Сенбі, 04 қазан, 10:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№75,2187
04.10.2025
PDF мұрағаты

Қылқалам шеберлерінің ордасы

04.10.2025

42 0

Қызылорда қаласының қазақ елінің Астанасы болып, елге мәшһүр тарихи тұлғалармен танылып, алты алашқа құтты қоныс болғанына да 100 жыл. Екі ғасырдан астам тарихы бар қасиетті өңірдің түкпіртүкпірінде ескі тарихтан сыр шертетін қасиетті орындар көп. Соның бірі – қазіргі  көркемсурет галереясы орналасқан тарихи орын.

Қылқалам шеберлерінің ордасы

Ғимарат күйдірілген кірпіштен тұрғы­зылған, іргетасы таспалы нығыздалған тастан қаланған. ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің деңгейін бейнелейді. 1884-1920 жылдары әскери казарма, 1920-1990 жылдары әскери комиссариаттың шақыру пункті, 2005 жылы  «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында реставрациялық жұмыс жүргізілген. 2005-2014 жылдары Қызылорда облысының мәдениет, тілдерді дамыту және қала құрылысы мен сәулет басқармасы орналасқан. 2014 жылы тарихи ескерткіштер тізіміне енген бұрынғы әскери комиссариат ғимараты күрделі жөнделіп, облыстық тарихи-өлкетану му­зейі­нің филиалы көркемсурет галереясы болып ашылды. 2019 жылы көркемсурет галереясы филиалына кескіндемеші, график-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді. Қазіргі уақытта ғимарат Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде.

Қылқалам шеберлерінің ордасы

Бұл ғимарат қаладағы  іргесі бұзылмаған, сәулеті келіскен, талай ғасыр жүгін көтерген құнды жәдігер десек қателеспейміз. 2014 жылдан бері мұнда жергілікті қылқалам шеберлерінің туындылары елге насихатталып, ұлттық өнер ұлықталуда. Галерея қорында елімізге белгілі суретшілер Ә.Қастеев, Г.Хлудов, Г.Исмаилова, А.Ғалымбаева, С.Сенчихин, Қ.Мамақов, Қ.Қожықов және Қазақстан бейнелеу өнеріне өзіндік үлес қосқан,  жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан 1000-нан астам туындылар сақтаулы.

Мұнда әртүрлі дәуірлер мен бағыттардағы суретшілердің кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары жинақталып, көрме ұйымдастырылады.

Салихитдин Айтбаев атындағы көркем­сурет галереясының меңгерушісі Кенжегүл Ахметованың айтуынша, Қызылорда қала­сының Астана атанғанына 100 жыл толуына орай бірқатар тағылымды шара өткізіліп, келушілерге насихатталған. 

– Галереяның да мақсаты ғасырдан жет­кен өнер туындыларын ел назарына ұсыну, өнер арқылы рухани құндылықтарды насихаттау, отандық және шетелдік өнер иелерінің шы­ғар­машылығын таныстыру, жас ұрпақты эстетикалық тәрбиеге баулу. Галереяда тұ­рақты және уақытша көрмелермен қатар, шеберлік сыныптары, экскурсиялар, дәрістер, шығармашылық кездесу өткізіледі. Бұл жер  тек өнер туындыларын тамашалау орны ғана емес, шығармашылық шабыт алатын, жаңа идея туындайтын рухани орта, – дейді Кенжегүл Құлбараққызы.

Оның айтуынша, Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-нің астансы болғанына 100 жыл толуына орай Қазақстан Респуб­ликасы сурет­шілер одағының Түркістан Суретшілер одағы филиалы суретші-кескіндемешілерінің «Кеме» атты жылжы­малы көрмесі өткен.

Шынында  Қызылорда ғасырдан сыр тар­татын, келешегінің кемелдігін аңғартатын Алаштың анасы ғана емес, айбары десек жарасымды.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Ұлттық құрылтайда  Сыр еліне ерекше тоқталды. 

Тарихқа көз жүгіртсек, Ақмешіт Астана болып, Қызылорда атанғанда 1925 жылы V съезд өткен. Енді міне келер жылы Қызылордада V құрылтай өткелі тұр. Қызылорданың Астана болған кезеңінде Сыр өңірінде небір тарихи шешімдер қабылдан­ған. Соның бірі – құжат жүзінде қазақ атауының ресми қайтарылуы және Ақмешітке Қызылорда атауының берілуі.

– Адамзат өркениетімен бірге жасасып келе жатқан, тұма бастауын ғасырлар қойнауынан алатын Сырдың қасиетті де, қас­терлі топырағы талай талантты тұлғаларды дүниеге әкелген алтын бесік. Мәдениеті дамыған оңтүстік өлкенің екі облысының арасында қылқалам шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылғаны өркениеттің өрлегені деп білемін. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Түркістан облысының тарихы мен мәдениеті ежелден бері дәстүрге бай. Түркістан тек қазақ ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Бейнелеу өнері мен суретшілерді көпшілікке таныту және мың жылдық тарихы бар көне Түркістан шаһарының тарихи-мәдени орындарын, өңірдің  көркем табиғатын   пейзаж тілінде сөйлетіп, жаңаша тыныс беру мақсатында Сыр топырағына ат басын бұрып көшпелі көрмесін әкеліп, көпшілікке рухани шабыт сыйлады, – дейді   көркемсурет галереясының  жетекшісі.  

Қазіргі уақытта  Қызылорданың Астана атанғанына 100 жыл толу құрметіне орай көркемсурет галереясында Қазақстан Сурет­шілер Одағының мүшесі, «Құрмет» ордені мен «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иесі, тек елімізге ғана емес шет мемлекеттерге танымал суретші, мүсінші Аманкелді Кененбаевтың сурет көрмесі өтуде.

Рухани байлық пен өнегелі өнер тоғысқан бұл ғимарат қылқалам шеберлерінің орда­сына айналды. Мұнда тек облыстық шең­берде ғана емес, республикалық деңгейдегі шаралар жиі ұйымдастырылады.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: