Сенбі, 28 ақпан, 01:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16 (2228)
28.02.2026
PDF мұрағаты

Құрылыс қарқынды жүргізілуде

28.02.2026

38 0

Өткен жылы атқарылған жұмыстар шаһардың сәулеттік келбетін айқындап қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталды. Әсіресе Сырдарияның сол жағалауы жаңаша сипат алып, заманауи ықшам аудандар бой көтерді. «Тұрғын үй құрылысын салу» бағдарламасы бойынша Сырдария өзенінің сол жағалауында №2 ықшам ауданында  40 пәтерлі 10 тұрғын үйдің, 84 пәтерлі №8 тұрғын үй құрылысы аяқталды. Көпқабатты тұрғын үйлер салынып, олардың инженерлік желілері жүргізіліп, аулалары абаттандырылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің брифинг залында қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Серікұлы айтты.

Қалаға қарасты ауылдық округтерде де ау­қымды жұмыс жүзеге асты. Жаңа қоныстанған аймақтарға электр желілері тартылды. Бұл тек жарық мәселесін шешіп қана қоймай, ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына, тұрмыс жағдайын жақсартуына мүмкіндік берді.

Газдандыру бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жалғасты. Сабалақ елді мекеніне «көгілдір отын» жетіп, бірқатар аумақтардағы газ мәселесі шешімін тапты. Қала ішіндегі бұрын газ тартылмаған аймақтарға да құбырлар жүр­гізілді. Бұл – экологиялық ахуалды жақсартып, тұрғындардың тұрмысын жеңілдететін қадамның бірі. Сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту – басты назарда. Қаладағы ағын сулар­ды тазарту станциясы жаңартылып, су құбыры желілері кезең-кезеңімен қайта жөнделді.

Әлеуметтік қолдау шаралары аясында көп­балалы және әлеуметтік осал топтағы азамат­тарға баспаналар табысталды. Ипотекалық бағдар­ламалар арқылы отбасылар жаңа пәтерге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады.

Қызылорда қаласында 2026 жылы құрылыс саласында ауқымды жоба жүзеге аспақ. Биыл негізгі басымдық тұрғын үй қорын толықтыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және ауылдық елді мекендердің жағдайын жақсар­туға бағытталып отыр. Осы бағытта сол жағалаудан кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға пәтер сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар жеке инвесторлар есебінен салы­натын көпқабатты тұрғын үйлерді мемлекет тарапынан сатып алып, оларды ипотекалық бағдарламалар арқылы халыққа ұсыну көзделуде. Сол жағалаудан кезекте тұрған отбасыларға 1306 пәтер сатып алу жоспарланса, Президент саябағы жанынан 9 қабатты 63 пәтерлі 15 тұрғын үй «Отбасы банкі» арқылы ипотекаға беріледі.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауылдық округтердегі электр желілерін аяқтау жұмыстары жалғасады.

– Қызылжарма, Ақсуат және Қызылөзек ауыл­дық округтерінде жарықпен қамту және қолданыстағы желілерді жаңғырту жоспарланған. Газдандыру бағытында Сабалақ елді мекеніндегі орамішілік газ желісінің екінші кезеңін аяқтау көзделіп отыр. Бұл жоба толық іске асқанда тұрғындар табиғи газға толық қол жеткізеді. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту аясында Жезқазған тас жолы бойындағы жаңа аумаққа инженерлік желілер жүргізу, сол жағалаудағы көпқабатты үйлердің инфрақұры­лымын аяқтау және Президент паркі маңындағы тұрғын үйлерге магистральдық желілер тарту жұмыстары жалғасады. Жылумен қамту жүйесін жетілдіру мақсатында сол жағалаудағы 40 МВт-тық қазандықты толық іске қосу жоспарланған. Жөндеу жүргізіліп жатқан Президент саябағы да алдағы наурыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, – деді қалалық құрылыс бөлімі басшысы Айдын Серікұлы.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: