Дүйсенбі, 25 қараша, 09:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Құрылыста жалқаулыққа орын жоқ

28.09.2024

114 0


Мақсат Көмірбаев жиырма жылдан бері құрылыс саласында еңбек етіп жүр. Ә дегенде бір компанияға жұ¬мысқа тұрып, таба¬ны күректей он жыл¬да құрылыс жұмыстарының бірнеше түрін меңгеріп шықты. Үнемі терең ізденіс үстінде жүретін оның бойындағы талап пен ынта өнерді үйреніп алуға бейім екенін байқатады.
– Он жыл құрылыста түрлі жұмыс істедім. Түріне қарап, бөлмейміз. Әмбебап маманға айналдық. Сонан кейін өзім жаңа баспана салатын болдым. Міне, сол уақытта бірде-бір іске ұста жалдамадым. Барлығын өзім салып шықтым. Міне, іздене білсең, үйренсең, алдыңа мақсат қойсаң, оған міндетті түрде қол жеткізесің, – дейді шебер.
Үйдің іргетасынан бастап, өру, сылау, еденін қағу, үйдің төбе жабындысын қағу тәрізді барлық жұмысты меңгерген ол осы күні бірнеше жас мамандарды қасына ертіп, шәкірт тәрбиелеуде. Бұған дейін де жас мамандарға ұстаз болып, өнер үйреткен. Олар да қазір өз алдына маманға айналды.
– Өзі ұстаның баласы болғанымен ұсталықтың әліппесін менен оқыған Ұлықпан деген шәкіртім бар. Құрылыстан мүлдем хабары болмай келген Нұрбек бауырым қазір менімен деңгейлес. Міне, олардың үйренгеніне қуанамын. Қазір балға ұстап, шеге қаға алмайтын балаларды көп көремін. Қараймын да, аяймын. Олар ертең қалай өмір сүреді? Ер жігітке тән қасиет қой. Өмірден бағытын айқындай алмай жүрген адам көрсем, қасыма шақырамын. Бір қазақтың аяғынан нық тұрып, несібесін табуына жәрдемдессем, ол – мен үшін үлкен жетістік, – дейді Мақсат Жұмабекұлы.
Жылдың он екі айында да еңбектеніп, маңдай терімен нан тауып жүрген құрылысшы жұмыста ең алдымен жауапкершілік болу керек екенін айтады. Өйткені, адамның аласы бар, құласы бар, оның барлығына жағатын бір ғана нәрсе: ісің мен жұмысыңның үйлесім табуы.
– Құрылыста жалқаулыққа орын жоқ. Сосын жауапкершілік болу керек. Әрбір істеген ісіңнен тапсырыс беруші мін таба алмай, жоғары баға беріп жатса, міне жетістік де¬ген – осы. Аллаға шүкір, алдамаймыз, ұрламаймыз, отбасымыздың несібесі деп, еңбектеніп, ақ-адал табыс тауып жүрміз. Мейліңіз, был¬ғары орындықта шалқайып отырып, басшы болмасақ та, өмірден өз орнымызды таптық. Айналаңдағы адамдарға керек екеніңді сезінудің өзі – бақыт. Міне, адамның өмірінің мәні де осы емес пе?! Балаларың қолыңнан келген өнеріңді бағалауы үшін адал болуың керек, дұрыс жүруің керек, – дейді Мақсат ұста.
Жаз мезгілінде сыртқы құрылыс жұмыстарымен айналысатын шебер қыс мезгілінде үй ішіндегі жұмыстарға кіріседі. Қазір де ол облыс бойынша тапсырыстармен жұмыс істеуде. Елдің алғысынан асқан не бар дейсіз?! Ал Мақсат әрбір біткен жұмыстан соң алғыс арқалап, көңілді жүреді. Бәрекелді демеске амалың жоқ.


Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: