Соңғы жылдары қалада қоғамдық көлік саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. «Қызылорда автобус паркі» ЖШС жолаушы тасымалын қамтамасыз етуде жыл сайын түрлі жобаларды іске қосып келеді.
Бүгінде серіктестіктің заман талабына сай жаңадан салынған автобус паркі пайдалануға берілді. Мұнда көлік жөндеу шеберханасы, газ құю бекеті мен автожуу орталығы 3 ауысыммен, тәулігіне 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істейді.
Бағыт кеңейіп, сапа артып келеді
Бастапқыда небәрі 5 бағытпен жолаушыларды тасымалдап келген мекеме бүгінде 32 бағытқа дейін кеңейіп отыр. Атап айтқанда, №1-ден бастап №32-ге дейінгі тұрақты бағыттармен қатар, «Ягодка», «ПМК-29», «ПМК-66» саяжайлары мен «Прудхоз» елді мекендеріне де көлік қатынауын қамтамасыз етуде. «Қазір автобусқа мінсең, таксиден кем емес», – деп бағалап жатады қала тұрғындары. Расында, қоғамдық көліктердің іші таза, талапқа сай, салқындатқышпен жабдықталған.
Қазіргі таңда қалада 240 автобус қызмет етуде. Алдағы уақытта қаладағы барлық бағытты толық қамту мекеменің жоспарына енгізілген.
Облыс әкімінің қолдауымен 2022-2024 жылдары аралығында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы табиғи газбен жүретін 300 дана «Yutong ZK6852 HG» маркалы автобус сатып алынған. Бұл – техникалық талаптарға толық сай келетін, жайлы әрі заманауи қоғамдық көліктер.
Сандық жүйе – заман талабы
Цифрландыру дәуірінде қоғамдық көлікте де «ALEMPAY» ЖШС-мен келісім негізінде жол ақысын SMS, QR-код, арнайы мобильді қосымшалар, көлік және банк карталары арқылы төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Сараланған тариф бойынша 2023 жылдың қыркүйегінен бастап электронды төлем – 85 теңге, ал қолма-қол есептесу 130 теңге болып бекітілді.
Автобустар бүгінде 2GIS, Яндекс GO, Яндекс карталар қосымшаларына тіркеліп, әр жолаушы өз бағытын, автобус келу уақытын онлайн түрде бақылай алады. Қарбалас өмірде қапысыз өмір сүруге, үлгеруге үлкеп сеп. Сонымен қатар автобустарда аялдамалар атауын автоматты түрде хабарлап, жолаушыларды қалта ұрлығынан сақтандыру, жол билетін талап ету секілді ескертулерді де автоматты түрде жеткізіп отырады. Бұл жүргізуші назарын бөлмей, тек көлік жүргізуге ден қоюына мүмкіндік береді.
Жүргізушіге артар жауапкершілік жүгі ауыр
Автобус тізгініне отыру – үлкен жауапкершілік. Жүргізуші тек темір тұлпарды емес, жолаушылардың өміріне де жауапты. Жол апаттарының алдын алу мақсатында «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-де жүргізушілерге апта сайын жол ережелері оқытылып, көлік жүргізу мәдениетіне ерекше көңіл бөлінеді. Жаңадан жұмысқа қабылданатын мамандар арнайы комиссия сүзгісінен өтеді.
Сонымен қатар еңбеккерлерге лайықты құрмет көрсету де назардан тыс қалған емес. Мемлекеттік және кәсіби мерекелерде үздіктер Алғыс хатпен марапатталып, кәсіподақ ұйымы есебінен жолдама беріледі. «Мектепке жол» акциясы аясында жұмысшылардың балаларына мектеп құралдары таратылады. Мерекелерде арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып, марапаттау дәстүрге айналған.
Экотакси – таза көлік, таза қала
Былтыр экологиялық ахуалды жақсарту және көлік жүйесін одан әрі дамыту мақсатында 100 дана жаңа электромобиль сатып алынып, «Экотакси» қызметі іске қосылды. Электр қуатымен жүретін бұл көліктер 460 шақырымға дейін жол жүре алады. Қуаттау бекеті бүгінде қала аумағында 9 нүктеде орналасқан.
Экотакси қызметіне «Апару», «Яндекс», «Жұлдыз TAXI» мобильді қосымшалары арқылы тапсырыс беруге болады. Жобаның басты мақсаты – тек қолжетімді көлік емес, сонымен қатар экологияны жақсарту, «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл – болашақ ұрпаққа экологиялық қауіпсіз орта қалдыруға бағытталған игі бастама.
Жаңа автовокзал – жаңа мүмкіндік
Қаламызда жолаушылар мен жүк тасымалын арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жаңа автовокзал салынды. Халықтың сұранысы мен қажеттілігіне сай салынған бұл нысанда тәулігіне 200 жолаушыға дейін қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Мұнда 6 жолаушы қабылдау және 11 сапарға шығу перроны іске қосылған. Автобустарға арналған 30 орындық автотұрақ бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толық жағдай жасалған.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!