Этникалық бірегейлену жеке тұлғаның қалыптасуындағы негізгі құрамдастардың бірі болып саналады. Жеке тұлғаның белгілі бір топқа мүшелігі дербес көзқарастардан алдын ала анықталып, айрықша топтық сипат иеленеді. Қазіргі әлем этникалық топтар әлемі. Түсінікті саяси, мәдени, тарихи, әлеуметтік және басқа да белгілері бойынша мүлдем басқа адамдар топтарының «конгломераты» ретінде белгілеуге болады. Этникалық айырмашылықтардың осы түрі тәжірибеде бір мемлекеттің құрамындағы бірнеше этностардың үйлесімді және дағдарыссыз өмірінен көрінетінін атап өткен жөн. Дегенмен кез келген этникалық бірегейлену қоғамға қауіпті жасырын қайшылықтар мен қақтығыстар әкелуі мүмкін. Бұл этникалық бірегейлену мәселесінің өзекті екендігін білдіреді. Бұл мәселелерді түсіну қазіргі заманғы мемлекеттер мен заманауи әлемнің қарқынды дамуы үшін маңызды.
Этникалық қатыстылық пен этникалық бірегейлену туралы әлеуметтік ғылым теорияларының кеңінен таралуы елеулі концептуалды және эмпирикалық жұмыстар тудырды. Этникалық бірегейлену мен оның негіздерін түсінудің ең танымал теориялық тәсілдері мен шеңберлерін әлеуметтік бірегейлік теориялары, модернизация теориялары және примордиализм құрайды. Бұл теориялар мен түсіндірмелер этникалық бірегейленуді ұғынуға пайдалы теориялық бағдар берді.
Басқа теориялардан ерекшеленетін әлеуметтік бірегейлік теориясы дербес этникалық бірегейлену бастапқы сипатты қабылдайтындығын ескертеді. Бұл теорияда этникалық шекаралардың қорғаныстық қалыптасуы кең таралған. Азаматтар өз топтарының мүддесіне бейтараптықпен қараса да, басқа топтарға қарағанда тартымды екенін түсіндіреді. Демек, әлеуметтік бірегейлік теориясы ішкі қабылдау және басқа топтармен өзара әрекеттесу арқылы өздерінің әлеуметтік бірегейленуін құрады идеясына негізделеді. Модернизация теориясы қоғамдағы күрделі қала өмірі, әлеуметтік байланыстардың артуы, этносаралық неке, электронды БАҚ және көлік пен байланыстың заманауи түрлері этникалық бірегейлену маңыздылығын төмендететінін айтады. Теориядағы түсініктерге сәйкес, бірегейлік құлдырайды және қоғамдағы түйінділігі азаяды. Зерттеушілердің пікірінше, модернизация процестері этникалық бірегейлену ықпалын әлсіретіп, жаңа үстем бірлескен бірегейлікке басымдық береді. Примордиализм жеке этникалық бірегейленудің қайнар көздері мен мазмұнын биологиялық тұрғыда негізделген және мәні бойынша өзгермейтін факторлар нәтижесі ретінде бейнелейді. Осы көзқарасқа сәйкес, дербес этникалық бірегейлік өткен тәжірибелерге сүйенеді және өмір сүрудің биологиялық негізделген мұқтаждық талаптарына тіреледі.
Жоғарыдағы тұжырымдар этникалық бірегейленуге қатысты қолданылатын көптеген көзқарастар бар екенін меңзейді. Азаматтар өздерін қандай да бір этникалық санаттарға сәйкес жіктеу қажет болғанда, зерттеушілер арасында түсіндіруге болатын тұжырымдарда келіспеушіліктер туындайды. Түсінікті жәйт, этностың қауымдық тұжырымдамасы бөлшектенген қауымның көзқарасынан басталады. Этностың түпнұсқа тұжырымдамалары осы ұжымдық бірегейліктің оқшаулану себебін түсіндіруге тырысады. Ахуалдық тәсіл мұндай ұжымдық бірегейліктің шектеулі әсер ету күшін нақтылайды, ал жеке дағдылар бірегейлену ахуалын бекітеді. Ұжымдық бірегейліктің ортақ «қан» тұжырымдамасы отбасының шығу тегі, туыстық идеялардан бастау алады. Теорияның ақырғы нұсқасы ұлттар санасының біртұтастығы бірегейлігіне сәйкес келеді. Осылайша, кез келген этникалық бірігейлену тұжырымдамасының мазмұны әлі де талас тудырып отырғанын мойындаймыз.
Көптеген елдердегі мемлекеттің негізгі әлеуметтік-саяси және экономикалық мәселелері этникалық бірегейленуге әсер етеді. Коммунизм беделі бар кезде жұмысшы қоғамы идеясын белсенді түрде жақтаса, капиталистік қоғамда таптық айырмашылықтар мен қарама-қайшылықтар белгіленді. Бүгінгі таңда ғылымда таптық және гендерлік айырмашылықтар этномәдени мәселелер, ал ұлтшылдық қақтығыстар экономикалық құрылымдардан туындайды пікірі жиі кездеседі. Дегенмен, таптық және гендерлік қақтығыстар бұл мәселелердің бір бөлігі ғана пікірін ұстанамыз. Түрлі экономикалық құрылымдар этникалық араздық пен сенімсіздікті шеше алмайды. Өйткені кез келген мемлекеттің экономикалық мәселелерін елді құрайтын этникалық топтар бірдей қабылдай бермейді. Сол сияқты, кез келген саяси шиеленіс ұжымдық санада қалыптасады және индивидуалдылық негізін сақтамайды. Саяси және экономикалық бөліну осы этникалық жіктелудің мәнінен туындайды.
