мәселелері бар. Бұл мәселеде заңнамаға өзгерістер енгізу қажет сияқты.
Қазақстан Республикасы тәуелсіз, құқықтық мемлекет бола тұра, өзінің негізгі заңында құқықтық мемлекеттің негізгі ұстанымы заң және заңның алдындағы барлық азаматтардың теңдігі деп белгіледі. Құқықтық мемлекет көптеген құқықтық реформаларды жүзеге асыруды және жоғары денгейдегі сана сезімі мен құқықтық мәдениетті халқы бар толыққанды азаматтық қоғам қалыптастыруды көздейді. Халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, құқықтық санасын дамыту – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері. Халқымыздың құқықтық сауаты артып, тәртіп бұрынғыдан да нығая түседі. Ал тәртіп – елдіктің ең басты қағидасы.Мемлекетіміздің алдында құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін, гуманизм мен әділеттілік қағидаттары арқылы әрекет ететін құқықтық, азаматтық қоғам құру міндеті тұр.
Қоғамдық-құқықтық сананы дамыту мақсатында бірнеше маңызды қадамдарды жүзеге асыру қажет. Алдымен, білім беру жүйесін қолға алу керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында құқықтық білім беру бағдарламаларын енгізілуі тиіс. Оқушыларға және студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыратын пәндер мен курстар өткізу арқылы олардың заңдарды түсінуі мен құрметтеуін қамтамасыз ете аламыз. Құқықтық білім мен тәрбиені орта жалпы білім беру мекемелерінде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында жалғастыру керек, бұл жерде қазақстандық құқық негіздері мен құқық салаларын оқыту курстарын енгізу маңызды. Қоғамдық ақпараттандыру шаралары жиі өткізілуі қажет. Құқықтық ақпаратты көпшілікке қолжетімді ету – қоғамды сауаттылыққа үйрететін алғашқы қадамдардың бірі. Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша ақпарат беру, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған бағдарламалар мен жобалар ұйымдастыру да өз жемісін берері анық. Құқық қорғау органдарының жұмысын көрсету және құқық қорғау органдарының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету халықты ақпаратпен қамтамасыз етеді. Азаматтарға құқық қорғау органдарына сенім білдіру үшін олардың жұмысының айқындылығын арттыру және құқық бұзушылықтарға қарсы күрес шараларын күшейту арқылы құқықтық сананы арттыра аламыз.
Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,
Қазақстан Журналистер, Заңгерлер Одағының мүшесі,
ақпарат саласының үздігі, ОПД бөлім басшысы, полиция полковнигі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!