Жер шарының орташа температурасы күннен-күнге көтеріліп келеді. Бұл «жаһандық жылыну» деп аталатын құбылыс. Адамдардың табиғатқа зиян келтіру салдарынан атмосфераға парниктік газдардың шамадан тыс бөлінуі жер бетіндегі жылуды ұстап қалып, климаттық жүйені қыздыруда. Бұл үрдіс ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қарқын алды. NASA агенттігінің деректері бойынша, соңғы он жыл тарихта ыстық болды. Ғалымдар Жердің климаты мыңдаған жылда болмаған қарқынмен өзгеріп жатқанын, тіпті кейбір үрдістердің қайтарымсыз сипатқа ие бола бастағанын ескертеді. Мәселен, БҰҰ-ның Климат жөніндегі сарапшылар тобы 2021 жылғы баяндамасында «адам әрекеті 1850-1900 жылдармен салыстырғанда планета температурасын шамамен 1,1°C-қа жоғарылатты», – деп атап көрсетті. Яғни жаһандық жылыну ең маңызды экологиялық сын-қатер, оны халықаралық ұйымдар да, мемлекеттер де мойындап отыр.
Жаһандық жылыну
Жаһандық климаттың жылыну қарқыны соңғы 30-40 жылда бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. NASA жүргізген талдау нәтижелері жер шарының орташа беткі температурасы 2024 жылы индустриалдық кезеңге дейінгі деңгейден 1,47°C жоғары болғанын көрсетті. 2024 жыл – тарихтағы ең ыстық жыл, ал 2015 жылдан бергі әр жыл үздіксіз рекорд жаңартып келеді. Тіпті NASA мәліметінше, соңғы он жылдың барлығы бақылау тарихындағы ең жылы жылдар санатына кіреді. Бұл ғаламдық жылынудың айқын динамикасын көрсетеді. Жылынудың географиясына назар аударсақ, өзгеріс бүкіл әлемге тән болғанымен, оның қарқыны барлық жерде бірдей емес. Мысалы, құрлықтағы жылыну ғаламдық орташа мәннен жоғарырақ, ал Арктикада көрсеткіш жер орташа деңгейінен екі есеге асады. Әр онжылдық алдыңғы онжылдыққа қарағанда ыстық, мұны БҰҰ сарапшылары да растайды. Климат жылынған сайын жанартаулардан бөлек, табиғи емес құбылыстар, яғни парниктік газдардың жиналуы басты рөл атқаратыны дәлелденді. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының 2023 жылғы қорытынды есебінде парниктік газдардың шектен тыс шығарындылары «жаһандық жылынуды туғызғаны анық әрі бұл үрдіс жалғасуда» деп көрсетілген.
Аюдың да мазасы жоқ…
Қыс бұрын аю үшін «үнем режимі» еді. Қар қалыңдап, азық азайғанда ол апанына кіріп, жатып алатын. Бірақ соңғы жылдары қыстың жылынуы бұл табиғи ырғақты бұзып жатыр. Кей өңірлерде күз ұзарып, қар кеш түседі де, аюлар інге уақытында кірмей қояды немесе апанынан ертерек шығып кетеді. Сырт көзге «ояу жүргені жақсы ғой» сияқты көрінгенімен, дәл осы мезет табиғатта ең аш кезең. Жидек жоқ, шөп шықпаған, аң-құс сирек. Ғалымдар аюдың қыстау уақыты қысқарса, энергия балансы шайқалатынын айтады. Яғни көбірек жүреді, көбірек тәуекелге барады, әлсірейді. Ашыққан аю ауыл маңына жақындап, қоқыс пен жем-шөп іздейді, ал мұның соңы қақтығысқа, жарақатқа немесе аюдың жойылуына әкеледі.
«PubMed Central» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Скандинавиядағы аюлардың апанға кіретін және шығатын күндері климаттық ауытқуларға сезімтал екені көрсетілген. Ал Солтүстік Америкадағы қара аю бойынша далалық деректерді талдаған зерттеу жылы температура қыстау ұзақтығын қысқартуы мүмкін екенін айтады. Яғни жылыну табиғи ырғақты бұзса, адам ықпалы бұл үрдісті одан әрі күшейте алады. Аюлар туралы әңгімені поляр аюнсыз толық түсіну қиын. Поляр аюының тіршілік алаңы теңіз мұзы. Ол мұз үстінде итбалық аулайды. Мұз ерте еріп, кеш қата бастаса, аңшылық маусымы қысқараып, ашығу кезеңі ұзарады. Демек, жылыну салдарынан аю түрлерінің жойылу қаупі өсіп келеді.
Климаттың жылынуы жәндіктерге де қауіпті. Ең қауіптісі, уақыттан шатасуы. Көктем ерте келіп, өсімдіктер ерте гүлдейді, ал аралар, жарғаққанаттылар кейде кешігіп шығады немесе керісінше тым ерте оянып, қорек таппай қалады. Осындай сәйкессіздік аймақтарда гүлдер мен аралардың өзара байланысына соққы беретінін көрсеткен жаңа далалық зерттеулер бар. Бұған қоса, ұзаққа созылған ыстық толқындары мен құрғақшылық олардың азығын азайтып, жәндіктердің дернәсіл кезеңінде тірі қалуы қиындай түседі. Нәтижесінде кей өңірлерде түкті аралардың саны азайып, таралу аймағы тауға немесе солтүстікке ығысқаны туралы экологиялық талдаулар да бар. Кейбір түрлері үшін жағдай тіпті шегіне жеткен. Мысалы, Франклин түкті арасы АҚШ-та жойылып кету қаупі өте жоғары түр ретінде ресми түрде мәртебесін алған. Сарапшылар оның саны күрт құлдырап, соңғы жылдары мүлде кездеспей кетуі мүмкін екенін талқылайды. Бұл жеке бір-екі мысал ғана емес. Көбелектер бойынша зерттеулерде қауіп төнген түрлердің едәуір бөлігіне климат өзгерісі тікелей қауіп ретінде көрсетіледі. Инелік пен су инеліктері туралы Қызыл тізім материалдарында да климат өзгерісі көптеген түрге «қысым жасайтын» негізгі факторлардың бірі екені айтылады. Жәндіктер азайса, бұл тек «қыбырлаған тіршіліктің» жоғалуы емес. Тозаңдану әлсірейді, құстарға азық кемиді, тұтас экожүйенің тірегі босай бастайды.
Жылынудың салдары қазірдің өзінде байқалады. Ғаламшардың көптеген аймағында экстремалды оқиғалар жиілеп, ауа райының құбылмалылығы артты. Мысалы, 2023-2024 жылдары бірінен кейін бірі ең жылы жыл рекордтары тіркелді және әлем бойынша аптап ыстық толқындар, құрғақшылық мен су тасқыны бұрынғыдан әлдеқайда жиіледі. БҰҰ баяндамасында егер еш әрекет жасалмаса, климат өзгерісі 2050 жылға қарай жыл сайынғы жаһандық ішкі жалпы өнімі 4%-ға дейін төмендеп, миллиондаған адамның өміріне қатер төндіретіні және мәжбүрлі көшуді күшейтетіні ескертілген. Бұл – бүкіл адамзат үшін «қауіпті дабыл» деген сөз.
Сықырлаған аяз қайда?
Жаһандық жылыну үрдісі Қазақстан климатынан да анық байқалады. Қазақстан – климаты континенталды ел, әсіресе қысы қатал болатын солтүстігімен танымал. Алайда соңғы онжылдықтарда еліміздің қысқы климатында айтарлықтай жұмсару байқалды. «Биоәртүрлілік және экожүйелік қызметтер желісі» зерттеуіне сәйкес, елімізде қыс айлары жыл өткен сайын жылы болуда. Зерттеулер қыс мезгіліндегі орташа температура әр он жыл сайын шамамен +0,3°C-қа көтеріліп отырғанын көрсетеді. Тіпті кейбір ғылыми жұмыстарда Қазақстандағы ең үлкен жылыну қыста жүргені (онжылдықта +0,35°C шамасында) атап өтілген. 2024 жылдың қаңтар айы елімізде әдеттегіден +2,5°C жылы болып, рекордтық көрсеткішке жақындады. Астана қаласы бойынша жүргізілген талдау соңғы 20 жылда астананың қысы бұрынғы «қатты суық» мәртебесінен «қалыпты суық» деңгейіне жұмсарғанын көрсетті.
Қыс мезгілі ішіндегі желтоқсан айының температурасы да өткен жылға қарағанда жұмсақ келеді. Метеорологтардың байқауынша, бұрын желтоқсанда еліміздің көп бөлігінде қатты аяз жиі болса, қазір жылымық күндер саны артқан. Қазгидромет ресми сайтында ұсынған климаттық мониторинг бойынша Қазақстанда соңғы 60 жылдан астам уақытта әр онжылдық сайын біртіндеп жылынып келеді. 1960-тан бері әр онжылдықтың орташа температурасы алдыңғысынан жоғары болған. 1991-2020 жылдардағы климаттық норма көрсеткіші бұрынғы 1961-1990 жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. БҰҰ Даму бағдарламасының есебіне сүйенсек, 1991-2020 жылдары Қазақстанның орташа жылдық температурасы 1961-1990 жылдармен салыстырғанда +0,9°C-қа артқан. Бұл жаһандық жылыну үрдісінің біздің елімізде де айқын сезілгенін білдіреді. Соңғы жылдары қыс мезгілінде бұрын сирек байқалған құбылыстар, жаңбыр аралас қар, жылымық қалыпты жағдайға айналып келеді.
Әрине, Қазақстан үлкен аумақты алып жатқандықтан, климаттық өзгерістер өңірлерде әркелкі. Дегенмен, жалпы алғанда, қыстың орташа температурасы жоғарылап, экстремалды суық күндер саны қысқаруда. Бұл қыс мезгілінің бұрынғыға қарағанда жылы болуы тұрғындар өміріне қолайлырақ көрінгенімен, өзге салдары болуы мүмкін. Қар азаюы, көктайғақтың көбеюі, зиянкестердің жойылмауы секілді мәселелер бар. Қысқаша айтқанда, Қазақстандағы қыс әсіресе, желтоқсан айы бұрынғыдан өзгеше. Қазір ол жылы әрі құбылмалы кезеңге айналды.
Біздің жақта күн жылы
Қазақстанның әр өңірі климат өзгерісін әртүрлі өткеруде, оның ішінде Қызылорда облысы айрықша назар аударуға тұрарлық. Қызылорда – шөл және шөлейт аймағына жататын, жазы өте ыстық, қысы жылы өңір. Сонымен қатар бұл аймақ әлемге белгілі Арал теңізінің тартылуымен себепті климаттың өзгеруі мен антропогендік факторлардың тоғысқан жері деуге болады. Соңғы бірнеше онжылдықта Қызылорда облысының климаты айтарлықтай өзгерді. Жазда аптап ыстық күшейіп, қысы жылы болды. Қазақстандық климатологтардың зерттеу нәтижелері Қызылорда өңірінде жылыну қарқыны еліміздегі орташа көрсеткіштен де жоғары екенін көрсетті. 1976 – 2022 жылдар аралығында жаһандық орташа температура он жылда +0,19°C өссе, Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш +0,33°C/онжылдықты құраған, ал Қызылорда облысында бір он жылда температура +0,44°C-қа артқан. Яғни, жарты ғасырға жуық уақыт ішінде Қызылорданың жылдық орташа температурасы ~2°C-қа көтерілген және бұл өте үлкен өзгеріс.
Маусымдық талдау да қызық нәтиже көрсетеді. Қызылордада көктемгі айлар ең қатты жылынған (онжылдықта +0,87°C), ал жаз және қыс айлары да қалыспайды (+0,33…0,34°C/онжылдық). Тіпті күздің өзінде шамамен +0,2°C нжылдық жылыну байқалған. Бұл сандар өңір климатының барлық маусымда жылына түскенін көрсетіп отыр. Мысалы, 2024 жылы Қазақстан бойынша жауын-шашын орташа алғанда қалыпты түссе де, Қызылорданың кей бөлігінде жылдық жауын-шашын нормадан 40-70% кем болды, яғни айтарлықтай құрғақшылық байқалды.
Қызылорда облысының климатына Арал теңізінің тартылуы үлкен әсер етті. Өңірдің ауа райы бұрынғыдан да қатал континенттік сипат алды. Жазда шаңды жел, құмды дауыл көбейді, қыста желтоқсан-қаңтардың жылы кезеңдерінде тұзды шаң дауылдары да байқалатын болды. NASA жерсеріктері түсірген суреттер Арал теңізі табанынан көтерілген тұзды шаңның мыңдаған шақырым аумаққа тарайтынын көрсеткен. Тұз бен құм топырақ құнарын азайтып, адамдардың денсаулығына зиян келтіруде. Дүниежүзілік банктің Орталық Азия климаты жөніндегі есебінде «климаттың өзгеруі мен шөлейттену салдарынан топырақтың құрғауы өңірде шаңды дауылдардың көбеюіне әкелді» деп атап көрсетті. Расында, жергілікті тұрғындар үшін құмды дауыл үйреншікті көрініске айналып барады.
Қазгидромет болжамы
Климаттың жылыну үрдісі байқалғанымен, әр жылдары ауа райы құбылмалы болуда. 2025-2026 жылғы қыс маусымына «Қазгидромет» орталығы алдын ала болжамын жариялады. «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының «Метеоболжау» бөлімінің бастығы Айгерім Жөкеловадан қыс қандай болатынын сұрадық.
– Ауаның орташа айлық температурасы -2,2-6,5°С, бұл облыстың басым бөлігінде нормадан 1° жоғары, облыстың оңтүстік-шығысында норма шамасында (норма: -2,8-7,9°С). Екінші онкүндіктің екінші жартысында ауа температурасы түнде 5-10°С, облыстың солтүстігінде -13°С аяздан -15-20°С аязға, күндіз 0-5°С аяз, облыстың оңтүстігінде +3°С жылыдан 5-10°С аязға ауытқиды. Үшінші онкүндікте ауа температурасының түнде -12-17°С, облыстың солтүстігінде -20°С аяздан -5-10°С аязға, күндіз 5-10°С аяздан 0-5°С аяз, облыстың оңтүстігінде +5°С жылыға аздап жоғарылауы болжанады. Жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан аз, облыстың шығысында норма шамасында болады. Жауын-шашын айдың ортасында және аяғында болжанады. Қар екінші онкүндіктің соңында, үшінші онкүндіктің басында. Бұрқасын екінші онкүндіктің соңында, үшінші онкүндіктің басында болуы ықтимал. 15-20 м/с жел екінші онкүндіктің ортасында және аяғында күтіледі. Тұман үшінші онкүндіктің ортасында, аяғында болуы ықтимал. Көктайғақ екінші онкүндіктердің ортасында, үшінші онкүндіктің аяғында деп болжанды, – дейді ол.
2026 жылғы қаңтар айы елдің көп аумағында орташа ауа температурасы климаттық норма шамасында болады. Қазақстанның шығысында ғана қаңтар әдеттегіден ~1°C суығырақ болуы мүмкін. Ал Қызылорда облысы үшін қаңтар айы орташа көпжылдық мәндерге сай өтеді деп күтіледі, яғни ерекше өзгерістер күтілмейді.
– Ауаның орташа айлық температурасы -4,4-10,3°С, бұл норма шамасында болмақ. Бірінші онкүндікте ауа температурасы түнде -3-8°С аяздан -8-13°С аязға, күндіз 0,+5°С жылыдан 0,-5°С аязға аздап төмендейді. Онкүндіктің аяғында түнде -1-6°С-ға, күндіз +2+7°С жылыға жоғарылауы күтіледі. Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде -20-25°С аязға, күндіз -10-15°С аязға төмендеуі болжанады. Онкүндіктің аяғында түнде -1-6°С-ға, күндіз +2+7°С жылыға жоғарылауы күтіледі. Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде -21-26°С аязға, күндіз -11-16°С аязға дейін, облыстың оңтүстігінде түнде -18°С аязға, күндіз -8°С аязға дейін төмендеуі мүмкін. Онкүндіктің аяғында түнде -8-13°С-ға, күндіз -0,-5°С аязға жоғарылауы күтіледі, – дейді маман.
Климаттың өзгеру себептері мен салдарлары
Климаттың өзгеруінің негізгі себебі – атмосферадағы парниктік газдардың (көмірқышқыл газы, метан, диоксид азот, т.б.) концентрациясының күрт өсуі. Бұл газдар жер бетінде пайда болатын жылуды ғарыш кеңістігіне шығармай, қайта ұстап қалып, буланады. Климаттың өзгеруі жөнінде сарапшылар парниктік газдарды шамадан тыс шығару – жаһандық жылынудың басты қозғаушы күші, оған адамзаттың энергияны көп тұтынуы, орман-тоғайдың азаюы және өнеркәсіптік өндіріс тікелей себепкер екенін айтады. Өткен 170 жыл ішінде Жердің орташа температурасы +1°C-тан астам көтерілді, мұндай жылдам өзгеріс адамзат тарихында болмаған. ХХ ғасырда қарқынды дамыған өнеркәсіп, қазба отынды жағу, көлік құралдарының көбеюі атмосфераға бұрын болмаған көлемде көмірқышқыл газы мен басқа да газдарды қосты. Мәселен, қазіргі көмірқышқыл газы концентрациясы соңғы 2 миллион жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен. NASA және NOAA деректері бойынша 2023 жылы атмосферадағы көмірқышқыл газы көлемі 420 ppm шамасынан асып, рекорд жаңартты.
Парниктік газдардың осылай шектен тыс жиналуы нәтижесінде планетамыз жыл сайын қыза түсуде. Оның салдары қазірдің өзінде сезілуде және уақыт өте күшейіп барады. БҰҰ-ның 2025 жылғы «Жаһандық экологиялық болжам» есебінде егер бүгінгі бағыттан таймасақ, климат өзгерісі «ғаламшарды қауіпті жағдайға тіремек, экономикаға орасан зиян келтіріп, адамдар мен табиғатқа кең ауқымды шығындар мен залалдар әкелмек» деп ескертеді. Ғалымдардың айтуынша, қазірдің өзінде адам әрекеті әсерінен әр өңірде ауа райы экстремальді құбылыстарының жиілігі мен қарқындылығы артты. Мысалы, бұрын жүз жылда бір қайталанатын алапат су тасқыны мен аптап ыстықтар енді он-жиырма жылда бір кездесетін қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін.
Жаһандық деңгейдегі салдарына келсек, климаттың жылынуы теңіз деңгейінің көтерілуіне, мұхит суларының жылынуына және қышқылдануына, поляр аймағы мұздықтарының еруіне әкелуде. ХХІ ғасырда мұхит деңгейі бірнеше ондаған сантиметрге көтеріліп, көптеген жағалау аумақтарына қауіп төндіреді. Климат моделі бойынша, егер парниктік газ шығарындылары шектелмесе, 2100 жылға қарай дүниежүзілік мұхит деңгейі 1 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл Мальдив, Маршалл аралдары сияқты мемлекеттердің су астында қалуына, жағалаудағы миллиондаған адамның орын ауыстыруына әкеледі. Сондай-ақ апатты ауа райы құбылысы (құрғақшылық, орман өрті, тайфун, толассыз жаңбыр, т.б.) жиілігі артты. Мәселен, 2023 жылы Еуропада тарихтағы ең күшті орман өрттері және Қытайда бұрын-соңды болмаған су тасқыны орын алды. Ғалымдар мұны тікелей климат өзгерісімен байланыстырады. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсеннің айтуынша, «жанармайды жаға беріп, табиғатты құрта берсек, залалы еселене бермек», яғни климат дағдарысы шешілмесе, 2050 жылға қарай әлем бойынша миллиондаған қауіп туындайды.
Не күтеміз, қандай шаралар қажет?
Ғалымдардың болжауынша, климаттың қазіргі өзгеру қарқыны сақталса, болашақта бізді тұрақсыз әрі қатерлі ауа райы күтіп тұр. Париж келісімінде белгіленген мақсат – ғаламдық орташа жылынуды +1,5°C деңгейінде шектеу. Өкінішке қарай, бұған қол жетпей барады. IPCC бағалауы бойынша, алдағы 10-20 жылда Жер температурасы бұл межеден асып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан халықаралық қауымдастық үшін ендігі онжылдық шешуші кезең болмақ: парниктік газдар шығарындыларын жедел, ауқымды қысқартуға кіріспесек, 2°C, одан кейін 3°C жылыну орын алуы ықтимал. Ал әрбір қосымша градус климаттық жүйеге орасан салдар әкеледі: мысалы, 2°C жылынуда көптеген экожүйелер қалпына келмейтін өзгеріске ұшырайды, рифтер жойылады, ал 3-4°C жылынуда бүгінгі өркениеттің үйреншікті тірегі – ауыл шаруашылығы, су ресурстары, жағалау инфрақұрылымы дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Осы себепті Біріккен Ұлттар Ұйымы барлық елдерді дереу әрекет етуге шақырады. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутеррешдің сөзімен айтсақ, климаттық өзгерістерге қарсы күресте кешеуілдеу – «адамзат үшін моральдық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да кешірілмес қателік».
Осындай қауіптердің алдын алу үшін қандай шаралар қажет? Ең алдымен, жаһандық деңгейде парниктік газ шығарындыларын қысқарту – яғни, көмір, мұнай, газ жағуды азайтып, орнына күн, жел, су энергиясы сияқты баламалы көздерге көшу.
Жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруі – біз өмір сүріп отырған ортаны жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүрлеуде. Қазақстан да бұл ғаламдық үрдістен тыс қалған жоқ: қысы жұмсарып, жазы ұзарып, климат жылынуда. Қызылорда облысы секілді өңірлерде бұл өзгерістер тіпті қатты сезіліп отыр – табиғи ортаның да, тұрғындардың да алдында жаңа сынақтар тұр. Дегенмен, дұрыс саясат пен белсенді әрекет арқылы ең ауыр салдарлардың алдын алуға болады. Ең бастысы, табиғатпен үйлесімді өмір сүруді үйрену: су, жер, орман сияқты ресурсқа ұқыпты қарап, көміртекті аз экономикаға көшу. Сонда ғана келер ұрпаққа қолайлы климат пен қауіпсіз орта қалдыра аламыз. Климат өзгерісі – бүкіл адамзаттың ортақ мәселесі, оны шешу де ортақ міндет. Қазақстан да осы ортақ іске өз үлесін қосуға және жаһандық сын-қатерге төтеп беруге дайын болуы тиіс.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!