Жексенбі, 12 қаңтар, 18:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№2-2115
11.01.2025
PDF мұрағаты

Қымбат тариф инфрақұрылымды жаңғыртуда ұтымды шешім бе?

03.12.2024

274 0

Бүгінде қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр. Азықтүліктің қымбаттағанымен қоймай, коммуналдық қызметтердің бағасы шарықтап өсіп жатыр. Биыл коммуналдық қызметке төлейтін төлемдер түрлі бағытта өзгеріп, қымбаттағаны анық. Бұл қарапайым халықтың қалтасына әжептеуір салмақ түсіретіні белгілі.

Жарық пен судың жыл сайынғы қымбаттау себебін қарапайым халық түсіне бермейді. Осы мәселені саралап, жан-жақты зерттеп көрдік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында газ, су мен жылу тарифі жүйесіне «көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын енгізу мәселесін көтерген болатын. Сонымен қатар заңға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі шарт екені айтылды.

– Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптас­тыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуге тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс. Заңнамаға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі керек. Оны мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі сияқты реттеген жөн», – деді Президент.

Бұл қағида 2025 жылы басталғалы отырған коммуналдық сектордағы ау­қымды реформалардың бір бөлігіне айналуы керек. Осының негізінде биыл наурыз айында елімізде коммуналдық қызмет тарифі өсті. Жарық, жылу бағасы 25-30 пайызға қымбаттағаны байқалды. Бағаның бұлайша өсуін «тарифті инвес­тицияға айырбастау» деп түсіндірген еді мамандар. Коммуналдық қызметтерге байланысты жеті жылға жоспарланған бағдарлама аясында баға жыл сайын осы қарқынмен өсе береді. Үкімет бағ­дарлама аясында өңірлердегі тозған инфрақұрылымды жаңартып, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы (ТКШ) жалақыны өсіруді жоспарлап отыр.  Бағдарламаның негізгі мақсаты – тариф қымбаттаған сайын азаматтар үнемдеуді де үйренеді.

Жарық неге қымбаттады?

Осы жылдың қыркүйек айынан бастап елімізде электр энергиясының тарифі өзгеретіні туралы айтылған болатын. Тарифтің өсуіне себеп көп. Бастысы – сапалы қызмет. Ал көптің көкейінде бір сұрақ? Жарық неге қымбаттай береді?

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың мәлімдеуінше, бүкіл ком­муналды сала: электр энергиясы, газ, су, кәріз, жылудың бағасы кезең-кезеңімен қымбаттайды. Себебі айлығы аз болған соң білікті мамандар басқа салаға кетіп жатыр. Коммуналдық тарифтер өсуінің тағы бір себебі – жылу электр станциялары, жылу желілері мен сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту. Кейбір өңірлерде инфрақұрылым 80 пайыз тозған. 

Ал біздің өңірде мемлекеттік саясат­ты орындау мақсатында табиғи монопо­лияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен об­лыстық энергетика және тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылық басқарма­сы­мен бірлесе 2023-2024 жылдар ішінде коммуналдық саладағы табиғи моно­по­лиялар субъектілерінің инвести­циялық бағдарламалары қайта қаралып бекітілді. Департамент берген мәліметке сүйенсек, 2 жылға инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 19 млрд теңгені құраған.

Қазіргі уақытта жарықты оңды-солды пайдалану қалтаңызға салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғын электр энергиясын үнемдеу қажет. Осы үнемдеудің нәтижесінде тозығы жет­кен электр станциялары жаңарады. Депар­тамент берген мәліметке сүйенсек, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның 2023 жылғы 973,36 млн теңге инвестициялық бағдарламасы желілердің тозу деңгейін 68 пайыздан 65,5 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Ал 2024 жылға көзделген 1682,37 млн теңге инвестиция сомасы тозу деңгейін 1,42 пайызға немесе 65,5 пайыздан 64,08 пайызға дейін төмендетеді.

Мәселен, ауылдағы қарапайым отба­сының өзі бір айда тек жарықтың өзіне 16 мың теңге төлейді. Осы жерде айта кететін жайт, қыс мезгілінде жарыққа төлейтін төлемдер шамадан тыс көбейіп кетеді. Сондықтан да электрді үнемдеуді де ойлаған жөн. Айта кететін жайт, тұты­нушыға энергияны үнемдеуді үйрету маңызды саналады. Ол – жарықты мақ­сатсыз пайдаланбау, энергияны көп қажет ететін өнімдерден бас тарту.

Су шығынын азайтқың келсе, суды үнемде

Тарифті көтеру арқылы суды үнемдей аламыз ба? Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, су бағасының қымбаттауы оны үнемдеуге әкеледі. Көп су пайдалансаң, көп төлейсің. Демек, су шығынын азайтқың келсе, суды үнемде.

– «Судың да сұрауы бар». Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті, су мен жылуды ысырап етпеуді бала­ларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе, суды үнемдеп тұтынуымыз қажет. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарап­шылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін, − деді Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте.

Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Президенттің айтуынша, қазір елімізде 600 мыңнан астам адам ауызсуға зәру. Елімізде «Тарифті қалыптастыру қағидалары» деген заң аясында қабылданған норма­тивтік-құқықтық акт бар. Онда тариф қалыптастыру ережесі жазылған. Енді оған тарифтерді саралау бойынша жаңа механизм қарастырылып отыр. Бұл әлеу­меттік нормалар деген ұғымға сай келеді. Мәселен, халықты ауызсумен қамтамасыз етуде тұтынушылар  төрт топқа бөлінбек.

Су ресурстарын тұтыну мәдениетін арттыру және тұтынушыларды су мен жылуды үнемдеуге үйрету қазіргі уақыттың басты талабы болып тұр. Суға қымбат тариф төлегенмен, ол есепсіз кетпейді. Комму­налдық желілерді жаң­ғыртуға, реконструк­циялауға, сондай-ақ негізгі құрал-жабдықтарды сатып алу­ға жұмсалатын болады. Осы жылдың ішін­де «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның 650,86 млн теңге инвестициясы ауызсу желілерінің тозу деңгейін 18 пайыздан 16,02 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Ал 2024 жылға көзделген 563 млн теңге инвестиция сомасы су бұру желілерінің тозу деңгейін 1,83 пайызға немесе 18,9 пайыздан 17,07 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр.

Су – тіршілік көзі. Сусыз өмірімізді елестетудің өзі қорқынышты. Маман­дардың есебіне сүйенсек, бір адам тәу­лігіне 500 литрге дейін су жұмсайды екен. Сондықтан да күнделікті өмірде суды үнемдеу үшін кейбір ережелерді есте сақтаған дұрыс. Тұрмыста қолданылатын қарапайым әдістер арқылы үнемдеуге болады. Қалай болғанда да суды үнемдеу бүгінгі заман талабы болып тұр.

Жемқорлықтың жолы кесілмесе, мәселе шешілмейді

Халық үнемдеп су ішіп, қымбат баға­мен тариф төлеп отырғанда үнемделген ақша желге ұшпасына кім кепіл?

Бұл тұрғыда энергетика саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов былай дейді: «Жемқорлықтың жол кесілмесе, қанша ақша бөлінсе де, тиімсіз жұмсалады. Қателеспесем, биыл 316 млрд теңге – ТКШ-ға, 180 млрд теңге ЖЭО-ны жаңарту мен жаңғыртуға бөлініп жатыр. ЖЭО-ге онсыз да жылына осынша ақша бөлінеді. Бұған қоса 316 млрд БЖЗҚ қаражаты бөлініп жатыр. Мәселе ақшада емес, мәселе – қанша ақша бөлінсе де, ақаудың азаймауы. Жылда қағаз жүзінде жаңғырту жасадық, ауыстырдық дейді. Бірақ жылда бір мәселе шығады. Неге? Себебі біріншіден, ақша өзінің мақсатты бөлінген жағына жұмсалмайды, екіншіден, тиімсіз жаратады, үшіншіден, қағаз жүзінде аяқталды деп ресми құжат тапсырады. Ақшаның жұмсалуын бақылайтын, қадағалайтын, сапасын тексеретін бір орган болуы керек. Ақшаны бөлетін – Қаржы министрлігі, Үкімет, оны игеретін жергілікті әкімдіктер, ал тексеретін кім? Міне, осы мәселеге көңіл аудару керек» – дейді сарапшы Абзал Нарымбетов.

Ал Сенат депутаты Сергей Ершов жаңа бағдарламадан Үкіметтің нәтиже болатынына күмәнданады.

– Үкіметтің сендіруінше, тарифтерді көтеру салаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бірақ «Тарифті инвес­тицияға айыр­бас­тау» бағдарламасы бұдан бұрын да, 2009-2015 жылдары жүзеге асқан еді. Алты жыл ішінде алпауыттардың тариф­тері екі есеге көтерілді, осы арқылы тұты­нушылардан олар 1 триллион теңгеден астам қаражат жинап алды. Сонымен бір мезгілде энергия өндіруші кәсіпорындар инвестиция­лық міндеттемелерден босатыл­ған. Ақыр соңында жылу-электр жүйесінің тозуы бұрын-соңды болмаған алапат ауқым­ға жетті. Меніңше, бұл айқын емес, кор­руп­циялық механизм. Бағдарлама  кү­тілген үміттерді ақтамады. Ұлан-ғайыр қаржының кімнің қалтасында кеткені әлі күнге ашылмады, – дейді С.Ершов.

Әрине, нарықтық экономикада қыз­мет­тердің құны да нарыққа сай болғаны жөн. Алайда халқының жартысына жуы­ғы 50 мың теңгеге күн көретін елде тарифті көтере беру әділетсіздік болады деп тұжырымдайды сенатор. Дегенмен қазіргі уақытта «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты жүзеге асуда. Олай болса, халықты қымбатшылық жан-жақтан қысатын секілді. Ал Үкіметті коммуналдық желілердің тозуы да алаңдатып отыр. Сондықтан тариф­ті көтеру арқылы су мен жылудың, газ бен электр құрал-жабдықтары жаңарып, жақса­рады дегенге сенейік. Сенбеске амал да жоқ.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: