Сейсенбі, 24 ақпан, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15 (2227)
24.02.2026
PDF мұрағаты

Қоғамдық кеңес – ашық пікір алаңы

24.02.2026

42 0

Осыдан он жыл бұрын Қазақстанда қоғамдық кеңес құрылған еді. Жай ғана кеңесші орган емес, халықтың ойын жеткізер мінберге айналған бұл кеңес уақыт өте маңызы айқындала түсті. Себебі қазіргі қоғам ашықтық пен жариялылықты талап ететіндіктен шешім қабылдау процесінде азаматтардың қатысуы маңызды. Жауапкершілік пен сенімге негізделген қоғамдық кеңес ұйымы тұрғындардың ұсыныс пікірі мен сынын мемлекеттік органдарға жеткізеді.

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңы 2015 жылғы 2 қарашада қабылданды. Қоғамдық кеңес азаматтық қоғамның мүдделерін білдіре отырып, республикалық және жергілікті деңгейлерде шешім­дерді талқылауда жұртшылықтың пікірін ескереді. Сондай-ақ қоғамдық бақылауды ұйымдастырады, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Заң талаптарына сәйкес мемлекеттік басқарудың республикалық және жергілікті деңгейлердегі қоғам­дық кеңестердің өкілеттіктері негізінде бекітілген жұмыс жоспары бойынша қызмет етеді.

Әлемнің барлық елдерінде түрлі қоғамдық бақылау институттары қалыптасқан. Олар бюджетті тиімді игеру, жемқорлықпен күрес, қала өмірін дамытудағы жаңа идеяларды ұсынып, бақылайды. Мысалы, Қытай мен Араб елдері қоғамдық бақылауларды ауылдық аймақтан бастауды жөн көрген. Ауылдық жерлерде ауылға сыйлы әрі халық қолдайтын азаматтардан арнайы бақылаушы органдар құрған. Ал Шығыс Азия елдерінде қоғамдық бақылау институттары көбіне халықтың ойын тыңдап, сұрау салып, сол арқылы бақылау институты қызметін атқарады. Қазақстанда да осы елдердің ойы мен тәжірибесін ескере отырып, қоғамдық кеңес құрылды. Мәселен, Францияда осыған ұқсас ұйым қызмет етеді. 1925 жылы құрылған ұйым 2008 жылғы конституциялық реформадан кейін «Франция экономикалық, әлеу­меттік және экологиялық кеңес» деп аталды. Еуропа­дағы бұл ұйым азаматтық қоғам өкілдерінің билік органдарымен өзекті мәселелерді талқылайтын кеңес­ші платформа ретінде қызмет етіп келеді. Сондай-ақ азаматтық қоғамның пікірін жеткізіп, билік пен қоғам арасындағы диалогты күшейтеді.

Биыл қалалық қоғамдық кеңес құрылғанына он жыл толды. Осы уақыт аралығында  қоғамдық кеңес тұрғындардың ұсыныстарын жинап, өзекті мәселелерді шешуге ықпал етіп келеді. Атап айтсақ, қалалық қоғамдық кеңесінің отырысында өзекті болған қалаішілік қоғамдық тасымалдау жұмыстарының барысы қаралып, комиссия мүшелері «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің алдағы жұмыс жоспарларымен танысып, жолаушылар тасымалындағы түйткілді мәселелерді шешуге ұсыныс айтты. Сонымен бірге қалалық қоғамдық кеңес «Қызылорда қаласы бойынша 2022 жылға мүгедектер үшiн жұмыс орындарына квота белгiлеу туралы», «Қызылорда қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы» мәселе көтеріп, талқылады.

Қоғамдық кеңес балалардың жазғы дема­лыс орындарын аралады. Қаладағы «Сыр Төресі» және «Зерентай» лагерлерiнде болып, демалушы балалармен кездесу өткiздi. Аралау барысында балалардың жазғы демалысы сапалы ұйымдастыру керегін ескеріп, кеңес мүшелері лагерь басшылығына бірқатар ұсыныс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

– Балалардың демалысын ұйымдастыру қа­шанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жыл сайын демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің толық демалуына, танып білу, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға, денінің саулығын жақсартуға жағдай жасау мақсатында жазғы демалыс орында­ры ұйымдастырылады. Осыған байланысты «Сыр-Төресі» және «Зерентай» лагерьлерiнде болып, демалушы балалармен кездесу өткiзіп, мәселеге байланысты ұсынысы пікір айттық, – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Жұмабек Сәдуақасов.

2024 жылдың қаңтар-шілде айлары аралы­ғында қалалық Қоғамдық кеңестің 9 отырысында, 24 мәселе қаралды. Қоғамдық кеңес пен қалалық мәслихат жергілікті тұрғындар үшін әлеуметтік көмек көрсету, тұрғын үй көмегі, жастар арасындағы құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу, туристік жарна мен бөлшек салықты реттеу сияқты мәселелерді қарады.

Қала ішінде қоғамдық көлік, аялдамаларды күтіп ұстау, маусымдық суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік шаралары және ауыл шаруашылығына арналған жер пайдалану сияқты күнделікті өмірге қатысты мәселелерге де көңіл бөлінді. Бұл іс  –шаралар Қызылорда қаласында билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға және жергілікті өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Өткен  жылы құрамы 19 адамнан жасақталған қоғамдық кеңесте жоспарға сәйкес, 7 отырыс өткізіліп, 28 мәселе, 15 нормативтік құқық­тық актілер қаралды. Отырыста тұрғын­дар­дың әл-ауқатына тікелей әсер ететін салалар бойынша есептер тыңдалып, мәселелер қаралды. Қызылорда қаласының қоғамдық кеңесі мен қалалық мәслихаты азаматтық қоғаммен байланыс пен жергілікті басқаруды жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Қоғамдық кеңес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйым­дастыру, балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу, қалалық әлеуметтік көмек пен арнаулы әлеуметтік қызметтерді реттеу, тұрғын үй және ауыл шаруашылығы қызметтері бойынша мемлекеттік қызметтердің атқарылуын бақылау сияқты өзекті мәселелерге назар аударды.

Сонымен бірге қоғамдық кеңес 4 бағыт бойынша қоғамдық бақылау өткізіп, қала нысандарын аралады. «Әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссиясы» қорғаныс істері басқармасының жұмысымен танысты. «Инфрақұрылым, энерге­тика, ауыл шаруашылығы және экология комис­сиясы» Тасбөгет пен Белкөл кентінен карьер ашуға лицензия беру мәселелерін зерделеді. Сонымен бірге қоғамдық кеңес мүшелері жауапты сала өкілдерімен бірге қала­дағы аялдамалар, жол белгілері және авто­тұрақтардың жай-күйін тексеріп қайтты. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ая­сында қалалық қоғамдық кеңес мүшелері Сәкен Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейдегі көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға мектеп­ке дайындау мақсатында оқу-құралдары мен сөмкелер табыстады.

Ережеге сәйкес қоғамдық кеңес жергілікті атқарушы және өкілді органдар әзірлеген нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарап, мемлекеттік орган қызметіне қатысты қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылап, азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарап, мемлекеттік органдарға ұсыным береді. Азаматтық қоғам өкілдерінің үлесі басым болатын қоғамдық кеңес отырысы тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі. Кеңес ұсынымдары мемлекеттік органдарда міндетті түрде қаралуға тиіс.

Қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев бұрын-соңды болмаған орган болған соң әдепкі жылдары қоғамдық кеңес жұмысында түсінбестік болғанын, алайда кейін жұмысы реттеліп, қоғамдағы беделі де артқанын айтады.

– Қоғамдық кеңес кеңесші орган. Яғни өзекті мәселелер бойынша түрлі ұстаным мен ой-пікірлер болғандықтан, сол жағдайда қоғамдық кеңес ұсыныс береді. Оған қазір көптеген азаматтың мүше болуға өті­ніш беруі дәлел. Қоғамдық кеңес ұсыныстары салмақты болуы үшін эксперттік пікірге жүгініп, мо­ниторинг, тыңдаулар өткізу арқылы мәселені жан-жақты талқылайды, – деді ол.

Болат Нұрқожаев үш мәрте қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі болған. Ол көптеген жергілікті және республикалық маңызы бар мәселенің шешілуіне ықпал еткен.

– Былтыр Бейнеу-Бозой-Сексеуіл жолы жобасы Сексеуіл арқылы қайта жасалуы қоғамдық кеңестің ықпалымен болды. Алғашында Шалқар арқылы бұру жоспарланған. Қоғамдық кеңес  оған уәждер мен дәлел келтіріп Алматы, Түркістан, Атырау және Маңғыстау облыстары қоғамдық кеңесінде қолдау тауып, тиісті министрлікке, Үкіметке жеткізіп, Сексеуіл арқылы өту қайта жоспарланды. Оған Президент былтырғы жолдауында нүктесін қойған еді, – деді Болат Нұрқожаев.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Қазақстанда жұмыс істейтін 263 қоғамдық кеңесте 4000-нан астам белсенді азамат қызмет етеді. Соңғы үш жылда олар азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына және міндет­теріне қатысты 9000-нан астам құқықтық актілердің жобаларын қарады. Қоғамдық кеңестердің мүшелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының 2100 баяндамасын тыңдады. Олар әртүрлі өзекті мәселелер бойынша 820 қоғамдық тыңдау ұйымдастырды және әлеуметтік қорғау, жер қатынастары, денсаулық сақтау және басқа да мәселелер бойынша 2000-нан астам азаматтың өтінішін қарады.

– Қоғамдық кеңестің ықпал ету тетігі бюджет саласы. Алайда ол ұсыныстар бюджетті жоспарлау барысында болуы тиіс. Бюджет жөніндегі комиссияда талқыланып, қоғамдық кеңес отырысында қолдау тауып ұсынылуы қажет. Өкінішке орай, азаматтық қоғам өкіл­дерінің өзі кейде заң тетіктерін толық пайдалана алмай жатады. Соның әсерінен кейде халықтан орынды сын да айтылады. Кейде «қоғамдық кеңес депутаттар жұмысын қайталай ма?» деген де сұрақ қойылады. Оған  жауап ретінде қоғамдық кеңес туралы заңды оқуға ұсынар едім. Экология және ауылдық аймақтарды дамыту комиссиясы төрағасы ретінде алдағы уақытта комиссия отырыстарында  қаланы көгалдандыру, жасыл желектерді күтіп ұстау, парк аумақтары, қоқыс орындары мәселелерін, ауылдық округтерде жұмыс орындарын ашуды, абаттандыру мәселелерін талқылаймыз, – деді Болат Нұрқожаев.

Заңда көрсетілгендей, қоғамдық кеңес мүше­сі болмай-ақ кез келген азамат қоғамдық кеңеске өтініш беріп, мәселе көтере алады. Қоғамдық кеңестегі жұмысқа ақы төленбейді, аймақтағы өзекті мәселелеріне атсалысып, қоғамдағы мәселеге ықпал етемін деген азамат қызмет етуден жалықпауы қажет. Қоғамдық кеңестің жергілікті өзін-өзі басқару құралы ретінде маңызы зор. Тек оны билік органдары, азаматтық қоғам өкілдері, халық  дұрыс қолдана білу керек.  

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: