Сейсенбі, 30 қыркүйек, 12:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№74, 2186
30.09.2025
PDF мұрағаты

Қымбатшылыққа қалай тұсау боламыз?

30.09.2025

104 0

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Ет бағасы аспандап тұр. Дүкен жағалаған жұрт осылай дабыл қағуда. Әсіресе, сиыр етінің бағасы күннен күнге қымбаттап барады. Өз еліміздегі өнімнің бағасының шектен тыс шарықтауына халықтың дүрлігуі заңдылықҚазақ халқының өмір салтын, тұрмысын, дәстүрін етсіз елестету мүмкін емес. Ғасырлар бойы мал шаруашылығын тіршілік көзіне айналдырған халық үшін ет – жай ғана тағам емес, береке мен бірліктің, белгісі. Соғым сойып, қысқа азық қамдау – қазақтың бұлжымас әдеті. Алайда соңғы жылдары еттің бағасы қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіре бастады.

Еттің қымбаттауына не себеп?

Соңғы уақытта Қазақстан нарығында ет бағасы бұрын соңды болмаған деңгейге көтерілді. Мұның артында бір ғана емес, бірнеше күрделі себеп бар. Биыл 5 тамызда өткен үкіметтегі баспасөз конференциясында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев еліміздегі сиыр еті бағасының өсуі туралы толығырақ айтты. Министр ет өнімінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішіндегі ең күрделі өнімдердің бірі екенін атап өтті.

–       Ет бағасының өсіп жатқанын шын мәнінде байқап отырмыз. Бұған екі себеп бар. Біріншісі, мен бұған дейін де айтқанмын – бұл ірі жаһандық ойыншылар: Бразилия, Аргентина сияқты елдердегі өндіріс көлемінің өзгеруіне байланысты әлемдік деңгейдегі мәселе. Екіншісі, бүгінгі таңда көрші мемлекеттердегі баға айтарлықтай жоғары, осыған орай ет ағыны сол жаққа қарай бет алды, нарықтық сұраныс өсуде. Біз өз тарапымыздан, бұл динамиканы бақылап, бірқатар бастамалар көтердік, соның ішінде сыртқы саудаға қатысты – мақсатымыз ішкі нарықты қамтамасыз ету, – деді министр.

Ресей мен Қырғызстандағы бағалардың қымбат болуы қазақстандық шаруаларды өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға итермеледі. Қай жерде баға жоғары болса, шаруа соны таңдайды. Осыдан барып ішкі нарыққа ет азайып, сұраныс артып, баға өсе түсті. Ең үлкен түйткілдерді бірі – елдегі ірі қара санының кемуі. «Ет одағының» дерегінше соңғы жылдары Қазақстанда шамамен 2 миллионға жуық ірі қара кеміп кеткен. Бұл – жалпы мал басының төрттен біріне жуық көрсеткіш. Бұған фермерлердің мал шаруашылығынан бас тартуы сеп болуда. Себебі экспортқа шектеу қойылған соң артық ет ішкі нарықта қалып, бағасы арзандап кетті. Шаруалар шығынға батып, мал бағудың тиімсіз екенін түсінді. Көпшілік бағаның өсуін делдалдардан көреді. Дегенмен мамандардың айтуынша, қазіргі нарықта алып қатарлардың қосатын үстеме бағасы қалыпты деңгейде. Шектен тыс пайыздық пайда жоқ. Демек бағаның шарықтауына басты себеп – ұсыныстың азаюы мен сыртқы факторлар. Шаруалардың тағы бір шағымы – қолжетімді несиенің, субсидияның тапшылығы. Мемлекет 5 пайыздық жеңілдетілген несие бағдарламасын енгізгенімен, кепілзат талаптары қатаң болғандықтан, оны көп шаруа ала алмайды. Жем-шөп бағасының қымбаттағанын қосқанда, мал шаруашылығымен айналысу барған сайын ауыр салаға айналды.

Қымбатшылыққа қалай тұсау боламыз?

Базар бағасы бақылауда

2025 жылдың жаз айынан бері елдің ірі қалаларында ет бағасы мынадай деңгейде қалыптасты: сиыр еті – 3500-4500 теңге/кг, қой еті – 3500-3800 теңге/кг, жылқы еті – 3900-4500 теңге/кг, ал тартылған ет болса – 2000-5000 теңге/кг арасында. Баға еттің қай бөлігінен жасалғанына қарай өзгеріп отырады. Мәселен, майлы тартылған сиыр еті – 4000 теңге, майсыз тартылғаны – 4500 теңге шамасында. Сиырдың жаясы мен таза еті – 5000 теңгеден асады. Қойдың құйрық майы мен артқы жамбасы – 4000 теңге шамасында болса, алдыңғы жағы – 3000 теңге төңірегінде. Жылқы еті соңғы уақытта қатты қымбаттамағанымен, дүкендер мен базар арасындағы баға айырмашылығы айтарлықтай. Кейбір жерлерде 5000-6000 теңгеге дейін жеткен. Бұл өнім сапасы мен өндірушінің шығынына байланысты.

Өзіміздің өңірде қандай? Қызылорда өңірінде де ет бағасы республикалық орташа деңгейден аса өзгеше емес. Сиыр етінің келісі – 3000-4000 теңге, қой еті – 3500-3700 теңге, ал жылқы етінің бағасы – 2500-3000 теңге аралығын құрады.  Жергілікті базардағы саудагерлердің айтуынша, соңғы айларда әсі­ресе сиыр еті 300-400 теңге­ге қымбаттаған. Бұл жағдайды олар мал басының азаюымен және жем-шөп шығы­нының өсуімен түсіндіреді.

Жалақы жеңсік асқа жетпей тұр

Ет бағасының шарықтауы ең алдымен қарапайым халықтың күнделікті тұрмысына тікелей соққы болды. Қазақ дастарханы етсіз елестетілмейтінін ескерсек, бұл мәселе тек экономикаға ғана емес, ұлттық дәстүр мен тұрмысқа да әсер етуде. Бұрын аптасына бірнеше рет ет асатын отбасылар бүгін де оны тек мерекелік дастарханға ғана қоятын жағдайға жетті. Орташа жалақы алатын қазақстандық отбасылар үшін сиыр етін күнделікті тұтыну қол жетпес арманға айналып бара жатқан секілді.

– Еттің бағасы күннен күнге шарықтап барады. Бұрын үйге апта сайын сиыр етін алатынмын. Қазір айына бір рет алсам соның өзі қиын болып кетті. Балалар ет жегісі келеді, бірақ қазанға күнде салуға қалта көтермейді. Жалақы көтерілгенімен, баға одан да жылдам өсуде. Сүт, май, көкөніс қоса қымбаттауда. Енді етті тек мейрам күндері ғана алатын жағдайға жеттік. Халықтың тұрмысына қатты салмақ түсуде, – дейді қала тұрғына Нұрхан Нұрғали.

Бағаның өсуі сырттай қарағанда шаруа­ларға пайдалы сияқты көрінгенімен, іс жүзінде олай емес. Себебі жем-шөп бағасы мен малды бағып күту шығындары да бірге қымбаттауда. Ал субсидия мен жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай жүрген ұсақ шаруалар үшін бұл сала барған сайын тиімсіз бола түсуде. Көптеген ауылдықтар мал өсіруден бас тартып, табыс табудың басқа жолдарын іздеуде.

– Қаладағылар еттің қымбаттағанына налиды. Ал біз мүлде басқа қиындыққа тап болып отырмыз. Мал бағу жылдан жылға ауырлап барады. Жем-шөптің бағасы аспандап тұр, жайылым тарылды, техника мен ветеринарлық қызмет қолжетімсіз. Ең сорақысы, малды өсіріп, бағып-қағып жет­кізгенмен, пайдасы көбіне делдалдың қал­тасына кетеді. Бізден арзанға алады, ал ба­зарға жеткенше қымбаттап барады, – дейді жеке қожалық иесі Бақытжан Қалиұлы.

Бағаны тежеу үшін қандай шаралар қолдануда?

Үкімет алғашқы қадам ретінде 2025 жыл­дың мамыр айында ірі қараларды шет елге сатуға уақытша тыйым салды. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықты азайтады деген үміт болған. Дегенмен, нәтиже күткендей болмады. Ет бағасы төмендемей керісінше өсе түсті. Осыған байланысты шектеу мерзімі қазан айына дейін ұзартылған болатын. Сарапшылар мұндай шара тек уақытша әсер ететінін, түбегейлі шешім үшін жүйелі саясат қажет екенін алға тартады. Сондай-ақ 23 қыркүйек күні Сауда және интеграция министрлігі сиыр еті нарығындағы жағдайға байланысты арнайы жедел желінің іске қосылғанын жариялады. Енді қазақстандықтар ет бағасына қатысты шағымдарын осы жедел желі арқылы хабарлауға мүмкіндік алды. Бұл желі республика бойынша қолжетімді болып, оған жеке азаматтар да, кәсіпкерлікпен айна­лысатын адамдар да хабарласа алады. Министрліктің хабарлауынша, осы жедел желіге әртүрлі мәселелер бойынша хабар­ласуға болады. Мысалы, дүкеннен немесе базардан сиыр етін тым қымбат бағамен сатылып жатқанын байқасаңыз, сол жайлы хабарлай аласыз. Сонымен қатар сатушылар еттің бағасына артық төлем қосып жатқанына күмәндансаңыз да, осы нөмірге қоңырау шала аласыз. Бұл желі кәсіпкерлер үшін де ашық. Егер ет жеткізуде қиындықтар туындаса, олар да осы арқылы мәселені жеткізе алады. Қызылорда облысының тұрғындары үшін байланыс нөмірі: 8 (7242) 71-15-30.

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: