Соңғы он жылда «мына балаға екі рет айтпасаң естімейді», «құлағым шыңылдап кетті» деген сөздерді күнде естиміз. Бұрын көбінесе қарт кісілерге тән құлақ ауруы бүгінде мектеп оқушысы мен студенттің мәселесіне айналып барады. Мамандар бұл мәселенің себебі қолдан түспейтін смартфон, құлақтан түсейтін құлаққап екенін айтады.
Дүниежүзілік «үнсіз індет»
Дүниежүзі бойынша есту қабілеті бұзылған адамдар саны рекордтық деңгейге жетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жер шарындағы халықтың 5 пайызынан астамы, яғни шамамен 430 миллион адамның есту қабілеті «мүгедектік деңгейдегі» жағдайға жетіп, арнайы оңалтуды қажет етеді. ДДҰ болжамынша, 2050 жылға қарай 700 миллионнан астам адам ауыр естиді. Есту қабілеті мәселелерінің жаһандық экономикаға әсері жылына шамамен 1 триллион АҚШ долларына жетеді. Ал ең алаңдатарлығы, бұл статистика тек қартаюмен байланысты емес. ДДҰ дерегінше, 12-35 жас аралығындағы 1 миллиардтан астам жас жеке аудиоқұрылғылар мен ойын-сауық орындарындағы қатты дыбыстың салдарынан керең болып қалады.
Цифрлық дәуірдің символына айналған құлаққап – жай ғана аксессуар емес, өмір салты. Автобус, университет дәлізі, кеңсе, фитнес-залға баратындардың бәрі құлаққап пайдаланады. Ғалымдар зерттеуіне сүйенсек, студент-жастардың 90 пайыздан астамы күнделікті құлаққап қолданады екен. Жеке музыкалық плеерлер мен смартфондар 75–105 дБ аралығындағы дыбыс деңгейін бере алады, ал құлаққап-тығындар құлақтың ішіне жақын тұрғандықтан, дыбысты тікелей дабыл жарғағына жібереді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Make Listening Safe» («Қауіпсіз тыңдау») зерттеуіне сәйкес, кейбір пайдаланушылар 100 дБ деңгейінде небәрі 15 минут музыка тыңдағанда, өндірістегі 85 дБ-лық сегіз сағаттық жұмыс күніндей «шу дозасын» алады. Яғни «музыкамды сәл ғана қаттырақ қойдым ғой» деген әдет шын мәнінде, өндірістегі қауіпті цехтағы шумен бірдей.
Ғылым не дейді?
Көпшілік әлі де «құлаққап есту қабілетін бұза қоймас» деп ойлайды. Бірақ соңғы жылдардағы зерттеулерге сүйенсек, құлаққаптың қаупін анық байқауға болады. Кореяда жүргізілген ұлттық когорттық зерттеу құлаққапты күніне әр қосымша 1 сағатқа ұзартып қолданған сайын есту қабілетінің төмендеуі 1,19 есеге артады екен. Жастар арасында жүргізілген тағы бір зерттеуде құлаққап қолданатындардың 20,9 пайызы «естуім нашарлaды» десе, қолданбайтындар арасында бұл көрсеткіш небәрі 3,5 пайыз ғана болған. Құлақ шыңылдауы құлаққап қолданушылардың 18,6 пайызына тән болса, қолданбайтындарда – 1,8 пайыз ғана. Әртүрлі елде, түрлі континенттерде жүргізілген бұл зерттеу нәтижесі ұзақ әрі қатты дыбыста құлаққап қолданған сайын есту жүйесінің зақымдану ықтималдығы арта түсетінін анықтаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қауіпсіз тыңдау жөніндегі түсіндірмесі бойынша, 80 дБ деңгейінде аптасына 40 сағатқа дейін салыстырмалы түрде қауіпсіз, ал 90 дБ деңгейінде бұл лимит 4 сағатқа дейін күрт қысқарады. Яғни «аз-аздан, күні бойы» тыңдау да қауіпті. Күні бойы құлақта құлаққап болу да зиян. Таңертеңгі жолда тыңдасаңыз, түсте құлаққа демалыс беріңіз, кешке тағы да шектеңіз.
Құлақтың ішіне кіретін тығын-құлаққаптар дыбысты тікелей дабыл жарғағына жеткізеді. Зерттеу көрсеткендей, құлаққаптың осы түрін пайдаланғандардың есту қабілеті төмендейді. Қаласаңыз, сыртынан жабатын, дыбыс оқшаулауы жақсы модельдерді таңдаған жөн. Мұндай құрылғыларда қатты дыбыс қоспай-ақ, музыка айқын естіледі. Құлаққапты пайдалану кезінде жеке гигиенаны сақтаңыз.Тығын-құлаққаптың беткі бөлігін уақытылы сүртіп, тазалап жүрген жөн.
Құлақ – үн әлемімен байланысымыз. Ал үн – эмоцияның, қарым-қатынастың көрінісі. Есту қабілетін қорғамасақ, ертең үнсіз әлемде қалуымыз ғажап емес.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!