Мұғалімдер күніне орай А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде мерекелік жиын өтті. Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов және облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов мұғалім мамандығының қоғамдағы айрықша орнын атап өтіп, ел ертеңін тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегі үшін ұстаздар қауымына алғыс білдірді.
– Биылғы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалаймын. Сіздердің жас буынға беріп жатқан біліміңіздің күшіне сенемін. Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында мәңгі шәкірт болып қалады», – деген болатын. Бұл сөз барша мұғалімге деген шынайы құрметтің көрінісі, – деді ол.
Ұстаз – ұлттың рухани тірегі. Бүгінгі таңда еліміздің білім саласында жүзеге асып жатқан игі бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмасы облыс, қала басшылығының қолдауының нәтижесі. Осы бағытта Қызылорда қаласында соңғы жылдары білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Өзгерістер көп. Бастысы, нәтижелі.
Мәселен, биылдың өзінде 5 бірдей «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Сонымен қатар физика-математика бағытындағы жаңа мектеп өз жұмысын бастап, алғашқы оқушыларын қабылдады. «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы дарынды балаларға арналған жаңа мүмкіндік алаңына айналды. «Оқушылар сарайы» – озаттар ордасына, ал спортқа бейім жасөспірімдер үшін «Үстел теннисі» орталығы тиімді нысанға айналды.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде шәкірттеріміз түрлі зияткерлік және шығармашылық сайыстарда топ жарып, ел мерейін асырып жүр. Халықаралық және республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған оқушылардың қатары жыл санап артуда. Ұлттық бірыңғай тестілеуде де Сыр елінің түлектері жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, грант иегерлері қатарынан табылды.
Мұғалімдердің еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Бірқатар мұғалімдер «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Құрмет» грамоталары, облыс және қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Үздік 10 педагогке 150 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
– Біздің қажырлы еңбегімізді ұлықтап, төрге шығарып жатқанына алғысымыз шексіз. Расында, ұстаздың еңбегі орасан зор. Баланы тәрбиелеу бір бөлек, ал білім беріп алға қарай жетелеу мүлде бөлек. Сондықтан да барша ұстаздарды айтулы мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын, – дейді №187 М.Шоқай атындағы IT-мектебінің ұстазы Ләззат Төлегенова.
Мерекелік кеш ұстаздарға арналған ән-жырмен жалғасты. Оқушылар сахна төрінде өнер көрсетіп, ұстаздарына деген алғысын әнмен жеткізді. Мағжан Жұмабаевтың: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» деген қанатты сөзі шара барысында жиі айтылды. Бұл – ұстаз еңбегіне деген мәңгілік құрметтің белгісі.
Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!