Сенбі, 16 тамыз, 03:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№61,2174
16.08.2025
PDF мұрағаты

Қосшыңырау: Ауыл жастары кәсіп бастауда

16.08.2025

43 0

Қосшыңырау ауылдық округі – еңбекқор тұрғындары мен бірлігі жарасқан жұрты бар елді мекен. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында округте халықтың тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мен әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл туралы ауылдық округ әкімі Сейдуали Әбдіқадыров БАҚ өкілдеріне берген брифингте баяндады.

Бүгінде округтегі халық саны 3638 адамды құрайды. Экономикалық белсенді тұрғындар саны – 1634, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 586, ал жұмыссыздар саны 21 адамды құрайды. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту – басты назарда.

– Жыл басынан 4 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Біз үшін әрбір адамның жұмыспен қамтылуы маңызды. Сондықтан «Жастар практикасы», ақылы қоғамдық жұмыс және қысқа мерзімдік оқу курстары арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп келеміз,  – деді әкім Сейдуали Әбдіқадыров.

Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 3 адам «Жастар практикасына», 21 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 3 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға тартылған.

Биыл ауылдық округтің бюджеті 149,9 млн теңгеге жоспарланса, кейіннен 201,7 млн теңгеге бекітілді. Алты айдың қорытындысы бойынша салықтық түсімдер жоспардан асып, 16,2 млн теңге болды.

– Бюджетіміздің өсуі – ауылдың дамуына мүмкіндік береді. Бұл қаржыны біз әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бағыттаймыз, – деді ауыл әкімі.

Округте 371 шағын-кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді, олардың 301-і жеке кәсіпкер, 70-і  шаруа қожалығы. Жыл басынан бері 12 жаңа кәсіпкерлік нысан ашылған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы құны 158,9 млн теңгені құрайтын 20 жоба мақұлданған.

Мысалы, «Іскер» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 9,83 млн теңге несие алған. Ал «Ауыл аманаты»  жобасы аясында 29 млн теңгенің 5 жобасы қолдау тапқан. Жоба аясында наубайхана, ауылшаруашылық техникасы, бетонды домалақ, пенаблок, сондай-ақ мал шаруашылығы қарқын алуда.

– Кәсіпкерлік – ауыл экономикасының тірегі. Біздің міндет – тұрғындардың өз кәсібін ашуына жағдай жасау. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» жобасы жас кәсіпкерлерге кәсіп бастауға септігін тигізуде. Сонымен қа­тар жұмыссыздық деңгейі де азайды. Бір қызы­ғы, ауылда кәсіппен айналысушылар негі­зінен  – жастар,  – дейді ауыл әкім С. Әбдіқа­дыров.

Жыл басынан бері аз қамтылған 24 отбасына 5 855 млн теңге көлемінде берілген.

Сонымен қатар Абай елді мекеніндегі медициналық амбулатория алғашқы көмек көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тұрақты жүргізіліп келеді.

–  Денсаулық – ең басты байлық. Сондықтан медициналық қызмет сапасын арттыру – назарымызда. Мәселен, қазіргі таңда денсаулық жағдайына байланысты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүзеге асуда, –  дейді Сейдуали Әлайдарұлы.

2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында округтен 6 жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.

–  Азаматтардың  әс­керге баруы – елге, жерге деген адалдықтың белгісі. Алдағы уақытта Отан алдындағы борышын өтейтін азаматтар қатары артады деген үміттемін, –  деді ауыл әкімі.

Ауылдық округтің жалпы жер көлемі – 40,3 мың гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 18,3 мың гектарды құрайды.  2025 жылы 1 579 гектарға күріш, 528 гектарға ескі жоңышқа, 120 гектарға жаңа жоңышқа, 131 гектарға бидай егілген.

Мал шаруашылығында да өсім байқалады. Өткен жылы 15 015 бас мал болса, биыл 15 136 бас мал тіркелген.

Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Досан елді мекенінде талапқа сай электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алыныпты. Электр желілерін тарту бойынша мердігер «Техсервис» ЖШС-мен келісім жасалды. Сонымен қатар Досан ауылындағы №2, №12, №7 көшелеріне тас төсеу жұмысы толық аяқталды. Жоба құны  49,2 млн теңгені құрайды.

– Инфрақұрылымды жақсарту тұрғындар тұрмысын жеңілдетеді. Жарық, жол, спорт алаңдары ауылдың келбетін арттырады, – дейді ауыл әкімі.

Алдағы уақытта Абай ауылында спорт алаңы салынып, көшеге жарық шамдары орнатылатыны да брифинг барысында айтылды.

– Қосшыңырау – еңбекқор халықтың мекені. Біз тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жұмыс істейміз. Алдағы уақытта да ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаларды қаржылық мүмкіндіктерге қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз, – деді әкім Сейдуали Әбдіқадыров.

                                                                                       Айдана Бахтияр

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: