Сенбі, 23 қараша, 18:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Қырандай қанша қалықтасам да,
Әкеден асқар биік таппадым

25.06.2024

465 0

Өлеңінде өрлік пен асқақ рух бар жас ақындардың бірі Айдар Сайлауов – республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы. Біз бұл жолы «Әріптес әлемі» арқылы өлең өлкесіне сапар шектік. Айдардың қаламынан туған жыр жолдары оқырман жүрегіне жол табатынына сенім білдірдік. Сөз зергерлерінің арасында өзіндік орны бар Айдар Әділжанұлының бірнеше туындысын назарыңызға ұсындық. Оқи отырыңыз, оқырман!
ӘКЕ

Мен де бір бұзық бала болған ем,
Әкешім, сонда дара қорған ең.
Қара нарларым ауылда жатыр,
Қалағанымыз қала болғанмен.

Асқар тауым-ай пейілің қандай,
Қалады-ау мұнда мейірің қанбай.
Шаһардың шуы шаршатты мені,
Бара жатқандай мейірім қалмай.

Жасырын мен де жылап аламын,
Әкем сабаса құламағанмын.
Таяқтың өзі мақтадай еді-ау,
Мақтасы мұз ғой мына қаланың.

Жылы сөз жанға жетпесе не етем,
Төрелі ойды тектесем бе екен!?
Тас көшелердің ішінде жүріп,
Тасжүрек болып кетпесем екен.

Қарашаңырақ жұмақ бағым ба?
Жабығып жүрмін жылап тағы да.
Сағынған сайын ойлаймын әке,
Жаныңнан бекер жырақтадым ба?

Ақынның көнбей асау ойлары,
Асудан асқар аса қоймады.
Бауыр етіңді қатыгез қала,
Бауырына бірден баса қоймады.
Сапарлы адам дауылдан да өтер,
Сәлемім менің жауыннан жетер.
Алыстың бәрі арман екен ғой,
Алыстап кеттік ауылдан бекер.

Сөзіңді әке-ау сұйықтатпадым,
Ұлыңды мендей сүйіп баптадың.
Қырандай қанша қалықтасам да,
Әкеден асқар биік таппадым.

АРЫЛУ

Еміреніп жатпассың еріңді аяп,
Ерінбейді сол ару ерін бояп.
Қаңқылдап ұшарында қасқалдағым,
Аңқылдақ мінезімнен жедім таяқ.

Үзілмеген раушан гүл екен ғой,
Үздіккен үмітімнен түлетем бе ой.
Өзімдей көретінмін өзгелерді,
Олар мені көре алмай жүр екен ғой.

Тік қарай алсаңшы тек елге бұлай,
Өзің емес сөзіңнің ергенін-ай…
Бір ұядан екі рет ұшқан құсты,
Атып алар аңшының мергенін-ай!

Қоймайды ешкім, қоймайды сұрақ оған,
Күдіктене алмайды бірақ одан.
Алғаш рет сүйіскен ару құсап,
Ерінін әлі ұстап тұр мына қоғам.
Ақырзаман ақыры ұнайтын жыл,
Жазғым-ақ келмесе де мұңайтып жыр.
Байдың асын қызғанған байғұстарға,
Есепсіз байлығымды кім айтып жүр…

Қайта қаққың келсе де қаптың түбін,
Қаңқу сөз қақпанынан сақпын бүгін.
Сатылымға шығардым мен де кеше,
Ең жақын адамымның сатқындығын.

Тек тәңірге жайылған қос қолым бар,
Жүрегімнің төрінде досқа орын бар.
Артық кеткен жерімде гүл өседі,
Менен кеткен адамдар, қош болыңдар!

ҚОҢЫРАУ

Аласұра кетеді жүрек демде,
Беймезгіл телефоным шыр еткенде.
Бір үрейлі жаңалық айтылардай,
Қоңыраудың дауысы үдеткенде.
Жүрегімнің төріне қонып зіл мұң,
Жүгеніне жармастым жорық жырдың.
Ауыр сөзді жеп-жеңіл жеткізетін,
Қоңыраудан қорқатын болып жүрмін.

Телефонда қауіпті қайта шалған,
Қайта соққан жау сынды байқашы алдан.
Әлгінде әлдебіреу тұтқаны алсам,
«Атаң өлді» деп қана айта салған.

Арым аппақ аққудың қанатындай,
Қайырылып қанатым қалатындай.
Телефонда табысқан тәтті тағдыр,
Телефонда қоштаса салатындай…

Шалған кезде телефон көмескі ерім,
Аяғымнан шалардай елестедің.
Қоңырауды көтермей қалып жатсам,
Көтеріліп кеткенім емес менің!
Шарбы бұлтқа шырмалар әзір аспан,
Қалқатай, қайда жүрсің қадірі асқан.
Белгісіз нөмірлердің салдарынан,
Белгілі отбасылар ажырасқан.

Сонда да күншуақты көңіл аңсар,
Жанқалтамнан шықсаңшы өмір-ау сәл.
Құлатқың келіп тұрса үйіме кел,
Қуантқың келіп тұрса қоңырау шал.

Тайғанақ тіл

Шаршағам мен де шыдам жоқ,
Санама келіп сыр айтты ар.
Теңізден құрғақ шығам деп,
Су жұқтармайды суайттар!

Сүрінген тілде балдақ бар,
Бүлінген күнде қайманаң.
Шамаң жеткенше алдап қал,
Шараң біткенше пайдалан.

Сұрағаныңдай үмітті,
Сабындай сайра көпіріп.
Күлгенің неге күдікті?
Жылағаның да өтірік.

Ұмытып ұят арнасын,
Сақалды сипа, қармандым.
Көңілің менен қалмасын,
Көңілің үшін алдандым.

Бүлк етпес бетті біліп көр,
Тайғанақ тілің тайып па?
Сұйылмаңдаршы жігіттер,
Бұйырмаңдаршы айыпқа!
ҚАЙЫРЛЫ…

Қайырлы таң!
Жабырқаған, жаным-ау, жайым жұтаң.
Қара тамнан кетіп ем ауылдағы,
Ала таңнан мен неге уайым жұтам!?

Қайырлы күн!
Қия бассақ біздерді қайырды кім!?
Болашақта бір үміт жылындырар,
Бала шақта бақыттан айырды мұң.

Қайырлы түс!
Жеңіске жетелемес уайымды ұтыс.
Қайыры жоқ достарым қайдасыңдар,
Қайырылмай кетер ме байырғы тұс.

Қайырлы кеш!
Қайғы жастап жатқандай қайыңды кеш.
Өмірің өтіп кетсе өкінішпен,
Өмірден өте салу қайырлы емес.
Айымбысың!?
Сезімнің қашан көрем қайырлысын,
Солқылдайды білемін кеуде тұсым,
Жалғыздыққа жүрегім дайынбысың.

Уайымды тым,
Жұта беріп қайтемін, жайым түтін.
Қараңғы қауіпті емес, қара қазақ,
Қараңғылық қауіпті. Қайырлы түн!

БАЛАЛЫҚТЫҢ
БАЛ ДӘМІ

Жүрегіңнің жұп-жұмсақ әні сырлы,
Гүлдей көрем құлпырған әр ісіңді.
Жырлап жүрген сұлуым тәтті екенсің,
Ұрлап жеген кәмпиттің дәмі сынды.

Бір басыма бақандай бақ тіледің,
Сырласыма айналған ақ гүл едің.
Мәз-майрам боп қалушы ем шалажансар,
Анамның тауып алып тәттілерін.

Дәл сондай қуаныш сен, зор бағаң мың,
Жанына жуытпайтын торлаған мұң.
Жасырынған дүниені тез табатын,
Мен қалай із кезуші болмағанмын.

Тәттім сені таптым-ау жан емісің,
Күрсініспен күресіп әзер ішім.
Қазіргідей «молшылық» қайдан, қарғам,
Ол кездерде «тәттілер» аз еді шын.

Есігін еппен жауып бала бақтың,
Солай мен де есейіп бара жаттым.
Қап түбінде қап қойған тәттілерден,
Дәмі шығып тұратын қанағаттың.

Мінсіз мінез сендегі ұқыпты ізгі,
Ал біздегі сарғайған күдік күзгі,
Дәл осылай тәттіге тойғаныммен,
Ащы таяқ тұратын күтіп бізді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: