Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қолтаңбамның  қалғанына  қуанамын

16.04.2024

856 0

30 жыл. Әрине, тірі жанның өмірімен алғанда бұл біреуге аз, біреуге көп көрінер. Ал Қызылорда қаласының төл басылымы, Сыр елі ақпарат айдынындағы тұңғыш тәуелсіз басылым «Ақмешіт апталығы» газетінің 30 жылдығы, бір қарағанда, бүгінгі технологияның дамып, интернет заманының алға озған уақытында басылымның осынша жыл оқырманының олжасына айналып келе жатқаны жаныңды жадыратады. Сонау 1994 жылдың 15 сәуірінен бері жарық көріп келе жатқан, Сыр еліндегі бас шаһардың бас газеті саналатын «Ақмешіт апталығы» – бүгінде қалалық статусы бар Қызылордадағы жалғыз газет.

Бұл басылымның орда бұзар жасқа дейінгі тарихы көп­тің көз алдында, талай айтылды деп ойлаймын. Газеттің негізін қалаған танымал қаламгер Әділхан аға Бәйменовтен қалған басылымның кейінгі тағдыры оның шәкірттерінің қолында болғаны да ақиқат. Айтылған ұсынысқа «Халық» газетінің сол тұстағы бас редакторы Аманжол Сақыпұлы адами түсінікпен қарамағанда, бұл күнде ақпарат айдынында «Ақмешіт апталығы» өзге басылымдармен бірге еркін жүзер ме еді, жүзпес пе еді, ол жағы беймәлім болатын-ды. Өйткені жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған газет-журнал болды ғой, қазір дені жоқ, ашылуынан жабылуы тез болған басылымдар да бар. Соған қарап отырып, кезінде Әдекеңдей ұстаздың шәкірттері тәуекел кемесінің ескегін қайта қолға алғаны өз қайырын беріп, бір басылымды сақтап қалғанына қарап шүкіршілік етеміз.

Иә, қазіргі уақытпен үндесіп, бойын да, ойын да, болмысын да түзеген, талай түлеген басылымда қолтаңбамның қалғанына қуанамын. Газет тарихындағы үшінші бас редакторы екенмін. Ол кезде республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінде жауапты хатшы қызметінде едім. 2007 жылы «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторлығын «Халық» газеті бас редакторының орынбасарлығымен қоса алып жүрген белгілі журналист Нұрлан Көбегенұлы «Халық» газетіне бас редактор болды. Енді оның күйін менің кешуіме тура келді. Мен де қос қызметті қоса атқардым, әрине, ол айтуға оңай. Екі оттың ортасында қалғандай, «Ақмешіт апталығының» бас редакторы мен «Халық» газеті бас редакторының орын­басары болып жүріп, қай тарапқа басымдық береріңді біл­мей, дүдәмал күй кешесің. Сонда да бойдағы жастық жалын, мамандыққа адалдық, ең бастысы, аманатқа қиянат жасамаудың жанкештілігімен екі жыл бойы газеттің мазмұнды шығуына үлкен үлес қостық. Біреу сенер, біреу сенбес, екі жыл бойы үш-ақ адам, өзім мен тілшілер Нағымжан Саяуев, Гүлнұр Қаржаубаева (әрине, шығармашылық жағынан. – авт.) аптасына 8 бет газетті мақаламен толтырып, жарыққа шығарып келдік. Өз басым екі газетке бірдей мақала жазып, оқылымды газет шығару үшін тіпті үйде түнде де бала-шағам ұйықтап жатқанда компьютер пернетақтасын түрткілеп жататынмын. Расы сол, бүгінде осы салада келе жатқаныма 30 жылға жақындап қалды, газет шынымен адамды «жеп қояды» екен. Қазіргі жас буынға айтсаң, мұның бәрі – ертегі. Адалын айтқанда, сол жылдары ауыр жүктің басым бөлігін жас журналист Нағымжан Сауяев көтерді десем де болады, өткір, сыни мақала жазу, жиындарға да бару, керек десеңіз, кей мақалаға өзі қаламмен суретін де салып, айшықты етуді осы жігіт атқарды.

Қандай қызықты сәттер есте қалды деп сұрап жатыр ғой бүгінгі апталықтықтар. Ол кезде бір жерде үш басы­лым – «Халық», «Ақмешіт апталығы», «Нұр» газеттерінің қыз-жігіттері бірге отырғандықтан, көбіне ортақ қуаныш пен реніш болады ғой. Ал «Ақмешіт апталығына» келсек, бір қызық осы Нағымжан ініме байланысты, әрі оның маған балдыздығы бар. Көбіне менен жұмыс уақытының аяқталуына 15 минут қалғанда сұранады ғой, менің қитығып қалатыным бар. «Нұреке, бір шаруам бар еді, шыға берсем бола ма?» деп жалынып жүргенде, сол сағат кешкі 18:00-ді көрсетеді. Үнемі солай қайталанады, содан «Халықтағы» тілшілер, бүгінде белді тележурналистер Тәжмұрат Әлжанов, Әділбек Жаханов «Нағымжан, 15 минуттың несіне сұранасың, алтыда шыға бермейсің бе?» деп келеке ететін. Оған басқалар да күліп жатады.

Ал мына бір оқиға ортақ болған соң, Нұрлан Көбегенұлының редакторлық тұсында есте қалыпты. Оның үстіне шығармашылық топ бір кең кабинетте отырамыз. Ол кезде «Ақмешіт апталығында» Эльмира Бәшеева деген тілші болатын. Газетті беттейтін – дизайнер Мира Рахметова. Сондай газет беттеудің қарбалас кезеңі еді. Нұрлан әлгі Эльмираны газет беттеушілер бөлмесіне Мира апайына жұмсайды. Соңғы бетке ішкиім туралы бір әзіл әңгімеге салынатын сурет керек болады. Ол кезде интернет қолжетімді емес-тін, тек газет беттеушілердің компьютерлеріне жалғанған. Эльмира келіп Мираға: «Апай, сізде труси бар ма?» дейді. Мира Мырзабекқызы сол кезде бірнәрсеге сіркесі су көтермей отырды ма, «жоқ!» деп айғайлап жібергені. Сонда да саспайтын Эльмира: «Апай, шынымен сізде труси жоқ па?» дейді. Ал соны естігендер қыран-топан күлкі, сөздің барысын артынан бағамдаған екеуі де қосыла күлгені бар. Осындай кейбір езуге күлкі үйірер сәттер әлі күнге естелік болып айтылып жатады.

Жалпы, өзім бас редактор болған екі жылда басылымның әу бастағы ұстанымынан айныған жоқпыз. Тіл жанашыры болу, ұлт руханиятының жоқшысы қызметін атқару басты мақсатымыз болды. Авторлар тартып, Сыр өңірі мәдениеті, әдебиеті, руханиятына қатысты мақалалар жазып, оқылымды басылым жасауға тырыстық. Қалыптасқан дәстүр бойынша апта сайын «Таным», «Жас толқын», «Тарих», «Қуақы» деген арнайы беттер шығып тұрды. «Ұлттық мәселе», «Сөз қазына», «Ел есіндегі есімдер» айдарлары да газет жүгін көтерді. Сыр тарихы мен мәдениетінің мәңгіліктер көшінен көрінуіне үлес қосар басылымның қашанда бағыт-бағдары айқын болды. Келісті де, келбетті. Мақтанғанымыз емес, халық берген баға, оқырман ойы да – осы…

Міне, осындай тағдырдың талай тезінен өткен «Ақмешіт апталығы» газетіне 30 жыл болыпты. Сыр журналистикасының кәтепті қара нарларының қолтаңбасы, еселі еңбегі қалған басылымда бүгінде сол отыз жастың о жақ-бұ жағындағы жас қауым жүр. Олардың да аға буын қаламгерлердің ізін жалғап, барлық жағынан да өзгерген «Ақмешіт апталығын» Қызылорданың тыныс-тіршілігін бейнелейтін, өлке тарихын шежірелеп, халықтың үні іспетті басылым болуы үшін еңбектеніп жүргені көңіл тоғайтады. Шығармашылық ұжым басылымның бұған дейінгі биігін аласартпай, қайта жаңа бір шыңға көтеретініне сенімдімін.

Мерейтойыңмен, Қызылорданың газеті!

Нұржан  НҰРМАҒАНБЕТОВ,

газеттің 2007-2009 жылдардағы бас редакторы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: