Сенбі, 28 маусым, 12:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47,2160
28.06.2025
PDF мұрағаты

Құрметке бөленген күн

28.06.2025

57 0

Қала тынысын ақпараттандырып, қаламына арқау еткен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері марапат мінберіне шықты. Қала әкімдігінің ұйымдастыруы­мен Қаламгерлер аллеясында өткен салтанатты жиында әріптестеріміз құрметке бөленді.

Биыл – Қызылорданың астана болғанына 100 жыл. Ақмешіт бас қала болған сәтте мұнда руханият та, өнер де, мәдениет те дамыды. Тіпті сол кезеңде елдегі баспа құралдарының көпшілігі Қызылордада басылған. Ал қазақтан шыққан тұңғыш әйел журналистер Сара Есова, Нәзипа Құлжановалар да осында еңбек етті. Ғасыр бұрын тұсауы Қызылордада кесілген басылымдардың қатарында әлі күнге жарық көріп келе жатқан «Қазақстан мектебі» де бар. Жиында алғаш сөз алған қала әкімінің орынбасары Бақытжан Омаров қазақ журналистикасының дамуындағы Сыр журналистикасының үлесі туралы айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистиканың билік пен қоғамның ара­сындағы пәрменді байланыс екенін нықтап айтты. Бұл ретте сіздердің еңбектеріңіз зор. Кеше ғана Президенттің құрметіне бөленген жерлестеріміз Нұрбек Әмиша мен Ақерке Биятова – Сыр журналистикасының қаншалықты биік деңгейде екенін танытты. Мерекелеріңіз құтты болсын. Қаламдарыңыз мұқалмасын, – деді Бақытжан Бауыржанұлы.

Құрмет төріне көтерілгендердің қатарында белгілі қаламгер Жүзбай Таңрықбаев пен ақын-журналист Дүйсенбек Аяшұлы бар. Қала әкімінің орынбасары аға буын журналистердің иығына шапан жауып, сый көрсетті. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Болат Жұмабаевқа Қазақстан журналистер одағының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, Мұрат Жетпісбаев, Айнұр Тұңғышбаева, Мира Жакибаева, Ербақыт Жалғасбаев және басқа да журналистерге қала әкімінің арнаулы сыйлығы табысталды.

Әріптестеріміз «Ақмешіт апталығы» газетінің бөлім басшысы Айтолқын Айтжанова, «Сыр бойы» газетінің тілшісі Сара Адайбаева, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Әлия Тәжібай, «Kyzylorda news» интернет газетінің тілшісі Айжан Жарманова да осы қатарда 150 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.

Жиын соңында ақын-журналист Дүйсенбек Аяшұлы құттықтау сөз сөйледі. Ал өңір өнерпаздары Ақмешіттің аспанын әнмен әуелетті.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: