«Қараша, Желтоқсанмен сол бір екі ай», демекші қарашаның ызғары қыс қыр астында деп есіркегендей. Қар жаумаса да, жайма шуақ күндер артта қалды. Өзге өңір тұрғындары қар жауған көріністі суретке түсіріп әлеуметтік желіге жүктеп жатыр. Әдемі көрініс. Дегенмен, әркімді де қысқа дайынбыз бадеген сұрақ мазалайды. Ал қаланың қысқа әзірлігі қандай? Қала әкімі Нұржан Ахатов «Қызылорда тазалығы» мекемесіне барып, қысқы маусымға әзірлікті бағамдады.
Техникалар толық тексеруден өтті
Қыс мезгілінде қар тазалау, көктайғақтың алдын алу, көшелер мен жол жиегін тазарту ерекше жауапкершілікті қажет ететін жұмыстардың бірі. Осы бағытта «Қызылорда тазалығы» мекемесі дайындық шараларын жүргізді. Мекеме иелігінде бүгінде 60-қа жуық заманауи арнайы техника бар. Бұл техникалар қысқы режимге бейімделіп, толықтай тексеруден өткен. Сондай-ақ көліктер қажетті жанар-жағармай және қосалқы бөлшектермен толық қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ қыстағы көктайғақтың алдын алу үшін 2 500 тоннаға жуық құм мен тұз араласқан арнайы қоспа дайындалды. Бұл қоспалар қаланың басты көшелеріне және тұрғындар жиі жүретін аумақтарға жүйелі түрде себіледі деп жоспарланған.

Қала көшелерін тазарту жұмысы тәулік бойы жүреді
Қала бойынша қыс мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 100-ге жуық қызметкер бар. Олар белгілі бір учаскелерге бөлініп, кезекшілік кестесіне сәйкес тәулік бойы қызмет атқарады. Мекеме басшылығының айтуынша, техникалар кез келген ауа райына төтеп беруге дайын, ал жұмысшылар белгіленген аймақтарға бөлінген.
Қала әкімі Нұржан Ахатов жауапты сала жетекшілеріне қысқы маусымдық жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Қала әкімдігі мен коммуналдық мекемелер бірлесе жұмыс істеп, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруды басты назарда ұстап отыр. Енді Қызылорданың қысы да әдемі болмақ.
«Ақмешіт ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!