Дариядай тербелген тіршілік
Сырдың бойын жағалай қонған, көне тарих пен бүгінгі тірліктің тоғысқан тұсы – Қызылөзек ауылы. Бұл мекен – жай ғана ауыл емес, өткеннің өнегесі мен болашақтың үміті қатар өрілген қасиетті қоныс. Тарихының тамыры тереңде жатқан бұл өңір – еңбекпен есейген, шежіремен шаттанған өлке. Кеңестік кезеңде қаракөл қойын түлеткен кеңшарларымен, күріші мен малымен аты шыққан Қызылөзек бүгінде жаңарып, жаңғырып келеді. Қараөзек дариясынан нәр алған ауыл тіршілігі замана көшіне ілесіп, жаңа белестерге бет түзеген.
Қалаға қашық емес, көңілге жақын бұл ауылда бүгінде береке мен бірлік бар. Инфрақұрылым қалыпқа келіп, кәсіпкерлік қанат жайған, мәдениет пен білім саласында да ілгерілеу байқалады. Қызылөзекке арнайы барып, ауылдың өткенін парақтап, бүгінгі тынысын көзбен көріп қайттық. Бұл – тарих пен тірліктің, еңбек пен елдіктің шынайы суреті.
Тарихы терең, тағылымы мол
Қызылөзектің тарихы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Бұл өңірде ертеректе Қараөзек болыстығының №2 ауылы болған. Кеңес кезеңінде ел еңсесін көтерген колхоздар құрылып, мыңдаған халық егін егіп, мал бағып, тіршілік тізгінін ұстады. Жер-Ананы түлеткен қарапайым еңбек адамдары бұл даланың нағыз иесі екенін дәлелдеді. 1956 жылы ет бағытындағы совхоз болып құрылған Қараөзек кеңшары 1962 жылы қаракөл қойын өсіруге мамандандырылған ірі шаруашылыққа айналды. Сол жылдары кеңшарда 45 мың қой, мыңнан аса жылқы мен түйе өсіріліп, мемлекетке мол өнім тапсырылып отырды. Жыл сайын 3 мың центнерге дейін ет, көлемі мол тері мен жүн ел қазынасын толықтырды.
Бұл ауыл тек еңбекпен емес, ерлікпен де танылды. Қой шаруашылығының үздігі Ахмет Халықов Социалистік Еңбек Ері атанып, ауыл мәртебесін биіктетті. Оның немересі Ғамзат Ахметов бүгінде ата жолын жалғап, «Ахмет» шаруа қожалығы арқылы кәсібін өркендетуде.
– Атадан-балаға мирас боп қалған осы кәсіпті қолға алдым. Әрине, үлкендердің жолын жалғау – біз үшін бақыт. Олардың салған сүрлеуінде жаман болып жүргеніміз жоқ. Отбасымыздың ырзық-несібесін адалынан, маңдай термен тауып келеміз. Атакәсіп аш қалдырмайды, – дейді кейіпкеріміз.
Тарих дегеніміз – тірі адамдардың ісі десек, Қызылөзек сол істің ізін сақтап отырған ауыл. 1993 жылы ресми округ мәртебесін алған Қызылөзек 1997 жылдан бастап Қызылорда қаласының құрамына енді. Құрамындағы Қараөзек бекеті – теміржол шежіресінің тірі куәсі. Мұнда ХХ ғасырдың басынан келе жатқан вокзал, мұнара, көпір секілді сәулет нысандары әлі күнге дейін сақталған. Айнакөл ауылы болса, бұрынғы бақша-тәжірибе шаруашылығының ізімен көкөніс өсіру ісімен айналысқан мекен. Бүгінде ауыл шаруашылығындағы сол іздер жаңаша жалғасуда.
Тіршілігі тындырымды,
шаруасы ширақ
Қызылөзек – қол қусырып қарап отырмайтын жұрттың мекені. Ауыл халқы ертеден еңбекпен етене, тіршілікке тиянақты. Бүгінде округ аумағындағы негізгі күнкөріс көзі – мал мен егін шаруашылығы. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласы да қарқын алып келеді. 2025 жылдың алғашқы бес айындағы есеп бойынша 197 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр. Бүгінде мұнда барлығы 30 шаруа қожалығы, 4 ауыл шаруашылығы кооперативі және 162 жеке кәсіпкер кәсібін дөңгелетіп отыр. Әрқайсысы ауыл экономикасына тірек болуда.
Солардың бірі – Қараөзек ауылының тұрғыны, кәсіпкер Алып Маймақов. Ерте жастан мал шаруашылығына бет бұрған ол бүгінде қазақтың атакәсібін қолға алып, дөңгелетіп келеді.
– Мал шаруашылығын кәсіби түрде жүргізуді бала кезден армандадым. «Бексұлтан» жеке шаруашылығын 2002 жылы бастадық. Содан бері бұл іс менің өмірлік кәсібіме айналды. 2022 жылы мемлекеттен 6 пайызбен жеңілдетілген несие алып, жылқы малын көбейтуге мүмкіндік алдым. Қазір шаруашылықта 80-ге жуық түйе, 100-ге жуық ірі қара, 110 бас жылқы бар. Қолда бар малдың бәрі – күнделікті тіршілігіміздің тіні. Малдың жайын білсең табыс та, тыныштық та болады. Ауылда отырып, адал еңбектің арқасында да өсіп-өркендеуге болатынына көзім жетті. Осы күнгі жастар үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау – үлкен мүмкіндік. Мал шаруашылығы – бейнетті, бірақ берекелі іс, – дейді Алып Сейтжанұлы.

Ауыл тіршілігі тек малмен ғана шектелмейді. Қызылөзекте қолөнер мен тігін ісін кәсіпке айналдырған нәзік жандар да бар. Солардың бірі – жас кәсіпкер Әсел Елешова. Ол бүгінде өзінің брендін қалыптастырып, сән әлемінің жаңа тынысын ашып отыр.
– Тігін ісімен кәсіби түрде 2019 жылдан бері айналысамын. Мектепте оқып жүргенде-ақ, қолөнерге жақын едім, алайда тігінші, дизайнер болам деген мақсат айқын болмаған. Бірақ тағдыр тігін машинасының айналасына қайта-қайта әкелді, – деп бастады әңгімесін кәсіпкер Әсел Елешова. – Түрлі жұмыс істесем де, ине мен жіпті тастамадым. Кейін бір ательеге жұмысқа орналасып, тәжірибе жинадым. Бастапқыда пішуді үйренгім келген. Бірақ тапсырыс берушінің өзі маған дәлдікпен тігуді үйретіп жіберді. Сөйтіп, біртіндеп пішу мен тігуді қатар меңгердім. Әр жаңа киім – мен үшін бір әлем. 2023 жылдан бастап «ASSYEL» деп аталатын өз брендімді қалыптастырып жатырмын. Қазір әйелдерге арналған заманауи қазақи нақыштағы пальто, қысқа шапан, сырт киімдер тігемін. Ерлер киімі де әзірленіп жатыр, жақында сатылымға шығарамыз. Барлық бұйым қолмен тігілген, ерекше үлгілерден құралады. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5% жеңілдетілген несие алып, тігін және тоқыма машиналары мен қажетті жабдықтарды сатып алдым. Қазір екі тігіншіні оқыту үшін «Мансап» орталығы арқылы өтініш беріп қойдық. Оқу аяқталған соң, оларды ресми жұмысқа аламын. Осылайша, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашып, бір істің басын құрап жатырмыз. Ауылда отырып кәсіп бастау қиын емес, тек жүректегі қорқыныш пен сенімсіздіктен өту керек. Еңбекті ешкім көрмесе де, нәтиже өзі сөйлейді. Маған бұл кәсіп – табыс көзі ғана емес, жан тыныштығым, жүрек қалауым.
Жаңғыру жолындағы жарқын істер
Ауылдың бүгінгі келбеті – елдік ниет пен мемлекеттік қолдаудың бірлігінен туған нәтиже. Қызылөзек те бұл тұрғыда өзгелерден қалыс емес. Соңғы жылдары ауылдың инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жобалар қолға алынды. Ең өзекті мәселелердің бірі – электр желілерін қайта жаңғырту еді. Қазір «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қараөзек, Айнакөл және Қараөзек бекетінде осы жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жалпы құны – 1 млрд 192 млн теңге. Бұл – ауылдың жарығы мен тұрмысы сапалырақ болуына жасалған нақты қадам.
– Бүгінде жалпы ұзындығы 3,2 шақырым болатын үш көшеде, яғни, А.Құнанбаев, Қараөзек бекеті – 4, М.Жабағыұлы тұйығы тәрізді көшелерге жаңа жол төселіп жатыр. Сонымен бірге 292 млн теңгеге «Қожақ» көпірі күрделі жөндеуден өтуде. Бұл – Қараөзекке кіреберістегі басты өткел. Енді ауылға кіру де, шығу да қауіпсіз әрі ыңғайлы болмақ. Бұдан бөлек, Қорқыт ата көшесіне түнгі жарық шамдарын орнату, Айнакөл көшесіне жол салу, газдандырудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, Қараөзек бекетінде балалар ойын алаңын салу сияқты жұмыстар алдағы жоспар қатарында тұр, – дейді ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппар.
Бұл – қағаз жүзіндегі уәде емес, нақты басталып кеткен шаруалар. Мемлекет пен халық мүддесінің тоғысқаны осындай тірліктен айқын көрінеді.
Мәдениет – ел рухының мәйегі
– Қазір ауылдық клубта сегіз үйірме тұрақты жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Бозторғай» ән үйірмесі, «Жауқазын» би үйірмесі, «Көркемсөз» және «Қолөнер» бағытындағы топтар бар. Домбыра үйренгісі келетіндер үшін «Шертпе» үйірмесі бар. Үлкендер «Әжелер ансамбліне» қатысады. Жастар «Орда-kz» вокалды-аспапты ансамблі мен «ЖасStar» театр үйірмесі арқылы өнерге араласып жүр. Аптаның әр күнінде үйірмелер өз кестесімен жұмыс істейді. Қатысушылар белсенді, балалар да, ата-аналар да қызығушылық танытып келеді. Сонымен қатар клубта балаларға арналған танымдық және тәрбиелік бағыттағы фильмдер, мультфильмдер көрсетіліп тұрады. Бұл да бос уақытты тиімді өткізудің бір жолы, – деді клуб директоры Айдос Байкенов.
Байқасақ, мұнда өнерге таласы бар әр баланың бейіміне қарай жол бастауға мүмкіндігі көп. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, ауыл ішінде өнерпаздарға құрмет те жоғары. Бұл сөзімізді клуб директоры да қуаттады.
– Қызылөзек – өнерге жақын ауыл. Осы жерден шыққан танымал әншілер бар. Мысалы, ерекше стилімен қазақ музыкасына жаңаша леп әкелген Ғалымжан Молданазар, сондай-ақ өздеріңізге белгілі әнші Тұрар Ыдырыс біздің ауылдан шыққан. Олар – ауыл жастарына үлгі. Клуб жай ғана сахна емес, өнер мен тәрбие қатар жүретін орта. Балалар осында сахнаға шығуды, көптің алдында сөйлеуді, жауапкершілікті үйреніп жатыр. Біз үшін ең маңыздысы, солардың бойынан сенімділік пен өнерге деген қызығушылықты көру, – дейді Айдос Байкенов.
Ауылда артық даңғаза жоқ. Бірақ әр бұрышында өз үні, өз әлемі бар. Соның бірі – кітапхана. Есігін еппен ашқан сайын сыр бүккен сөрелер мен үнсіз тізілген кітаптар көзге түседі. Мұнда ешкім асығыс келмейді. Себебі бұл – білімге бет бұрған жанның аялдайтын орны. Қызылөзек ауылдық кітапханасы тым шулы емес, бірақ тым терең. Қарапайым ауыл тірлігінің арасында руханияттың шырағын сөндірмей отырған мекен.
– Қазіргі таңда кітап қорымызда 14 мыңға жуық кітап бар. Әр жанр бойынша сұрыпталған. 850-ге жуық оқырман тіркелген, оның көбі – тұрақты келіп тұратындар. Оқу залында отырып кітап қарауға да, үйге алып кетуге де мүмкіндік бар. Кітапхана тек кітап беріп, қабылдайтын орын емес. Әдеби кештер, көрмелер, тәрбие сағаттарын өткізіп тұрамыз. Балалардың кітапқа деген ықыласын оятуға тырысамыз. Әр бала оқысын, ойлансын, өзіне бір жол ашсын дейміз. Кітап – соның кілті, – дейді кітапханашы Мираш Досмырзаева.
Сондай-ақ Қызылөзек ауылындағы Тағзым алаңы биыл қайта жөндеуден өтті. Алаң аумағы абаттандырылып, брусчатка төселіп, көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жер – ауыл тұрғындары үшін тек ескерткіш қана емес, тарихты көрсететін қасиетті орын. Алаңда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштермен қатар, осы өңірден шыққан елге танымал тұлғалардың есімдері де ұлықталған. Солардың қатарында жыраулық өнердің биік өкілі Мұхаммедияр Жабағиев, мемлекет және қоғам қайраткері Нағи Ілиясов сынды азаматтар бар.
Бұл – ауыл жастарына өткенді ұмытпай, елге қызмет еткен ерлерден үлгі алуға бағыт беретін рухани-тәрбиелік орын. Мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары жиі барып, тағзым жасап, тарихпен танысады. Естелігі бар ел – тамыры терең халық.
– Бұл – жай ғана ауыл емес, тарих пен тағылымның тоғысқан мекені. Кеңес дәуіріндегі кеңшардың ізі әлі күнге дейін сезіліп тұрады. Бірақ біз өткенге қарап отыра алмаймыз. Қазір бізге керегі – нақты қадам, жарқын жоспар, – дейді ауылдық округ әкімі Сәкен Әбдіжаппар.

Қызылөзек – өткенін ұмытпаған, бүгінін бағалап, болашағына сеніммен қадам басып келе жатқан ауыл. Ауыл тұрғындары – еңбекке етене, бірлікке бекем жұрт. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен тұрғындардың өз ісіне жауапкершілікпен қарауының арқасында округтің келбеті күннен-күнге жаңарып келеді. Газдандыру, жол, жарық, кәсіпкерлік, мәдениет пен білім саласындағы жұмыстар – мұның бәрі ауыл өмірінің алға басып, өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Жас мамандар ауылда қалып, кәсібін бастаса, тағы бірі мәдениет пен спортқа бет бұрып жатыр. Бұл – ауыл тіршілігінің тоқтамай, үнемі қозғалыста екенінің айғағы.
Дарияның бойын мекендеген осы елді мекеннің әрбір иірімі – тарих, әрбір тірлігі – үміт. Ауылдың келешегі – ауылда қалып, еңбек етіп жүрген осындай азаматтардың иығында. Сол иық мықты болса, Қызылөзек те биіктей бермек.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!