Көп жылдан бері Қосшыңырау ауылдық округіне апаратын жол талай жүргізушінің шымбайына батып, өзекті мәселе мінберінен түскен емес. Десек те осы жолды көліксіз елестету де мүмкін емес. Бірі жүк артып, «Құмкөл» кенішіне бара жатса, тағы бірі Жезқазғанға бет алып, Астанаға тура тартады. Қалаға кіреберіс жолдың бірі. Міне, сондықтан болар, мұндағы жол салушылар уақытқа емес, сапаға мән беріп жатқан сыңайлы. Біз барғанда мұнда тура өтетін жолдың барлығы жабық болып шықты. Әуелі Қорқыт ата көшесіне түстік, сол арқылы КБИ шағын ауданына өттік. Мұнан соң «Бәйтерек» шағын ауданына өтетін жаңа көпірмен сырғып өтіп, тағы біраздан соң барып, Қосшыңыраудың төбесі көрінді. Қала іргесіндегі таяқ тастам жердегі ауылға біраз жерді шарлап келгеніміз бар.
Қосшыңырауда қос ауыл. Досан елді мекені мен Абай ауылы. Абай ауылы ауылдық округтің астанасы тәрізді. Әйтсе де, екі елді мекеннің дамуы бірдей. Халық санына қарамастан барлық жағдай жасалған. Адамға қажеттінің бәрі бар.
– Қош келдіңіздер, – деп күліп қарсы алған ауыл әкімі Сейдуәли Әлайдарұлы әкімдікке жол бастады. – Қазір ауылда жастардың қарасы көрінбейді. Байқаған боларсыз. Олардың тұрақты жұмысы болмаса да, ерте көктемнен қара күзге дейін дамыл таппай, бетон құяды. Қазір ауылда 60-70-тей ұжым бар. Кішігірім қоршаудың бетонынан бастап, зәулім сарайлардың іргетасына дейін нықтап, құя алады. Тәжірибе жеткілікті. Облыс бойынша нарықты жаулап алды десек болады. Маңдай терімен, ақ-адал еңбегімен нәпақа тауып жүр. Мені қуантатыны осы. Ардан аттамай, адал атқарған әрбір ісіңнің нәтижесі берекелі болады.

Қосшыңырауда қос ауыл. Досан елді мекені мен Абай ауылы. Абай ауылы ауылдық округтің астанасы тәрізді. Әйтсе де, екі елді мекеннің дамуы бірдей. Халық санына қарамастан барлық жағдай жасалған. Адамға қажеттінің бәрі бар.
– Қош келдіңіздер, – деп күліп қарсы алған ауыл әкімі Сейдуәли Әлайдарұлы әкімдікке жол бастады. – Қазір ауылда жастардың қарасы көрінбейді. Байқаған боларсыз. Олардың тұрақты жұмысы болмаса да, ерте көктемнен қара күзге дейін дамыл таппай, бетон құяды. Қазір ауылда 60-70-тей ұжым бар. Кішігірім қоршаудың бетонынан бастап, зәулім сарайлардың іргетасына дейін нықтап, құя алады. Тәжірибе жеткілікті. Облыс бойынша нарықты жаулап алды десек болады. Маңдай терімен, ақ-адал еңбегімен нәпақа тауып жүр. Мені қуантатыны осы. Ардан аттамай, адал атқарған әрбір ісіңнің нәтижесі берекелі болады. Бір кездері қала бойынша Белкөл кентінде осындай шағын ұжымдар қызмет көрсететін. Облыстың нарығын жаулап, тіпті өзге аймақтарға да шығып жүрді. Қазір абайлықтар алға шыққан. Айтпақшы, мұнда бетон өнімдерін өндіруді үлкен цехқа айналдырған да бар. Ауыл тұрғыны Ерболат Усаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, кәріз құдықтарына қажетті бетон бұйымдарды дайындауда. Құдықтан бөлек, оның беткі бөлігі осында әзірленеді.
