Өңірде құрылыс қарқынды. Әсіресе облыс орталығында қайнаған тірлікті күнде көріп жүрміз. Зәулім үйлер мен ғимараттар, жолдар жөнделіп, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Биыл өңір дамуына серпін беретін ірі жобалар қатары аз емес. Олардың қатарында 11 мың орындық стадион, жаңа жылу-электр орталығының құрылысы бар.
Жаңа стадион жанында 1000 орындық автотұрақ алаңы, 40 орындық VIP автотұрақ бар. Ғимаратта спортшылардың жаттығу алаңы, жуыну аймағы және киім ауыстыруға, төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған, емдік массаж бөлмелері қарастырылған. Медпункт, допингтік бақылау бөлмесі, комментатор кабиналары, конференц зал орналасқан.
Сонымен қатар ауыр атлетика, бокс, гимнастика және акробатика, күрес, жаттығу залдары, қыздырыну бөлмесі бар.
Сондай-ақ жанкүйерлерге арналған санитарлық, тамақтану және демалыс аймақтары, кафетерий, VIP-аймақтармен және VIP-кабинеттермен қамтылған. 4 автобусқа арналған автотұрағы, жылу қазандығы, қоқыс төгетін орын және резервуармен жабдықталған. Газон төселген стандартты өлшемдегі футбол алаңы бар. Балалар мен жастар үшін түрлі спорт секциялары жұмыс істейді. Стадион қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Өңірдегі электр және жылу энергиясының тапшылығын шешу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан жаңа жылу-электр орталығының құрылысына инвестор «Акса энерджи» түрік компаниясы 137 млрд теңгеден астам инвестиция салды.
Жоба аясында 2 газ турбиналық қондырғы, 95 МВт-тық бу турбинасы, 2 бу, 4 жылу қазандығы салынады. Бүгінде құрылыстың 70 пайызға жуық жұмысы біткен. Бұдан бөлек, бюджет есебінен 15 млрд теңгеге орталыққа дейінгі 45 шақырым газ құбыры, автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. Құрылыс алаңында 1200-ден астам адам және 130 арнайы техника жұмыс жасауда. Жұмысшылардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар екенін айта кеткен жөн. Станцияны биыл, төртінші тоқсанда іске қосу жоспарланған. Бірінші кезекте 1 газотурбиналық қондырғы мен 2 жылу қазандығы, келер жылы қалған қондырғылар қосылады.
Сондай-ақ Сырдың бас шаһарында жол құрылысы қызу жүруде. Атап айтқанда, Жанқожа батыр көшесінде теміржол өткелі салынуда. Бұл қаланың орталық бөлігін Шанхай, Коммунизм, Гагарин шағын аудандарымен қауіпсіз байланыстыруға, көлік қатынасын жақсартуға, қалаішілік жүк және жолаушылар тасымалын арттыруға, азық-түлік айналымын ұлғайту арқылы өңір экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы құны – 4 650,9 млн теңге, бас мердігер «СМК Аманат», техникалық қадағалаушы «МСК Инжиниринг», авторлық қадағалаушы «Инженерный Центр Алматы» серіктестіктері.
Қазіргі таңда айналма теміржолдар салынып, инженерлік желілердің орны ауыстырылуда. Сонымен қатар 940 тонна арматура жеткізіліп, свай каркастарын тоқу, тіреу қабырғаларына арматура орнату және бетондау жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек, «Қызылорда – Құмкөл» бағытындағы 9,76 шақырымдық автожолдға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 2 483,9 млн теңге, мердігер «Дорстрой», техникалық қадағалаушы «АрхиДизайнСтройИнжиниринг» серіктестіктері. Өткен жыл соңында бастиалған жол жөндеу жұмыстары биылғы қыркүйек айының соңында аяқталмақ. Сонымен қатар «Қызылорда – Құмкөл» автожолының көлік жолайрығында жол жөндеу жұмыстары жүруде. Мұндағы күрделі жөндеу жұмысы жобасының жалпы құны – 1,4 млрд теңге, мердігер – «Қыран» ЖШС. Қазіргі таңда көпірдің 5 кіреберіс қанаты асфальтталды, негізгі үстіңгі бөлігіне қиыршық тас, 800 метріне асфальт төселген. Сонымен қатар қаладағы Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының жалғасы саналатын жол құрылысы да биылғы жыл еншісіндегі қызу жұмыстың бірі. Тағы бір ауқымды жұмыс – Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін нығайту және Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі 2,9 шақырым жол құрылысы. Жобаның құны – 5,3 млрд теңге. Мұнда 4 жолақты автожолмен қатар, ені 6 метр жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынады. Жол құрылысын «УАД» ЖШС жүргізуде.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!