Жаһандану көпөлшемді және ғаламдық процесс екенін бұрыннан дәлелдеді. Сонда да ішкі саяси, экономикалық, әлеуметтік құрылымдар мен процестер этникалық бірегейленудің жандану, этномәдени және ұлтшылдық идеологиялар мен тәжірибелердің күшею ықпалын дәлелдеп жатқан ғалымдар кездеседі. Бұл тұста этникалық бірегейлену түсінігін арттырған либералдандыру, демократияландыру және көпұлтты даму секілді ұлттық және халықаралық саясат жаһанданудың құрылымдық күштері секілді қомақты үлес қосады. Жаһанданудың дәстүрлі формалары салдарынан бөлек, жаһанданудың жаңа күштері этникалық бірегейлену процесінің құрылымдық және институционалдық өзгерістер қарқындылығын арттырады.
Әлеуметтік өзін-өзі қабылдау ерекшеліктеріне қоғам мен ұлт, олардың салт-дәстүрі әсер ететіні сөзсіз. Оқу-тәрбие процесі этникалық және ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырып жатқанын байқай бермейміз. Демек, қазіргі қоғамдағы тұлға дамуының мәнді факторларына білім беру процесі жататыны анық. Білім берудің негізгі міндеттерін тұлғаның шығармашылық қабілеттерін тану және рухани білімді азаматты тәрбиелеу арқылы жүзеге асыру әлеуметтік факторларға байланысты. Түрлі этникалық қауымдастық өкілдерінің білім беру процесіне қатысуында идеологиялық әлеуметтендірудің қажеттілігі мол. Бұл ретте білім беру қазіргі заманғы ұлттық-саяси даму контекстінде түрлі этникалық топтардың өзіндік ерекшеліктерін ескереді. Осы қадам этникалық бірегейленудің өзіндік сананы қалыптастырудағы ерекше фактор екенін де айқындайды. Оның үстіне психологиялық феноменология этникалық бірегейлену мен өзін-өзі қабылдау қатынастарының жаңа аспектілерінде шоғырлану мүмкіндіктеріне назар аударады. Сондықтан білім беру процесінде тарихи-саяси оқиғалар мен қоғамдық даму жетістіктерін насихаттау басты орын алады.
Этникалық санамен дербес жұмыс істеудің гетерогенді түрлері мен құралдары білім беру тәжірибесінде кездеседі. Ұстаздардың шығармашылық әлеуетін оқушылар мен студенттердің интерактивті өзара әрекеттесу жүйесін құру, мәдени мұрамен жағымды сәйкестендіру үшін қолдануға болады. Тарихи дамуымыздың қазіргі кезеңінде ұлтаралық қарым-қатынас, аралас неке мәселесі, ұлттық-этникалық бірегейлікті анықтау барысында өскелең ұрпақ тәрбиесімен айналысатын орта мектеп пен жоғары мектеп, ғалымдар алдынан шығып отыр. Бұл тұста мәселеге қатысты негізгі ұғымдарды анықтау ең алдымен қоғамдық өмірдегі маңыздылығынан туындайды. Сондықтан ұлттық-этникалық мәселелерді шешудің ақылды тәсілдері туралы көбірек ойлануымыз қажет.
Этникалық бірегейленуге саяси ғылымдарда көп назар аударылатынына қарамастан, әлеуметтану, демография, мәдениеттану және экономика салаларындағы зерттеулерді біріктіретін пәнаралық тәсілден ғылымдағы көптеген ашық сұрақтарға жауаптар алуға болады. Осы жауаптар ерекше назар аударатын кейбір негізгі мәселелер мен болашақ бағыттарды анықтайды. Мәселен, этникалық бірегейлену мәселелерінде аз көңіл бөлінетін өмірлік цикл тәсілі азаматтар тәжірибесі уақыт өте келе этникалық бірегейлікті қалай өзгертетінін айшықтай алады. Ғылымдағы тереңдетілген сұхбат қазіргі ұлттық шарттарда азаматтардың бірегейленуіне әсерін дәйектеп, тұлғалық бірегейлік вариацияларын айқындайды. Сонымен бірге, ретроспективті тәсілді қолдану арқылы өзгерістер ықпалын зерттеуімізге болады.
Жоғарыда аталған мәселелерге сәйкес, қазіргі қоғамдағы этникалық бірегейленудің негізгі мәселелері ұлттың саяси және әлеуметтік қауымдастық ретінде бірігуі процестері арасындағы түсініктермен байланысты. Қоғамда өмір сүретін түрлі топтардың бірігу процестерінің күшеюі қоғамның жіктелу деңгейінің жоғарылауын көрсетеді. Бұл мәселелердің өмірдің түрлі аспектілерінде дамуы этникалық бірегейліктің қазіргі жеке тұлғаның және тұтастай алғанда қоғамның сүбелі элементі екендігін бекітуге мүмкіндік береді. Жеке адамдардың этникалық бірегейленуі қалыптасқан саяси және этникалық мұраны көрсетуіне байланысты бірегейлік қазіргі өмірде құнды құбылыс екенін танытып отыр.
Мұрат Насимов, саяси ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті
философия және әлеуметтік-гуманитарлық
пәндер секциясының қауымдастырылған профессоры
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!