– Біз бұл құдықтарды құйып болған соң бір апта кебеді. Сол уақыт аралығында оның мықтылығы да беки түседі. Бір күнде 4-5-еуін құямыз. Қазір тапсырыс ауылдан әрі асып, басқа ауылдардан, қаладан да түсе бастады. Арасына сым саламыз, тор саламыз. Ол бұйымның сапасын арттырады. Жеткізу қызметін көрсетпейміз, дегенмен ауылда манипуляторы бар азамат бар. Сонымен келістіріп жатырмыз. Кооператив тәрізді кәсіпте бір-бірімізді сүйреп келеміз, – дейді жұмысшы Бауыржан Смайылов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта бетон қада, науа шығару тәрізді жоспарлар бар. Кәсіпті кеңейтіп, жан-жақты жетістіктерге жеткісі келеді.
Ерболат тәрізді кәсіптің көзін тапқандар бұл ауылда жетерлік. Алақандай ауылда 400-ге жуық кәсіпкер тіркелген. «Ауыл аманатының» игілігін көріп отырғандары да көп.
– Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жыл басынан бері несие портфтелі 158905 млн теңгені құрайтын 20 жоба мақұлданды. Оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы», «КТ-Сырдария-1» серіктестіктері арқылы 133,5 млн теңге тұратын 5 жоба қаржыландырылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы пилоттық жобасы аясында 2025 жылға 29 млн теңгені құрайтын 5 жоба мақұлданды. Олардың қатарында наубайхана, ауылшаруашылық техникасын алу, бетон құдық, пенаблок, асыл тұқымды жылқы тәрізді жобалар бар. Ал мемлекеттің көмегімен берілетін қайтарымсыз грант бойынша 10 жоба қаржыландырылды, – дейді Сейдуәли Әбдіқадыров.
Аты ауыл демесеңіз, мұнда қажеттінің бәрі бар. Тіпті көлік жуу қызметі де қарқынды дамыған. Ауылда бірінші рет қолға алынған бастамаға тұрғындар да дән риза. Тұла бойы су көрмеген трактор да, ауыр жүк көліктері де сыяды. Қалтаға қонымды бағада көлігінің батпағы мен майын ада қылған жүргізушілердің қарасы қалың.
– Күніге осынша көлік деп нақтысын айта алмаймын. Бірақ таңғы бестен бастап осында көлік жуыла бастайды. Кешкі салқынмен келетіндер де көп. Әдепкіде жаңа кәсіптің болашағы қалай болады деп ойланғанымыз рас. Әйткенмен ниет қылған адам қайткенде де нәтижеге қол жеткізеді, – дейді Бекзат Әшірбеков.
Бекзат бір емес, бірнеше кәсіптің тұтқасын ұстаған. Көлік жуу қызметі өздігімен жүріп тұр. Тек бас-көз болсаңыз жеткілікті. Ал заманауи монша да халыққа қызмет көрсетіп келеді. Жаз мезгілінде сенбі-жексенбі күндері жағады. Ал қыс түссе, күнделікті жағуға мүмкіндік бар. Оның үстіне, қазір отын арқалап, көмір таситын күйбеңнен арылғалы «көгілдір отынның» рахатын көріп келеді.
– Моншада алты кабина бар. Әуел бастан салып жатқаннан жалпы моншадан жалқы монша жөн деп ойладық. Қазір бағасы да тиімді. Ел алғысын жаудырып жатыр. Ат арытып қалаға моншаға сабылмайды. Ауыл арасында бар қызметті қаладан іздеп несі бар. Қазір халыққа қызмет етуде елдің алғысын бірінші орынға қоямыз, – дейді кәсіпкер.
«Ізденген жетер мұратқа» деген бар. Бекзат тек монша мен көлік жууды ғана емес, мал шаруашылығын да қолға алған. Ауыл сыртында фазендасы бар. Ал ет бағытында бордақылайтын төрт түлікті елдің ішінде ұстайды. Қазіргі таңда халықты таза, табиғи, сапалы, дәмді етпен қамтамасыз етіп отыр. Азық-түлік бағытында да, қызмет көрсету саласында да үлкен жауапкершілік қажет. Бұған қоса, Бекзаттың табандылығы талай кәсіпкерге үлгі болса керек-ті.
– Қай кәсіпті алсаңыз да, халыққа қызмет көрсету. Алған тәрбиеміз де осыған бағыт алады. Сондықтан кәсіп ашу арқылы өзіңді, айналаңды қамтамасыз етіп, халыққа қызмет ету қажет. Менің ойымша, әр кәсіпкер осындай ұстанымда болғаны жөн, – дейді Бекзат Әшірбеков.
Мемлекеттік бағдарлама көмегімен ашылған құс фабрикасы да қазір едәуір дамыған. Мұнда қазір 1500-дің шамасында бройлер тұқымы бар. Олар жұмыртқадан шыға сала әкелінеді де, 45 күн бағылады. Біреуі 3 келінің шамасында ет береді екен.
– Біз қазір қосымша ғимарат салып жатырмыз. Мына бір ғимаратта 1500 құс болса, келесісіне бұдан да көбін орналастырамыз. Өйткені осы 1500-ін бұрын 30-40 күнде өткізетінбіз. Қазір 20 күнге жетпей таусылып қалып жатыр. Демек, сұраныс жоғары. Енді осы өнім алушыларды жоғалтып алмай, керісінше санын арттыруымыз керек. Әрине, балапанды әкеле салып, оны сататын нәрсе емес. Біз сол 45 күннің ішінде бір ауа температурасын сақтап, қалыпты жағдай жасаймыз. Әрбір үш сағат сайын жем береміз. Қазір осы құстар күніге 200 келі жем жейді, – дейді құс қараушы Тұрбек Сейтсұлтанов.
Табиғи таза, қолдан бағылған өнім болған соң сұраныс жоғары көрінеді. Құс қараудың өзі оңай емес. Жаны нәзік балапан келгеннен бастап бабын жасап дағдыланған Тұрбек бұл саланың қыр-сырын әбден меңгеріп алыпты.
– Ең әуелі келгенде егер де ауа райы салқын болып тұрса, балапандар бір жерге шоғырланып қалады да әлсіздері астында қалып өліп қалуы мүмкін. Сондықтан ең бірінші іштегі температураны реттейміз. Ал өнімді өткізуге келсек, көп адам «дүкенде неше айдан бері тұрған етті алғанша, көзбен көріп, сеніммен өздеріңнен алған жақсы» деп бізді айлап күтеді. Әрине, әдепкі кезде еңбектеніп тапсырыс жинадық. Қазір дәмін біліп алғандар басқадан алмайды, бізді күтеді, – дейді ол.
Кәсібі өркен жайған ауылдың экономикасы да алға жылжиды. Сейдуәли Әлайдарұлы ең алдымен осы мақсатқа назар аударғанын айтады. Елдегі 3500-ден астам адамның 1500-ден астамы экономикалық белсенділер қатарына жатады. Қазір 586 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отырса, жыл басынан тұрақты жұмысқа 4 адам орналасқан.
– Қазір жұмыссыздарға қолдау да жеткілікті. Әрбір бастама мен мемлекеттік бағдарлама елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Жыл басынан ауылдық округ тұрғындарына «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары арқылы 21 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Аз қамтылған 24 отбасына (156 адам) 5 855 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, – дейді ауыл әкімі.
Бюджеттің бүйірі томпайса, талай түйінді тарқатуға болады. Елді мекеннің жағдайының жақсаруына да қаржы қазанының толайым болғаны сеп. Қосшыңырауда 2025 жылы бюджет жоспары 132,3 млн теңгеге бекітілсе, салықтық түсімдер 2025 жылға 17 млн 592 мың теңгеге жоспарланған. Биылғы алты айда 16 млн 263 мың теңге, яғни, жоспардың 92 %-ы орындалды.
