Бұрын адамдар хат жазды. Жазған хаты жеткенше, жауап келгенше, жүрек күдіктен де, үміттен де өтіп, сабырға үйренетін. Бір кітапты бірнеше ай оқитын, әр беті ойдың сүрлеуі, әр сөйлемі сезімнің емі еді. Сол күндер артта қалды. Енді бәрі тез. Қазір адамдар сезінуден бұрын смартфон бетін саусақпен жылжытады. Көңіл көтеруді TikTok шешіп береді, күлуді Instagram ұсынады, ал ақпаратты бір ғана тақырып жеткізеді. Біз не болып жатқанын оқып үлгермейміз, біз тек сырғытып өтеміз.
Адамның жаны – терең құдық десек, бүгінде біз оның бетіндегі суын ғана ішіп, түбіне үңілмей кеттік. Уақытпен жарысамыз. Біреу бізге ұзақ десе, қорқамыз. Ұзақ сөз, ұзақ әңгіме, ұзақ видео – төзу қиын. Есесіне, 15 секундтық видео, 5 секундтық күлкі, 3 сөзбен берілген мотивация – біздің жаңа шындығымыз. Бізге біреу кітап сыйласа уақыт жоқ дейміз, ал TikTok-та 1 сағат өткізсек, өзімізді ақтай алмаймыз. Біз тек жылдам әсер іздейміз. Тез әсер, тез жауап, тез нәтиже. Бірақ сол әсерге үйреніп алған ми терең ойлана ала ма? Сезіміміз бен зейініміз осы шапшаң тұтынудан не көріп, не жоғалтып жатыр?
Күні кеше ғана адам бір киноны көріп, бірнеше күн бойы соның әсерінде жүретін. Бір өлеңді оқып, ішкі дүниесіне үн қататын. Қазір ше? Қазір бір минут ішінде он шақты видео көріп үлгереміз. Біреу билейді, біреу жылайды, біреу күлдіреді, ал біз әсер аламыз. Бірақ бұл әсер ұшқын секілді. Жанып үлгермей жатып өшіп қалады. Жаңадан шыққан фильм емес, оның трейлері маңыздырақ. Кітап емес, сол кітап жайлы айтылған 15 секундтық пікір құндырақ. Біз мәнді емес, жылтырақ нәрсе іздейміз. Тек жылтырақ. Бірақ жылтырақ – жарық емес.

Қазіргі контент жүрекке жол табайын демейді, тек көзге ұнаса болды. Адамды терең толғаныс емес, тез реакция қызықтырады. Бүгінде көпшілік өз ойын баяндап айтудан бұрын эмодзи басуға әдеттенген. «Қатты күлдім», «ренжідім», «жүрек ауырды» – мұның бәрі бір ғана белгімен беріледі. Ал, шын мәнінде, ол сәттер бұрын адамды ішкі тыныштыққа, ой түюге жетелейтін. Кейде біз көрген әр видео, тыңдаған әр ән біздің рухани әлемімізге кішкентай кірпіш болып қалануы керек еді. Бірақ тез тұтыну соның бәрін оп-оңай қиратып жатыр. Өйткені біз сезінуді емес, жылдам ауыстырып тастауды үйреніп кеттік.
Қазіргі қоғамда бір заңдылық бар. Адамдар күте алмайды. Автобус кешіксе, ашуланады, тамақ кеш дайын болса сабыр таусылады, біреу баяу сөйлесе, шыдамы жетпейді. Адамдар бәрінің тез болғанын қалайды. Барлығы қазір, бірден, осы сәтте болсын дейді. Ал сәл ұзап кетсе, іші алай-дүлей күйге түседі. Бұл жай ғана мінез емес, уақыттың әсері. Нақтырақ айтқанда, қысқа видеолардың, жылдам контенттің, бір сәттік әсердің тәрбиесі. 15 секундта күлкі сыйлайтын TikTok-қа үйренген адам енді 15 минуттық әңгімеге төзбейді. Ол үшін ұзақ күту – азап, ал шыдам артық салмақ секілді. Адамның жүйкесі нәзік емес еді. Бірақ біз оны тез әсерлермен шаршатып қойдық. Жылдамдықты ғана қабылдайтын ми енді баяулықты көтере алмайды. Сондықтан да қазіргі адамның ашушаңдығы, күйгелектігі, сабырсыздығы жай жүйке ауруы емес, бұл – жылдам тұтынудың жанға салған ізі.
Қазіргі адам теледидар арнасы секілді. Біреу ұнамай қалса, келесіге ауыстырып жібереді. Кітаптың алғашқы үш бетінен қызық таба алмаса қоя салады. Досының әңгімесін тыңдай алмайды. Ал бұрынғы адамдардың шыдамында салмақ бар еді. Олар бір сөзді іштей қайталап, мағынасына бойлайтын. Қазір біз бір минуттық видеоны толық көрудің өзін уақыт жоғалту деп санаймыз. Біз сонда шапшаң болған сайын рухани әлсіреп бара жатқан жоқпыз ба?
Бүгінгі бала өмірді TikTok арқылы таниды. Тарихты да, мәдениетті де, мінезді де қысқа видеодан үйренеді. Бірақ ол тек форма. Ал мазмұн уақыт сұрайды. Түсіну табандылықпен келеді. Біз бірнәрсені біліп қойдық, көп көру көп түсіну емес. Керісінше, көп көру бізді жалықтырады. Тек мағыналы, терең дүние ғана жүректі тыныштандырады.
Адам баласының ішкі жан әлемі терең жаратылыс. Оның ойы да, сезімі де, түйсігі де уақыт пен үнсіздікті қажет етеді. Бірақ біз қазір дәл осы екеуінен айырылдық. Біз өзіне де, өзгеге де сабырмен үңіле алмайтын, тек сырғыта қарайтын ұрпаққа айналып бара жатқандаймыз. Әр видеоны жылжытып, әр жаңалықты үстірт қарап, әр сәттен тек әсер іздеп жүргенде шынайы тереңдік қол бұлғайды. Бірақ біз оған тоқтап қарауға ерінеміз. Сол үшін жүрек тоза бастады. Ақыл шаршады. Жан тыныштықты аңсайды.
«Қысқа видео ойды өлтіре ме?» деген сұрақ жай сауал емес. Бұл – біздің өзімізге ескерту. Егер біз осы жылдамдықтан бір сәтке болсын, бас тартпасақ, егер жүректің үнін естімей, тек желінің дауысына бағынсақ, ертең біз кім боламыз? Мүмкін, қазір тоқтап, ойланып, үнсіз қалатын уақыт жеткен шығар? Себебі кейде ой үнсіздікте ғана тереңдейді, ал сезім асықпаған адамға ғана ашылады.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!