Қызылордадағы маңдайалды саябақтардағы жөндеу жұмысы қызу жүруде. Қалалық мәдениет және демалыс саябағы биылғы маусымда халыққа қызмет көрсететін болса, Тұңғыш Президент саябағы жыл аяғына дейін іске қосылады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мұндағы жұмыстармен танысты.
Тұңғыш Президент саябағында халықтың сұранасына сай автокөлік тұрағы салынады, гүлзармен көмкерілген көркем келбеті қалыптасады. Парк ішінде 3 аллея, 3 бөліктен тұратын субұрқақ, амфитеатр, бетон-скейтпарк, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт алаңы, 4 workout аймағы, 4 фудкорт, шағын сәулеттік пішіндер және аттракцион болады.
Ал қалалық мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңғырту бағытында мұнда 20-дан астам заманауи атракцион орнатылып, серуен жолына қырлы кеспе плита төселуде. «Bi Global» серіктестігі демонтаж жұмыстарын бітіріп, субұрқақтар мен жарық шамдарын монтаждауға кіріскен. Мамыр айында толық аяқтап, пайдалануға беру межеленген.
Сонымен қатар аймақ басшысы Қызылорда қаласындағы жаңа жылу-электр орталығы құрылысымен танысты. Инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы жобаға бағыттаған 215 млрд теңге инвестициясының 137 млрд теңгеден астамын салды. Негізгі қондырғыларды дайындауға шетелдік компанияларға тапсырыс беріп, қазір газтурбиналық қондырғылар мен жылу қазандығы орнатылуда. Бюджет есебінен 15 млрд теңгеге жаңа орталыққа дейін газ құбыры жүргізілді. Жылу-электр орталығын биыл төртінші тоқсанда іске қосу жоспарлануда.
Сырдария өзенінің сол жағалауындағы тарихи-мәдени мұра орталығының құрылысы да аймақ басшысының назарынан тыс қалмады. Құрылыс алаңындағы жұмысқа 90 адам және 10 техника жұмылдырылған. Қазір мұнда ішкі әрлеу, сумен жабдықтау, кәріз, газ және электр желілерін тарту қарқынды жүргізілуде. Нысан мамыр айында ел игілігіне табысталады.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!