– Қандай жұмыс болса да қаражатқа тікелей байланысты. Қазір елде атқарылған ауқымды жұмыс та, жоспар да жетерлік. Досан елді мекенінде негізгі мәселе электр желісі болатын. Қазір бұл жұмыс та басталды. Жобаның жалпы құны – 339,9 млн теңге. Электр желілерін тарту бойынша мердігер «Техсервис» ЖШС-мен келісім жасалды. Электр бағаналарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл да талай жылдан шешімін тосып жүрген мәселе еді. Шыдамды болсақ, талай мәселе шешіледі. Ал Досан ауылында тас төселмеген бір ғана көше қалды. Мұнда құны 47 млн теңгеге №2, №12, №7 көшелеріне тас жол төсеу жұмыстарына «Ақнұр Авто» ЖШС-мен келісім шарт жасалынып, қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Алдағы уақытта Қосшыңырау ауылдық округі Абай ауылына бір жаттығу алаңы, Абай көшесіне жарық бағандары жүргізіледі, – дейді С.Әбдіқадыров.
Ауылдық округ тұрғындарын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде Абай елді мекеніндегі медициналық амбулатория алғашқы көмек беру, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жолға қойылған. «Біздің елде басты байлық – адам капиталы. Сондықтан елге жағдай жасау арқылы халықтың сапалы тұрмысы бірінші орында тұруы керек» деген әкім сөзі жанға жылы естіліп, көңілге демеу болғандай.
Елдегі егін шаруашылығының жайына көңіл толатындай. Биыл 1600 гектар жерге күріш егілді. Бұл бағытта жұмыс істейтін 28 шаруа қожалық елдік мақсатта жұмыла жүк көтеріп жүр. Мал шаруашылығы да елдің аузын аққа жеткізіп тұрған сыңайлы. Ауылдық округте 15 136 мал басы бар.
– Ауыл болған соң өзінен шығатын ең әуелгі өнім ет пен ағарған болатыны анық. Ішсең сусын, жесең ас, мінсең көлік болар төрт түлікті түлеткен елдегілердің әрбір әрекеті еңбекке апарады. Қазір 5 мыңға жақын сиыр, 6 мыңға таяу қой, 300-ге жуық ешкі, 4 мыңдай жылқы және 200-ден астам түйе бар. «Елде болса, ерінге тиеді» деген бар. Жұртшылық осы шаруашылықтардың жүйелі жұмысынан тұрмысын түзетіп отыр, – дейді ауыл әкімі.
Елдің әкімі болып екінші мәрте сайланған Сейдуәли Әлайдарұлы «Мен енді осы ауылдың бір перзентімін ғой» деді әңгіме арасында. Алысқа көз тастап, елдің ертеңін жарқын етуге бағыт алған әлі талай жоспары бар екенін айтты.
– Әрбір әрекетімізден елге еселі үлес тисе деймін. Халықтың кәдесіне асып, қызметіне жарап жатсам, әкім үшін одан артық не керек?! Ертеңгі күні «Сейдуәли не істеді?» дегенде көрік беріп игі істерім тұрса екен деймін. Ауыл – береке мен бірліктің бастауы. Ауылды гүлдендіруге атсалысып жатсақ, қазақтың қазақтығы да сол ауылдың төрінде ғой, – деді Сейдуәли Әбдіқадыров.
Қазақтың бас ақынының атын алған ауылдан шығып барамыз. Иран-Ғайыптай перзенті бар елдің рухани кемелденгені де айқын аңғарылады. Тақтайдай тегіс асфальттің үстімен күніге бірнеше мәрте заманауи автобус қатынап тұр. Қала мен ауыл арасы жақын болғандықтан, мұнда қалада жұмыс істейтіндер де көп. Бастысы, елдің қолы аузына жетіп, тұрмысының түзу болғаны емес пе?!
Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!