Сейсенбі, 13 мамыр, 17:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35,2148
13.05.2025
PDF мұрағаты

Қуандық Тәңірбергенов, электр маманы: Электриктер санатын «Төтеншеліктермен» теңестіру керек

13.05.2025

31 0

Қазіргі уақытта электр жарығынсыз бір күніміз жоқ. Тіпті кейде аз ғана уақытқа жарық өшіп қалғанның өзінде шыдамсызданып кетеміз. Ал ол жарықты қосу үлкен еңбек екенін және оның қауіпті де болуы мүмкін екендігін естен шығарамыз. Электр мамандары – уақытпен санаспай халыққа еңбек етеді. Жемісті еңбек етіп жүрген бұл мамандық иелерінің әрбір жұмысы қауіпті.

 «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді  дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Біздің кейіпкеріміз осындай құрметке лайық жан. Қорқыт ата атындағы халықаралық әуежай АҚ-ның инженері Қуандық Тәңірбергенов­ мамандықтың қыр-сыры, қиындығы жөнінде айтты. 

Қуандық Тәңірбергенов электр мамандығы бойынша 15 жылдан бері түрлі кәсіпорындарда қызмет етіп келеді. 2015 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы халықаралық әуежайда АҚ жұмыс істеуде. Әуе көліктерінің ұшып қонуы кезінде қону алаңдарының жарықпен қамтамасыз етілуі, әуежай терминалындағы әрбір техника, құрылғы тоқ өткізгіші арқылы жұмыс істеп тұрғандықтан жарықтың  сөнбеуі секілді жауапты  жұмыстардың барлығын Қуандық атқарады.

Бала күнімнен қызықтым

– Қанша дегенмен, апатты жағдай орын алуы мүмкін. Оған да тастүйін дайындықпен резервтегі тоқ көздерін жылдам қосу керек. Осындай жауапкершілікті жұмысты істеп жүрген жайым бар, – деп бастады әңгімесін ол.

– Осы мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

– Бала күнімнен техникаға қызығатынмын. Үйдегі электр құралдары істен шықса, оны ашып, жөндеуге тырысатынмын. Әкем де қолынан іс келетін адам, әкемнен үйренгенім көп. Уақыт өте келе бұл қызығушылық мамандық таңдауыма себеп болды.

–  Еңбекқор болу үшін адамға қандай қасиет қажет?

–  Негізі адамға адам ретінде өмір сүру үшін де керек қасиеттер бар. Олар – адамгершілік, жауапкершілік. Өмірге адами тұрғыда қарап, өз ісіне жауапкершілік танытса, кез келген жұмыс нәтижелі болады. Сонымен қатар шыдамдылық пен тәртіп те қажет.

– Қанша дегенмен, жұмыстың ауыр екені белгілі. Кейде креслода отыратын қызметтегілерге қызыққан кезіңіз болды ма?

– Әрине, ондай ой келетін сәттер болады. Бірақ әр мамандықтың өз қиындығы мен жауапкершілігі бар. Креслода отырса, ол кісі де өз саласында тер төгіп жүр. Ал мен өз жұмысымның нәтижесін көріп, нанын жеп, отбасымды асырап отырмын. Біреулерлер қара жұмысшы, техникалық кәсіп иесі деп менсінбей қарауы мүмкін. Шын мәнінде, бұл саладағы жұмысшылар өзін менсінбеген адамнан әлдеқайда білімді болуы мүмкін. Қарапайым ғана мысал, жарық өшіп қалды дейік. Егер сіз оның маманы болмасаңыз, тек өшіп қалды деп қабылдайсыз. Ал оның бір ғана емес, бірнеше себебі, тіпті адам өміріне қауіп төндіретін ақауы болуы да мүмкін. Сөнген жарықты жағамын дегенше де, жаққаннан кейін де электриктің жаны жай таппайды. Өйткені ол – ешкімге бағынбайтын, үнсіз ғана, тек формуламен қимылдайтын кернеу. Кез келген уақытта ойламаған жағдай орын алса, ол да – сын. Сіз де «электриктер тек қысқаш пен бұрауышты ұстап жүреді» деп ойлайтын шығарсыз. Дәл сол сияқты, мен де сізді «қаламсап пен блокнот ұстап жаза салады» деп ойлауым мүмкін. Сондықтан біреудің мамандығына қызығушылықпен қарағаннан гөрі өз ісіңе жауапкершілік танытқан дұрыс шығар деймін.

– Жеткен жетістіктер, алған марапаттарыңыз бар ма?

– Марапат дейтін көп қағазым жоқ, дегенмен, осы жұмыс орнымнан алған екі марапатым бар. Бірі – жақсы еңбек еткенім үшін берілген Алғыс хат, екіншісі – әуежайдың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында берілген «Құрметті қызметкер» медалі. Аз да болса, осының өзі көптей көрінеді. Еңбегімді елеп, марапатқа ұсынып, беріп жатқан ұжымыма, басшыларға алғыс айтамын. Ең үлкен марапат, ол – ықылас қой. Жұмысыңды көріп, елеп, бірауыз лебізін айтса, сол да біз үшін марапат.

Өз ісіңнің шебері бол

–  Жұмыстың қиындығына қалай шыдайсыз?

 – Қиындыққа төзу үшін жұмысыңды ынтамен істеу керек. Сонымен қатар тәжірибе жинақталған сайын, бұрынғыдай логикалық тұрғыдан қиналмайсың. Ал физикалық ауыртпалық міндетті түрде болады. Жұмыстың күрделі, қиын болғанын көре тұра тәуекелге бел байлаймыз. Көз алдыма бала-шағамның ас-ауқаты, олардың сұранысы, тұрмыстық жағдай келіп тұрған соң жұмысты оңай, қиын деп қарауға мұрша жоқ. Отбасымның қолдауы, сенімі, болашағы және жанымдағы әріптестердің демеуі жігер сыйлайды.

– Абыройлы болу үшін не маңызды?

– Бұл сөздің ауқымы өте кең ғой. Жан-жақты қарастыруға болады. Енді жұмыс барысындағы қадір-қасиет, атақ-дәреже тұрғысынан келсек, абыройлы адам – адамдығын сақтаған, адал еңбек пен сөзге беріктігін ұмытпаған жан. Қандай жағдай болсын, уәдеңде тұрып, өз ісіңді адал атқарсаң, абырой өздігінен келеді. Айналаң саған сенім артып, бағаңды білсе, бұл да – абырой. Абырой дегеннің өзі қолға ұсталмайтын, дерексіз нәрсе болған соң, оған керек қасиеттер де адами құндылықпен тікелей байланысты.

– Мамандық таңдаған жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Шыны керек, жастардың көбі қазір техникалық мамандық таңдағысы келмейді. Өйткені әке-шешесінің қиналып жұмыс істеп, қажып жүргенін көріп өскен бала оңай жұмыс іздейді. Менің ойымша, солай. Ал осы мамандықты таңдаған жастар болса, айтарым,  ұқыптылық керек. Электр – ойыншық емес, қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жағдайда үлкен қатерге ұшырауы мүмкін. Сондықтан білімге құштар, жауапты, жан-жақты болу қажет. Тынбай жұмыс істеуге ынтасы бар адам қай салада да жетістікке жетеді.

Қуандық Тәңірбергенов, электр маманы: Электриктер санатын «Төтеншеліктермен» теңестіру керек

Естен кетпес оқиға

–  Осы жұмыста жүріп өміріңізге қауіп төнген немесе біреудің өмірін құтқарған сәттер болды ма?

– Әрине, қауіпті жұмыс болған соң түрлі жағдай болады. Дәл жұмыс орнымда болмаса да тоқпен жұмыс істеу барысында бірнеше рет  оқиға орын алды. Әуелі Құдай, содан кейін сақтық ережелерін қолданудың арқасында аман қалдым деп ойлаймын. Мұндай қауіпті сәттер уақыт пен өлшемді таңдамайды. Жерде тұрсаң да, бағанада тұрсаң да, тіпті қарапайым шам ауыстыру сәтінде де болуы мүмкін. Жұмыс барысында жанымдағыларға сақ жүруді үнемі айтамын. Ал біреудің өмірін құтқару бойынша бір оқиға болды, бірақ бұның жұмысқа қатысы жоқ. Бесінші қабаттан құлап, ес-түссіз жатқан 4-5 жастағы баланы жедел жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсетіп, жасанды дем мен жүрек массажын жасау арқылы оятып алдым.

Жалпы, менің ойымша, осы электр энергетикасы саласында жұмыс істейтін мамандарды төтенше жағдай мамандарымен бірдей мәртебеге ие техникалық маман иелеріне жатқызу керек. Оған себеп жоқ емес, электр жүйесімен жұмыс істеу – адам өміріне тікелей қауіп төндіретін сала. Жоғары кернеулі тоқ, от алу қаупі, жарылыс немесе өрт шығу ықтималдығы сияқты факторлар бар. Апат кезінде (мысалы, су тасқыны, өрт, боран, жел, т.б.) жарық жүйесін қалпына келтіру, сым желілерін оқшаулау, тұрғындарды тоқ соғу қауіпінен сақтау – электриктің міндеті. Бұл тұрғыда олар құтқарушылармен қатар жұмыс атқарады. Электрик те қауіпсіздік техникасын білуі де, арнайы жабдықтармен жұмыс істеуді меңгеруі де міндетті. Жоғары дәлдік, физикалық дайындық және төзімділік, жедел шешім қабылдау қабілеті, яғни апат болған жағдайда әрекет ету тактикасы да төтенше жағдай талаптарына сай келеді. Ойымда жүрген осындай ұсынысым бар еді, орындала ма, орындалмай ма, уақыт көрсетер…

– Сұхбатыңызға рахмет.

Р.S. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Яғни кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Биыл еңбекқор, нағыз кәсіби мамандардың мәртебесі арта түспек. Ал оларды насихаттап, қоғам алдындағы абыройын асқақтата түсу біздің міндетіміз болып қала береді.

Сұхбаттасқан Айтолқын Айтжанова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: