Өз ауласын гүлдендіріп, айналасына үлгі болған талай тұрғынды жазып жүрміз. Ал көпқабатты үйдің 4-ші қабатында тұрып, бүкіл үйдің алдына жиде ағашын, подъездің кіре беріс ауласына жеміс ағаштарын отырғызып, жүзім егіп, күтімге алып, шарбаққа дейін өрнектеп, подъездің 1-ші қабатынан 5-ші қабатына дейін өз үйі секілді жиһазбен сәндегенді естігенде таң-тамаша болдық. Тіпті подъездің сыртқы есігінің үстіне еліміздің көк туын желбіретіп қойған. Игі істің басында басы-қасында жүрген жанашыр азамат – сол жағалаудағы №19 үй тұрғыны Арыстанбек Қырғызбек. Біз он саусағынан өнер тамған жанның қарапайым, құр мақтанды сүймейтін еңбекқор жан екенін байқап, әңгімеге тарттық.
– Біз бұл пәтерді 2019 жылы алдық. Қаланың Шанхай бөлігінен көшіп келдік. Жастайымыздан әкеміз еңбекке баулыған. Әкем де тыным таппайтын кісі еді. Сол кісіден дарыған болу керек қол қусырып қарап отырғанды қаламаймын. Қазір жасым 69-да, зейнеттемін. Кезінде көлік жүргізіп, алыс қалаларға қатынадым. Адамға қимыл керек. Өзім жоқтан бар жасап, айналаны әдемілегенді қалаймын. Тазалықты сүйемін. Подъездің таза, сырттан келген адамдарға әдемі көңіл-күй сыйлайтындай болуын ойладым. Көп ізденіп, теледидардың астына қоятын жиһаздың бетін, ескі шкафтың айнасын тастамай, подъездің қабырғасына ілгіздім. Қабырға әдемі картина, терезелерге перде таққыздым. Мен бастама көтеремін, көршілерім де қолдай кетеді. Жастардың көбісі жұмыста. Өзім подъездің еденін де жуа саламын. Үйдің алдына 55 түп жиде отырғыздым. Ерінбей, шелекпен су тасып құйдым. 20-сы көктеді. Жеміс ағашынан алмұрт, өрік, шие ектім. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, үйге роза гүлінің көшетін отырғыздым. Көктемде аулаға егемін. Терек отырғызу да жоспарымда бар. Адамда ниет болса, көпқабатты үйлердің ауласын да құлпыртып жіберуге болады. Жастарға тәлім тәрбие мен өнегені өзіміз көрсетсек деймін. Ал құр сөзбен айтқаннан гөрі, іспен көрсеткен жөн, – дейді кейіпкеріміз.
Оның тап-тұйнақтай ісіне көршілер дән риза. «Көршің жақсы болса бір бақыт» дейді олар.
– Осы үй бізге құт болды. Мұнда көпшілігі жастар, елгезек, көмекке дайын тұрады. Әсіресе Арыстанбек інім көшіп келгелі қолынан құрал-сайманы түспей подъезді әдемілеумен келеді. Көршілерді ұйымдастырып, кез келген адаммен тіл табысып, өзі бастама көтеріп, ортақ дәлізімізді тап тұйнақтай етіп, үйдің ішіндей безендіріп келеді. Бағбандық та, ұсталық та қолынан келеді. Бір сөзбен айтсам, бесаспап кісі. Көршілер өте ұйымшыл, – дейді №19 үй тұрғыны Баршагүл Өтешбаева.
– Көпқабатты үйдің ортақ дәлізін өз үйіндей сәндеген қала тұрғынының еңбекқорлығына риза болдық.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!