Сенбі, 05 шiлде, 07:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№49,2162
05.07.2025
PDF мұрағаты

Қозғалтқышқа жан бітірген…

05.07.2025

44 0

Көзге қарапайым көрінгенмен темір тұлпардың жүрегі – қозғалтқыш. Автомобиль де, ұшақ та бәрі де мотор қуатына тәуелді екені белгілі. Ат арбадан бастап қазіргі заманға дейін жеткен күрделі қозғалтқыштар көліктің қуатын арттырды. Әсілінде, техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Әйгілі көлік құрастырушы Энцо Феррари де «қозғалтқыш – көліктің жүрегі» деген еді. Сол темір жүректі тірілтіп, дәлдікпен құрастыру әркімнің қолынан келе бермесі анық.

Темір тұлпардың тілін білген Еркебұлан Сағатов та дәл осы ұстанымда. Ол көлік саласының кардиологы тәрізді. Алдына науқас боп келген автокөліктердің әрбіріне дұрыс диагноз қойып, ауруынан айығуына атсалысып жүр.

Президент биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» дегеннен бастап, қарапайым еңбек адамына айырықша назар аударылуда. Бұл бастама сан түрлі өндіріс пен қызметке қан жүгіртіп отырған тынымсыз еңбеккерлердің қоғам­дағы беделін арттыруға бағыт­талған. Техниканың тілін меңгеріп, қозғалтқыш құрастырып жүрген Еркебұлан Сағатов жұмысшы ма­ман­дарға деген құрметтің артып келе жатқанына қуанады. Аса дәлдік пен шыдамдылықты талап ететін бұл кәсіптің қоғамда да бәсі биік. Мотор құрастыру тек физикалық күшті ғана емес, техникалық білімді талап етеді. 28 жастағы ол қозғалтқыштың ақауын дауысынан жазбай тану, мәселесін сезіне білу ұзақ уақыт тәжірибиемен келетінін айтты.

– Бала кезімнен өзім де техника­ға құмар боп өстім. Қызығушылы­ғым ауылдастарымның велосипе­дін жөндеп беруден басталған деуге болады. Дегенмен қызыққан кәсіпке ұзақ уақыт беттей алмай жүрдім. Бір күні достарымның көлік жөндеу орталығына жұмысқа орналастым. Қысқа уақыт ішінде шеберханада маман боп қалыптастым, – дейді ол.

Ең бірінші қайта жинап шық­қан қозғалтқыш моделі тайота көлігі. «Қарбалас заманда қазір ешкім өз көлігін жөндемейді. Көбісі мамандарға алып барады» деген сөзінен оның бір сәт те бос уақыты жоқ екенін аңғардық. Сол қарбаластың арасында бізбен әңгі­мелесіп, жұмысын таныстырып та үлгерді. Бүгінде шеберханаға келген жас мамандарға жол көрсетіп, өзі де үйренуден жалыққан емес.

– Мотор тірі организм сияқты. Әрқайсысының мінезі бар. Әр ды­бысын тыңдап, әр дірілін сезу қажет. Қозғалтқыш құрастыру бойынша үздік маманға айналу алға қойған мақсатым, – дейді ол.

Жұбайы Айдана Шаматпен бірге 3 бала тәрбиелеп отырған ол кез келген істі бастағанда талапшылдығымен әрі еңбекқорлы­ғымен көзге түсуде. Болашақта жеке көлік жөндейтін шеберхана ашу мақсаты бар екенін де жасырмады.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: