Облыстық прокуратурада «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» атты жиын өтті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы, ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Өмірбек Мөрәліұлы, Атамекен кәсіпкерлік палатасының төрағасы Пірмұхаммед Айтбайұлы, басқарма басшылары, жергілікті полиция қызметі және бірқатар кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мұндағы мақсат «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы аясында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтың алдын алу және мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, заңдылық пен құқықтық тәртіпті күшейту. Облыс прокуроры кәсіпкерлер көңіл көтеру орындарындағы жұмыс кестесін қалыптастырып, күзет қызметін пайдалану және бейне бақылауды орнату бойынша меморандум жасау керегін алға тартты.
– Аудандарға іссапармен барғанда тұрғындар мен ақсақалдар кеңесі және жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткіздім. Онда қоғамдық кеңес, жергілікті атқарушы органдар мен мейрамханалар және кафе иелері арасында өзара келісімге келу үшін меморандум жасады. Қазіргі таңда ол өз нәтижесін беруде. Яғни меморандумға отырған аудандардағы көңіл көтеру орындарында қылмыстар саны азайған. Мұндай тәжірибе облыс орталығына да қажет. Себебі қаладағы көңіл көтеру орындарында аса ауыр, кісі өлтіру сынды қылмыс жиі орын алады, – деді Ризабек Кәрімұлы.
Жалпы жобаны дайындауда өңірдегі қылмыстардың 5%-ға артқандығы негіз болып отыр. Себебі қылмыстың көбеюіне байланысты жүргізілген талдау нәтижесінде құқық қорғау органдарына 2700-ден астам хабарлама түскен. Оның 50-і қылмыстық іс болса, 1633 әкімшілік іс қозғалып, жауапқа тартылған. Қылмыстың басым көпшілігі облыс орталығындағы көңіл көтеру орындарында, яғни түнгі мезгілде орын алады. Сондай-ақ қылмыстың жекелеген түріне келетін болсақ, биыл адам өлтіру дерегі 125%-ға өссе, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру қылмысы 8%-ға өскен. Жиында Қызылорда облысының қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласы қауымдастығының төрайымы Ақмарал Мақсұтқызы және бірқатар кәсіпкерлер өз ұсыныстарын жеткізді.
Жиын соңында облыс прокуроры жоба бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, Атамекен кәсіпкерлік палатасы, ардагерлер кеңесімен бірлесіп, жұмысшы тобын құрып, жоспардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.
Алдағы уақытта облыс прокуратурасы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәртіпсіздіктің алдын алу мақсатында «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы аясында белгіленген шараларды жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарымен бірлесіп атқармақ.
Нәзира МҰҚАТАЕВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!