Сенбі, 15 наурыз, 14:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№19,2132
15.03.2025
PDF мұрағаты

Құрмет пен ізет бар бұл күнде

15.03.2025

19 0

Ата, бір жасыңызбен!

 – Бар бол, қарағым, айналайын…

Таң сәріден басталған осынау ізгі ниеттер күн батқанға дейін жалғасады. Бұл күн – Амал мерекесі, яғни Көрісу күні.

Бүгінде Жер-Ана бусанып, тоңы жібіді. Көктемнің шұғылалы шуағы сезіледі. Наурыздың алғашқы күндерінен мерекенің легі бастау алды. Қыс ызғары қайтып, көктем келгенде ерекше атап өтетін мерекенің бірі – Көрісу күні. Бұл мейрам  қыстан қысылмай, аман шыққаны үшін шүкіршілік ету ретінде тойланады. Наурыз мерекесінің алғашқы күні де осыдан бастау алады. Шығу төркіні тереңде жатқанымен осы мерекені тойлау енді-енді ғана өрісін кеңейте бастады. Жаңа жылға аман-есен жеткені үшін әрбір адам осылайша қуанады. Жастар жіті түсіне бермегенмен, көнекөз қариялар уақытында оны қалай тойлағанын жыр ғып айтады. Мағынасы тереңде жатқанын ұғыну қиын емес. Бүгінде ол ел ішінде кеңінен дәріптеліп келеді.

Бұл күннің мәні – қыстан, жылдан аман-есен шықтық, жаңа жылға, табиғаттың жасарар шағы – көктемге жеттік дегенді білдіреді. Енді қиындық жоқ, адамдың аузы аққа, малдың аузы көкке тиді деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышуы, ұлы той деген ұғым болса керек.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып, – деп Абай атамыз айтқандай, қазақ халқы үшін көктем тіршіліктің бастауы.

Достық пен бірлікті, ағайын арасындағы сыйластықты дәріптейтін бұл күн адамдардың бір-бірімен қауышып, жаңа күнді бірге қарсы алуына арналғандай. Бұл күні жұрт жасы үлкендерге арнайы барып, амандасып, ізгі тілектерін білдіреді. Бұл күні адамдар арасындағы өкпе-реніш ұмытылады.  Қонаққа келгендерге сый-сияпат жасалып, ақ дастархан басында игі тілектер айтылады.

Ал бұл дәстүрдің тарихына үңілсек, Омар Хайямның «Наурызнама» кітабында жаңа жылдың 14 наурыздан басталатыны жазылған.

Шын мәнінде халқымыз ілгеріде Наурыз айында  мерекені бір ай тойлаған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 8 күндік наурызнама өтетінін жазады. Ол ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы екені белгілі.

Көрісу дәстүрі тек қазақ халқына ғана емес, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, татар секілді туыстас халықтарға да ортақ. Бұл мерекенің түп-тамыры көшпенді дәуірден бастау алады. Қыс бойы бір-бірімен байланыса алмаған көшпенді ел көктем келісімен амандық-саулық сұрасып, «Көрісу» мейрамын тойлаған.  Бүгінде Көрісу күнін ел болып тойлау дәстүрі қалыптасып келеді.

– Наурыз айы мерекеден-мерекеге жалғасып жатады. Наурыздың 13-нен 14-не қараған күндері Көрісу күні деп аталады. Табиғаттың оянған, күн сәулесі шуағын төккен көктем мерекесі осы күннен бастау алады. Бұл мереке еліміздің батыс өңірінде жақсы тойланады. Қазіргі кезде еліміздің барлың өңірлерінде осы күні түрлі мәдени шаралар өтуде. Бұл мерекенің тойлануына ел болып қуанамыз. Өйткені тәрбиелік мәні зор. Аталарымыз бата беріп, әжелеріміз қазан асып, дастарханға ұлттық тағамдарды қойып бұл күнге ерекше дайындалады. Халық мерекеде ұлттық киімдерін киіп, жақсы көңіл-күймен ауылдағы ақсақалға, әулеттің үлкеніне сәлемдесіп, сый құрметін жасайды. Көрісе келген адамды үй иесі көтеріңкі көңіл-күймен үйіндегі мол дастарханға шақырады. Бұл күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмауы тиіс. «Бір жасқа шығуыңмен!», «Қыстан аман шығып, жаңа жылға қадам басуыңмен!» деген ізгі тілектер айтылады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, әрбір  үй өзінің ата-бабасының, қайтыс болған жақын-жуығының басына барып, зиярат етеді. Осы күні өткен жылдың ренішін жаңа жылға алып кірмеуі үшін адамдар бір-бірінен кешірім сұрайды. Ренішін ұмытып, татуласады, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы,  саясаттану ғылымдарының кандидаты Шырынкүл Кішкентайқызы.

P.S. Адамдар арасындағы сыйластық, төс қағысты­рып, қол алысу – кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық қасиет. Демек, Көрісу күні үй-үйді аралап, ақсақалдардан бата алған да артық етпес. Бұл күн ақ тілектер айтылатын күн.

Бұл мерекенің мәнін түсіне білгенге маңызы зор. Себебі қазір кейбір ағайындылар араласуды қойды. Достықтың да аражігі ажырап барады. Көршілер үйлеріне бас сұқпайды. Дәл осы тұста бұрынғы қонақжай қазақы ниет пен болмысымызды сақтап қалуымыз қажет. Сондықтан ағайынмен араласуда, туыстық қатынасты сақтауда бұл мереке ерекше маңызға ие. Амалын тауып осы күні ренжіткен адамнан кешірім сұраудың сәті де түседі.

Рухани дүниемізді байыта түсер тағы бір күн қатарға қосылса, нұр-үстіне нұр. Ең бастысы, бір-бірімізге деген дархан көңіліміз бен кең пейіліміз түзу болсын.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: