Сейсенбі, 27 қаңтар, 01:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№7 (2219)
27.01.2026
PDF мұрағаты

Қуатты елдің ұлттық болмысы 

27.01.2026

40 0

Алаштың анасы атанған Сыр өңірінде Ұлттық құрылтайдың соң­ғы бесінші отырысы өткені барша­мызға белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда сөйле­ген сөзінде еліміздің жаңғыруы­ның жаңа кезеңіндегі стратегия­лық міндеттерін белгіледі. Әсіресе, Президенттің мемлекеттік саясат­тың стратегиялық бағдарында атап өт­кен мәдениет пен өнер саласындағы жетістіктеріне назар аударғымыз келеді. Еліміздегі тарихи-мәдени мұраны сақтау, жас ұрпақты ұлттық санаға тәрбиелеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын байқаймыз. Бірегейліктің барлық түрлерін ны­ғайтатын жобаларға инвестиция тарту маңызды. Сондықтан мәдениет пен өнердегі жетістіктерді қастер­леу әрбір азаматтың ортақ міндеті болып, ел дамуының өлшемдеріне айналуы тиіс.

Ұлттық құндылықтарды тара­туда театр өнерін дамыту және тарихи орындар мен құнды жәдігерлерді насихаттауда музей ісінің өркендеуі сүбелі бағыт. Мәдениет пен өнер ұрпақтардың тарихи жады мен ұлттық танымын жүйелейді. Театр спектакльдері мен музей көрмелерінде азаматтардың қоғамдық рөл үлгілері мен әдет-ғұрыптары көрсетіледі. Бұл инс­титуттар кез келген аймақтың туризмін ынталандырып, жергілікті экономика мен қызмет көрсету сапа­сын арттырады. Демек, мәдени инфрақұрылымды қолдау, кәсіби кадрлар дайындау және цифр­ландырумен осы бағыттарды дамы­тудың маңыздылығы жоғары.

Президент әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерінің ұлттық бірегейлік пен болмысымызды сақ­таудағы орнына назар аударады. Ұлттық бірегейлік пен болмыс тарихымыз бен дәстүріміз, тіл мен мәдениетіміздің біртұтас міне­зі, сипаты. Екеуі ұрпақтан ұрпақ­қа берілетін құндылықтармен қо­ғамның біртұтастығын сақтап, ортақ сана қалыптастырады. Ұлт­тық болмыс беріктігі отбасылық тәр­бие және қоғамдық институттар­дың қолдауымен жүзеге асады. Мәдени мұра мен өнерді қазіргі заман талаптарына сай дәріптеу ұлттық сана мен рухты жаңғыртудың тетігі. Тіл мен дәстүрдің сақталуы халықаралық аренада ұлттық бе­делімізді арттырып, мәдени бәсеке­ге қабілеттілігімізді күшейтеді. Бо­лашақ ұрпаққа ұлттық өзін-өзі тануды жеткізу әр азаматтың және мемлекеттің ортақ парызы. Сондықтан ұлттық бірегейлік пен болмысты нығайтуға бағытталған жұмыстарды дамытып, қоғамның барлық саласын осы мақсатқа тарту қажет.

Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы адамзаттың саяси ойларының дамуына үлкен әсерін тигізді. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» ат­ты еңбегінде «адамдар шынайы бақытқа тек қайырымды қалада ғана қолы жетеді», – деп тұжырымдап, Қайырымды қаланың келбетін ашу мақсатында адамдар қоғамдастығы шоғырланған қалаларды класси­фикациялап бөледі. Қайырымды қалада іс-әрекеттің өзара жәрдем көрсете білу мақсатын қойған қоғамдастығы бар болса, сол қала халқы бақытқа жете алады. Әл-Фараби шынайы бақыт жолында ынтымақтастық жолы ерекше дейді.

Ясауи ілімдерінің рухани-адамгершілік негіздері қоғамды бі­ріктіру, ұлттық сананы жаңғырту және ұлттық кодты сақтап қалу мүмкіндіктерін айқындайды. Ясауи адамгершілік, төзімділік және қо­нақ­жайлылық құндылықтарын дә­ріптеп, өзінің «Даналық кітабы» жырларында әділдік, шапағат­тық, мейірімділік, тақуалық, шыншыл­дық, тазалық секілді игі істерге үгіттейді. Өз хикметтерімен Ясауи кемелдену жолында адам бес нәр­седен сақтанғанын жөн санайды: Алланың ақ жолын мойындамау; менмендік пен тәкаппарлық; арам­дық; еріншектік; дүние-мүлік жо­лында арын сату. Осы тұста айта­рымыз, Ясауи ілімдерін зерт­теу мен насихаттау ұлттық бірегей­лікті дамыту және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды құралы. Бұл бағыттағы жұмыстар ұлттық болмысты сақ­тауға үлес қосады.

Ұлы Абай шығармашылығы саяси, әлеуметтік және адамгер­шілік мақсатты қамтиды және адам болмысы мәселелерін қоз­ғайды. Қоғамның моральдық ах­уалын өз «Қара сөздерінде» ой елегінен өткізген Абай қазақ халқының идеалды басқаруы, кө­семдігі мен азаматы туралы ой-пікірлерін білдіреді. Абайдың саяси дүниетанымы тек билік институтының ішкі мәніне қатыс­ты ойлары, қоғамдағы әділеттілік, заңдылық, ұлт бірлігі мен ұтқыр көшбасшылық сауалдарына да тоқтайды. «Қара сөздер» қазақ қоғамындағы тақырыптарды қоз­ғайды және қазақ халқының саяси, рухани, ағартушылық және адамгершілік өміріне түсініктеме беретін саясаттанулық сипат ие­ленеді. Ұлы ақын көзқарастары заманауи саяси процестерге сыни көзқарас пен парасатты ой қосудың үлгісі. Абай мұрасы ел басқаруда әділет пен даналық, ал халық тарапынан жауапкершілік пен бір­ліктің маңызын еске салады. Бұл келешек ұрпақтың саяси мәдениеті мен ұлттық санасын қалыптастыруда таптырмас рухани-идеялық негіз.

Мәдениет пен өнер жетістіктері әрбір азаматтың отаншылдығы­мен байланысты. Президент пікірінше, «ұрпақтың отаншылдық сезімі ел игілігі жолындағы нақты іспен ұш­тасады». Отаншылдық сөз жүзін­де қалып қоймай, күнделікті еңбек және қоғамға қызмет етуде іс жү­зінде көрінгені абзал. Көр­кем шы­ғар­машылық ұлттың тарихи жады­сын сақтау, жас ұрпақ­ты тәр­­биелеуге үлес қосады. Шынайы өмірмен бірге, виртуалды кеңіс­тік­тегі мәдени көріністер қо­ғамдық бірлікті нығайтып, әр адам­ның жауап­­кершілік сезімін оятады. Жас­­тарға патриоттық тәрбие беру ұран болып қалмай, тиімді бастама­лармен жүзеге асқанда нәти­же береді. Әр азаматтың өз елінің тари­хын білуге құштарлығы ұлт­тық бірегейлікті сақтаудың басты іргетасы. Сондықтан қоғам мен мемлекет бірлесіп мәдениет пен өнерді қолдаса, ұлттық болмыс пен ұрпақтың азаматтық жауап­керші­лігіне ешкім кедергі бола алмайды.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдағы сөйлеген сөзінде мәдениет пен өнердің қоғам дамуына қосатын рөлін ерекше тұжырымдады. Демек, мәдениет пен өнерді дамыту елдің рухани-моральдық және әлеумет­тік-экономикалық тұрақтылығының басты факторлары екендігін көр­сетеді.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғы­­лымдарының кандидаты, Қор­қыт ата атындағы Қызылорда университеті философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясының қауымдастырылған профессор

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: