Дүйсенбі, 25 қараша, 00:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Құрылысшылар құрметке лайық

10.08.2024

356 0

Сала мамандарын құрыш қолды құрылысшы деп бекер айтпаса керек-ті. Алтай мен Атырау арасындағы алып атырап төріндегі аспанмен астасқан зәулім ғимараттардың әрбірінде олардың қолтаңбасы бар. Сыр бойында да еңбегі еленіп, құрмет төріне шыққан құрылысшылар жетерлік. Құрылысшылар күні қарсаңында біз «Интегрострой» ЖШС директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» Ысқақов Бақдәулет Құлбекұлымен сұхбаттасқан едік.

– Бақдәулет Құлбекұлы, әңгіменің әлқиссасын құрылысшы деген кім деген сауалдан бастасақ… Олардың қоғам үшін маңызы қаншалықты?
– Біз айналамыздағының бәрінің әдемі болғанын қалаймыз. Білесіз бе, сол әдеміліктің бәрі майталман құрылысшылардың қолынан шығады. Әрбір кірпіштің өз орнына дөп түсіп, әрбір ғимараттың өз талабын сақтай отырып, орналасуына, сонау іргетастың орнынан бастап еңбектенеміз. Жердің қаттылығы, мықтылығы, ол жерге іргетас қалаған сәтте қандай жағдайда болатыны – барлығын ескереміз. Өйткені бүгін салынған ғимарат алдағы 50-100 жылда да қызмет етуі керек. Осы жерде ең үлкен жауапкершілік бар. Салынған нысан қанша жыл тұрса да, сол ғимаратқа кіріп-шығатын әрбір адамның өміріне қауіпсіз болу керек. Міне, құрылысшылардың қоғам үшін маңызына тоқталсақ, олардың қоғамдағы орны адам жанының арашашысы атанған ақ халатты, алтын қолды дәрігерлерден бір мысқал да кем емес. «Теңіз тамшыдан құралады» деген бар. Мына біз өмір сүріп жүрген көркі көз тартар шаһарымыз да осы құрылысшылардың қолымен қаланған әрбір детальдан құралған. Ең дұрыс анықтама осы болар…

Құрылысшылар құрметке лайық


– Қазір мекеменің құрылып, жұмыс істей бастағанына 30 жылдай уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында қандай маңызды нысандар салдыңыздар?
– Әрине, барлығын тізіп айтып шығу мүмкін емес. Бірақ ойға іліккен маңыздыларын атап өтуге болады. 1998 жылдан осы аралыққа дейін мекеме облыс және аудандарда, Қызылорда қаласында, сондай-ақ республика деңгейінде апатты болған аймақтарда көптеген құрылыс нысанын салып, күрделі жөндеуден өткізіп, халық игілігіне пайдалануға бердік. Біз облыстың орталығында ғана емес, барлық елді мекендерде де өзіміздің қолтаңбамызды қалдырдық. Мәселен, Сырдария ауданында тұрғын үйлердің құрылысы, Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі №70 орта мектепке кеңейту жұмысы, Жалағаш кентіндегі 464 орындық мектеп құрылысы біздің құрылысшылардың қолынан шықса, қалаға қарасты бірнеше елді мекендерде Қызылөзек, Қызылжарма, Ақсуат, Қарауылтөбе ауылдық округтерінде де тұрғын үйлер салдық. Жалағаш кентіндегі Оқушылар үйінің құрылысы да – біздің жұмысымыздың бірі. Қызылорда қаласындағы Жібек жолы шағын ауданындағы 60 пәтерлі №12 коммуналдық тұрғын үйы, Жалағаш кентіндегі Халыққа қызмет көрсету ортылығы, Жалағаш кентіндегі орталық алаңды қайта жаңғырту жұмысы, Қызылорда қаласы Сырдария шағын ауданындағы 40 пәтерлі №21 ипотекалық тұрғын үй, Сырдария шағын ауданындағы 40 пәтерлі №1 жалдамалы тұрғын үй, Әбілдә Тәжібаев атындағы 400000 кітап қорын сақтайтын облыстық әмбебап кітапхана, Жібек жолы көшесі №1, 12 үйлер, Жасөспірімдер үйі, Құдабаев көшесіндегі 90 орындық санаторлық типтегі балабақша, Бейбарыс сұлтан көшесіндегі №2 тұрғын үй құрылысы, Жалағаш ауданы Шәменов ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Қызылорда қаласы Титов қыстағының тұрғын ауданындағы 24 пәтерлі тұрғын үй құрылысы, Шүкіров көшесіндегі мектеп-интернаттың әкімшілік ғимаратын орналастыру үшін қайта жаңғырту арқылы күрделі жөндеу құрылысы – біздің салған нысандарымыздың қатарында. Мұнан өзге де қаншама жүздеген тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар бар. Сырдария өзенінің сол жағалауынан да тұрғын үйлер салдық. Өткен жылы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойындағы №101 мектеп жанынан 375 орындық және №264 мектеп жанынан 550 орындық бастауыш сынып оқу корпусы мен Тасбөгет кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені де біздің қолтаңбамыз қалған нысандар. Айте берсек, көп. Осы отыз жылға жуық уақытта біз салған қаншама нысан ел игілігіне қызмет етіп келеді. Жанынан өткен сайын кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді…
– Айналаға пайдаңыз тиіп жатқанына қуанасыз ғой?..
– Әрине, бұл өмірдің ең үлкен бақыты да сол: қоғамға қажет екеніңді сезіну. Өз ісіңді ерекше сүйіспеншілікпен атқарып, соның жемісін өзің ғана емес, халқың көріп жатқанда, қалай қуанбайсың. Ол – жалғыз менің ғана емес, ұжымның, осындай мықты маман, тәрбиелі адам етіп өсірген ата-анамыздың қуанышы. Біз қанша жасқа келсек те, ата-анамыздың, мына байтақ Отанымыздың кіп-кішкентай перзентіміз. Олардың алдындағы перзенттік парыз әрқашан ойда тұру керек, көкейде сайрауы керек.
– Құрылыс саласындағы маман тапшылығы мен материалдық техникалық база туралы не айтасыз? Жаңа технологияға төселдік пе?
– Тарихы тереңде жатқан компаниямызда 150-ге жуық жұмысшы-қызметкерлер тұрақты жұмыспен қамтылған. Мекеме өз иелігінде құрылысқа қажетті құралдармен, механизмдермен, көліктермен толық жабдықталған. Қайырымдылық ретінде де көптеген қоғамдық іс-шараға белсенді араласып келеді.
– Туған елдің дамуына «Мен – елімді сүйемін» деп айқайлап емес, іспен атсалыс деп жатамыз ғой. Ақиқатында, мына қоғамдағы барлық адам сол елдің дамуына өз саласы, өз мамандығы бойынша еңбектене алады ғой?..
– Сөзіңізге толық қосыламын. Бір мысал айта кетейін. Өңірде қазіргі таңда оқушы санының артуына байланысты бірнеше білім ошағы қосымша құрылысты қажет етеді. Оның шешілуіне құрылысшы ретінде атсалысып жатсақ, ол келешек ұрпақтың алдындағы үлкен міндетіміз емес пе?! Елдің болашақ тұтқасын ұстайтын оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Біз де өз тарапымыздан осы іске білек сыбана кірістік. Облыс орталығында жаңа мектеп салуға ыңғайлы жер тапшы. Жаңадан ашылған жерге салынған мектепке қатынау қиын. Әсіресе қыстың күндері ата-аналар балаларына алаңдайды. Сондықтан үш ауысымдық мектептер ауласына қосымша ғимарат салу барлық жағынан да тиімді болғандықтан, мамандар осы шешімге тоқталды. Осындай мектептің бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы №4 ақпараттық технология мектеп-лицейі. Қазіргі таңда аталған мектеп жанынан жалпы ауданы 2669,14 шаршы метр болатын С.Сейфуллин атындағы №4 мектептің апаттық жағдайдағы спорт залы мен шеберханасын бұзып, мектепке жапсаржай салуды қолға алдық. Қазіргі таңда оқу корпусы мен 100 орындық асханасындағы құрылыс жұмысы аяқталып қалды. Біз қыркүйек айында қолданысқа береміз деп жоспарлап отырмыз. Жаңа ғимараттарда оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер талапқа сай жабдықталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, шығармашылық дамуы мен демалуына барлық жағдай қарастырылған. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да қауіпсіздік жабдықтары орнатылған. Мектеп жанындағы қосымша ғимарат құрылысы да осындай мақсатта қолға алынды.
– Әрине, мұның мемлекет қазынасынан жасалып жатқан жұмыс екенін білеміз…
– Мәселе онда емес. Әркім өз жұмысы арқылы Отанына пайдасын тигізе алады. Біздің әрбір жұмысымыздың артында елдің игілігі жатыр. Міне, мен осы нәрсені жеткізгім келді. Ал өз тарапымыздан атқарылып жатқан шаруа да аз емес. «Интегрострой» компаниясының демеушілік есебінен Сәкен Сейфуллин атындағы №4 ақпараттық технология мектеп-лицейінің ескі ғимаратының қасбеттерін линеарлық панельмен қаптау жұмыстары жүзеге асырылды. Біз ұлттың келешегін ойлап, елдің мүддесі жолында еңбек ететін ұрпақты тәрбиелеу үшін көп нәрсенің мектептен бастау алатынын түсінеміз және соған сай әрекет етеміз.
– Бақдәулет Құлбекұлы, Қазақстанның «Құрметті құрылысшысыз», Қызылорда қаласының «Құрметті азаматысыз», құрмет төріндегі құрылысшы екеніңізді білеміз. Бұл атақ жайдан-жай берілмеген болар…
– Атақты философ Пифагор «Бақытты қуып қара тер болма, оны өзіңнің ісің мен ішіңнен ізде» деген екен. Мен өз ісімді сүйдім, содан нәтиже шығаруға тырыстым. Ал мұның бәрі жалғыз өзімнің қолымнан келмейтін жетістік. Ұжым жұдырықтай жұмылғанда ғана биіктегі жетістікке қол жеткізеді. Бұл – халықтың, елдің бағасы. Біздің ұжымға деген құрметтің жемісі деп санаймын. Қазақта «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды» деген керемет бір сөз бар. Сондықтан марапаттың әрбірінің артында маған тілеулес жандардың сенімі мен ықыласы тұр.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: