Қыстың қаһарлы суығына шыдас беру үшін жан-жақты дайындық қажет екені белгілі. Себебі жыл сайын жылу қазандықтары мен жылыту құбырларын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары қатаң сұралады. Бұл тұрғыда қаламызда дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Қазір жергілікті билік алдында жөнделіп жатқан желілер мен нысандарды уақытында аяқтау міндеті тұр. Осы уақытқа дейін Қызылорда жылу-электр орталығында 1 генератор мен 4 күштік трансформаторды жаңғырту жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ 10 бу қазандығы мен 20 автономды қазандық жөндеуден өткен. Желілерді жаңғырту мақсатында Қызылорда қаласында 6 жоба іске асуда. Жұмыс жылу беру маусымына дейін толық аяқталады деп жоспарланған. Сонда 81 мыңнан астам қала тұрғыны жылу энергиясымен тұрақты қамтылмақ. Қазіргі таңда орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 909 көпқабатты тұрғын үй мен 1079 әлеуметтік нысан толық дайын.
Қазіргі таңда жұмыс аяқталуға жақын. Мердігер мекемелер уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Яғни, 24/7 жұмыс істеп жатыр. Себебі күн күрт суытса, халық әбіргерге түспеу тиіс.
Атап айтсақ, Қызылорда қаласында ТК-21-ден ТК-25-ке дейінгі магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобасы бойынша қарқынды жұмыс жүруде. Жобаның құрылыс жұмыстары осы жылдың тамыз айында басталған. Жалпы жаңғыртылып жатқан жылу желілерінің ұзындығы 0,23 шақырымды құрайды. Бүгінгі уақытта жылу желілері жаңғыртылып, соған сәйкес абаттандырылуда. Бұл жоба аясында 10 мың абонент, 50 көпқабатты тұрғын үй мен 11 әлеуметтік нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда
Сонымен қатар қаладағы АБМҚ-1-ден Сырдария м/а №1-23 тұрғын үйлері және №264 орта мектепке дейінгі кварталаралық жылу желілерін реконструкциялау жұмысы да аяқталуға жақын. Мұндағы жаңғыртылып жатқан жылу желілерінің ұзындығы 1,63 шақырым. Бұл жұмыстарды «Ақмешіт-мелиоратор» ЖШС-і жүргізуде. Негізгі жаңғырту жұмыстар аяқтаып, тек көму, жабу жүргізілуде. Жоба 5 мың абонент, 24 көпқабатты тұрғын үй және 1 мектепті тұрақты жылумен қамтамасыз етуге толық дайын.
Бұдан бөлек бөлек жауапты сала басшыларына әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің әзірлігін қатаң бақылауда ұстап, қажетті отын қорын уақытылы жеткізу тапсырылған. Жоспарға сәйкес, алдағы маусымға 139 мың тонна көмір қажет. Оның 117 мың тоннасы халықтың, 22 мың тоннасы әлеуметтік нысандардың қажеттілігі. Өңірлік операторлар көмір қорын жасақтау жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізуде.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!