Құрылтай – қазақ халқының тарихи жадында ел тағдыры таразыға түскен сәттерде ортақ ақылмен шешім қабылдайтын ұлы кеңес ретінде сақталған тағылымды дәстүр. Осы тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы ретінде Мемлекет басшысының төрағалығымен 2022 жылдан бері Ұлттық құрылтай тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінде бұл алаң халық асыға күтетін, ел дамуының өзекті бағыттары талқыланатын маңызды қоғамдық-саяси платформаға айналды.
V Ұлттық құрылтайдың Сыр өңірінде өтуінің символдық әрі саяси мәні зор. Себебі Қызылорда – ғасыр бұрын ел тағдырына қатысты шешімдер қабылданған, алғашқы астана болған қасиетті мекен. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл тарихи ерекшелікке арнайы тоқталып, өңірдің ел тарихындағы орнына жоғары баға берді.
Бесінші құрылтай отырысында көтерілген мәселелер қоғам өмірінің барлық саласын қамтыды. Ұлттық бірлікті нығайту, әділетті және жауапты мемлекет қалыптастыру, басқару тиімділігін арттыру секілді басымдықтар айқындалды. Президент өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерді атап өтіп, бұл жетістіктер аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың жүйелі әрі табанды жұмысының нәтижесі екенін ерекше айтты.
Мемлекет басшысының білім, ғылым және жоғары технология саласына инвестицияны арттыру туралы пікірі – уақыт талабынан туындаған стратегиялық шешім. Адам капиталының сапасын арттырмайынша, елдің ұзақ мерзімді дамуы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігі қамтамасыз етілмейтіні анық. Осы тұрғыда цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялау – сән қуалау емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты міндет деп түсінуіміз керек. Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы да терең мазмұнға ие. Бұл – ұлттық сананы жаңғыртуға, қоғамда жауапкершілік пен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды идеологиялық бағдар. Тазалық – әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс құндылық. Қоршаған ортаға деген жауапкершілік көшеден емес, әр адамның өз ауласынан, өз үйінен басталуы қажет. Бұл қағиданы қоғам санасына сіңіру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Құрылтайда қозғалған ең өзекті тақырыптардың бірі – парламенттік реформа. Мемлекет басшысы атап өткендей, биылғы жыл Қазақстанның болашағына тікелей ықпал ететін маңызды кезең болмақ. Бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастама ашық форматта, қоғамның белсенді қатысуымен талқыланып келеді. e-Otinish платформасы мен Egov порталында азаматтардың ұсыныс білдіруіне мүмкіндік берілуі – реформалардың халықпен бірге жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына білікті заңгерлердің, сарапшылардың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдерінің тартылуы қабылданатын шешімдердің сапасын арттыра түседі. Қоғамда бұл бастамаға кең қолдау бар екені әлеуметтік сауалнамалар мен өңірлердегі кездесулер барысында да айқын аңғарылды. Сонымен қатар Президентіміз болашақ Парламентке «Құрылтай» атауын беру туралы ұсынысы – тарихи дәстүр мен қазіргі саяси реформалардың терең сабақтастығын көрсететін салмақты шешім. Құрылтай ұғымы – елдік мүддені ортақ ақылмен шешудің символы. Бұл атауды саяси жүйедегі маңызды институт ретінде бекіту ұлттық бірегейлікті нығайта түседі.
Депутаттар санына қатысты ұсыныстарда да айтылып, басты назар сапаға аударылды. Жұмыс тобы ұсынған 145 мандат, комитеттер мен басшылық құрылымын оңтайландыру – халықаралық тәжірибені ескерген байыпты қадам. Мәселе санында емес, ел мүддесін терең түсінетін, кәсіби әрі отаншыл тұлғалардың өкілді билікке келуінде екенін Мемлекет басшысы атап өтті.
Партияның Қызылорда облыстық филиалы ретінде біз Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай алаңында көтерген бастамаларын саяси жаңғырудың қисынды жалғасы деп бағалаймыз. Бұл реформалар өкілді биліктің тиімділігін арттырып, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын күшейтеді. Алдағы өзгерістер әділетті, ашық әрі жауапты Қазақстанды қалыптастыру жолындағы нақты нәтижелерге жеткізетініне сеніміміз мол.
Жандос Базартай,
«AMANAT» партиясы
Қызылорда облыстық филиалының төрағасы
«Құрмет» орденінің иегері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!