Сенбі, 21 желтоқсан, 21:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Құрылыс қарқын алды, сапа қалай?

21.12.2024

69 0

Қыс мезгілі болса да қалада қарбалас тіршілік.

Күн сайын биіктей түскен жаңа нысандар алыстан менмұндалайды.

Зәулім ғимараттар қатары келер жылы да толыға түспек.

Қала әкімі Нұржан Ахатов БАҚ өкілдерімен бірге қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Ондағы мақсат – құрылыс барысын бақылап, жұмыс сапасына баға беру. Қала әкімі барған алғашқы ны­сан – сол жағалауда салынып жатқан жаңа спорт кешені болды. 10 мың адамға арналған стадион құрылы­сын бас мердігер «ВД Строй Инжиниринг» ЖШС жүргізуде. Нысанды келер жылдың мамыр айында аяқтау жоспарлануда. Құрылыс жұмысына жергілікті бюджеттен 20,9 млрд теңге қаражат бөлінген. Стадион ғимараты 300-ге жуық автотұрақ алаңы, 4 автобусқа арналған автотұрақ, жылу қазандығы және қоқыс төгетін орынмен қамтамасыз етіледі.

Қала әкімі Нұржан Ахатов жаңа стадион айналасына «Жасыл қала» бағдарламасы аясында көгалдандыру жұ­мыстарын жүргізу керектігін айтты.

– «Жасыл қала» бағдарламасы аясында көркейту жұмыстарына жіті назар аударылуы тиіс. Кей ағаштар біздің өңірдің ауа райына сәйкес келмей, қурап қалып жатады. Сондықтан стадион аумағын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Қурап қалатын ағаштар қажет емес. Мамандармен ақылдасу керек, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ қала әкімі Нұржан Ахатов физика-математика бағытындағы мектеп-интернатының құрылысымен таныс­ты. Құрылысты жүргізуге 7,9 млрд теңге бөлінген. Шаһар басшысы мерді­гер «Промстройсервис Е» ЖШС басшы­­ларына ғимарат құрылысы жоба­лық-сметалық құжатқа сай жүргізіліп, уақы­тылы әрі сапалы болу қажеттігін айтты. Заманауи үлгідегі жаңа білім орда­сы қазіргі цифрландыру, индуст­риялан­дыру заманында ІТ саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңыздылығын ескеріп отыр. Яғни, жаратылыстану, физика, математика бағытындағы пәндерге басымдық беріліп, оқушылар осы бағытта терең білім алады.

Келесі нысан – сол жағалаудағы 40 пәтерлі 10 тұрғын үй құрылысы. Жоба құны 8,9 млрд теңге.  Ал тұрғын үй аумағын абаттандыруға және инженерлік жүйелерге 1,7 теңге қаржы қаралған. Қала әкімі мердігер компания өкілдеріне құрылыс жұмыстары жобалық-сметалық құжатқа сай, уақытылы әрі сапалы жүргізілу керектігін ескертті.

Қаламыздың сол жағалауында тарихи-мәдени мұра орталығының құрылысы жүріп жатқаны белгілі. Қала әкімі бұл құрылыс нысанына да барып, жұмыстың жүргізілу барысын өз көзімен көрді. Бас мердігер «Авангард ПГС» ЖШС  салып жатқан тарихи-мәдени мұра орталығы келер жылдың мамыр айында  аяқталады деп жоспарланған.

Мұнда музыкалық колледж ғима­ратының құрылысы да жүріп жатыр. Ғимарат жанында колледж студенттеріне арналған арнайы жатақханада салы­нуда. Ғимарат жұмысын жүргізуді «Интегрострой» ЖШС мердігер компа­ниясы өз мойнына алған. Үш қабатты ғимарат 650 орынға арналған. Жаңа нысан шығармашыл жастардың өнерін шыңдауға жан-жақты мүмкіндік беретіні анық.

Облыс орталығында инновациялық шығармашылық орталығының іргетасы қаланғаны белгілі. 2025 жылы пайдала­нуға берілетін ғимаратта бүгінде қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Құрылыс барысын көрген қала әкімі 2025 жылдың мамыр айына дейін аяқтауды тапсырды. Заманауи нысан ғылыми-техникалық және спорттық сауықтыру бағытында жұмыс істейтін болады.

– Ең бірінші кезекте жұмыс сапа­сына мән беру керек. Құрылыс ны­сандарының сапалы болуын аймақ бас­­шысы өз бақылауында ұстап отыр. Сондықтан жобаны мақұлдау сатысынан бастап, толық аяқталғанға дейін жіті қадағалаңыздар, – деді қала әкімі.

Құрылыс нысандарын аралап көрген қала әкімі күннің суығына қарамай ортақ мүдде үшін еңбек етіп жүрген құрылысшыларға алғысын білдірді. Ме­кеме басшыларынан әрбір істен сапа мен жауапкершілікті талап ететінін айтты. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы  Ерлан Тұралиевке жұмыстың сапалы әрі тиянақты орындалуын сәт сайын қадағалап тұруды тапсырды.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: