Даңқты жазушы Мұхтар Әуезов «Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр» деген екен. Расында, адамға рухани қуат беретін мәдени өмірдегі ізгілікті шаралардың ұрпақ тәрбиесінде де орны ерекше. Ұлтымыздың өміршең салт-дәстүрін, ана тілін, өркениетін, тарихын елге танытып, мәдени дамуымызда көшбасшы болып жүрген Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысы жылдың төрт мезгілінде де үздіксіз атқарылады.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қалалық деңгейде мәдениет, театр, өнер, кітапхана, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған іс-шараларды тұрақты жүргізіп келеді.
Бөлімге қарасты қалалық мәдениет үйі, клубтары және халықтық ұжымдар кәсіпорны, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, қалалық мәдени-демалыс паркі, Қызылорда қаласының тарихи музейі, Жастар театры елге елеулі қызмет көрсетіп келеді.
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Қай кезеңде болсын, мемлекеттің даму сатысында мәдениеттің орны ерекше. Сыр өңірі ұлттың ғибратты ордасы болса, мәдениеті, тіл мен салт-дәстүрі өнегенің алтын қазығы. Қызылорда қаласы иісі қазаққа алғашқы астана атымен танылған мәдениет пен өнердің, әдебиет пен ғылымның рухани орталығы болуымен құнды. Алты Алаш қадір тұтқан бас шаһардың бұл күнде сәулеті айшықталып, мәдени нысандар көбейіп, рухани, танымдық шаралар кең ауқымда өткізілетін мерейлі мекенге айналды. Бас шаһарда мазмұнды іс-шаралар өткізу, дүйім елге насихаттау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің құзырында. Мәдениет, театр, өнер, кітапхана, тарихи-мәдени мұра нысанын қорғау және пайдалану, мемлекеттік тілді және басқа тілдерді дамыту мақсатында атқарылған жұмыстар аз емес.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаевтың айтуынша, бөлімге қарасты қалалық мәдениет үйі, клубтар және халықтық ұжымдар, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, мәдени-демалыс паркі, тарихи музей, жастар театры халықтың рухани, танымдық көкжиегін кемелдендіруде, жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болуда еселі еңбек етіп келеді.
Биыл 9 айда қала бойынша 1098 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, көрерменнің ықыласына бөленген. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр елі өзге өңірлерге үлгі болып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, насихаттау және дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Нәтижесінде мемлекеттік мекемелердің құжат айналымы түгелімен ана тіліне көшкен. Сонымен қатар қала көшелерінің атауын жүйелеп, заманауи қалыпқа келтіріп, оларға елге еңбегі сіңген тұлғалар мен жер-су аттарының есімін беру мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің міндетінің бірі.

Бөлім басшысының айтуынша, қалада комиссия шешімімен нақтыланған 1279 және қалаға қарасты ауылдық округтерде 449 көше бар. Республикалық ономастика комиссиясы 48 ардагердің есімін бекіту туралы оң қорытынды берген. Оның ішінде 17 ардагердің есімі ауылдық округтен бекітіліп, талапқа сай QR-код енгізілген тақтайшалар жаңаланған.
– Қаладағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктерін атау және қайта атау беру бойынша 2022-2024 жылдар аралығында тиісті заңдылықтарға сәйкес қаралып, қолдауын тапқан 4 ұсыныс Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының кезекті отырысына ұсынуға ықпал жасау мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасына құжаттары жолданды.
Ендігі кезекте, «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілген 7 ұсынысты және облыстық қоғамдық даму басқармасының ұсынысына сәйкес Сұлтанбек Қожанов есімін лайықты көшеге ауыстыру мақсатында қалалық ономастика жұмысшы тобының отырысында қаралып, облыстық қоғамдық даму басқармасына жолданды. Қалаға қарасты кент және ауылдық оругтегі идеологиялық тұрғыда ескірген атаудың барлығына тарихи тұлғалар мен жер су атауы берілді, – дейді бөлім басшысы.
Бөлім тарапынан жарнама және тіл тазалығына қатысты мәселелер қадағаланып, тексеру тұрақты жүргізілетіні де айтылды. Мекемелерге, кәсіп иелеріне, жазбаша ескерту хаттар мен маңдайша жазулар, басқа да көрнекі ақпараттың мәтінін жазу және орналастырудың үлгісі беріліп, түсіндірме жұмысы жүргізілген. Қаладағы мейрамхана мен жылдам әзірленетін дәмхананың 89,9 пайызы ас мәзірін қазақ тілінде ұсынатыны қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ел үшін үлкен жетістік.
Бүгінде екі ғасырдан астам тарихы бар Қызылорда қаласында 85 тарихи-мәдени мұра мемлекет қорғауына алынған, оның 4-і республикалық, 34-і жергілікті маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіштері. 47 нысан тарихи-мәдени мұра тізіміне алдын-ала енгізілген. Бүгінде жекеменшікте 10 нысан бар.
Қалаға қарасты клубтар да халыққа рухани демалыс сыйлау мақсатында мазмұнды шаралар өткізуде белсенді. Клуб үйлерінің ұйымдастыруымен 652 мәдени шара өткен. Кент пен ауылдық округтердің мәдениет орындары ауқымды мәдени шаралар өткізіп, өз өнерлерін паш етуде. 26 мыңнан астам ауылдықтарға қуаныш сыйлаған 362 мәдени шара өтуі соның дәлелі.
Ал «Адал адам – мәдени-тәрбие орталығы» жобасы рухани тәрбиенің өзегіне айналғанына куә боп келеміз. Бұл тақырыпты қамтыған 612 іс-шара өткізіліп, 144 мыңнан астам көрермен қатысқан ұрпақ тәрбиесі үшін мазмұнды кездесулер өткен.

Үйірменің үйретері көп екені сөзсіз. Қаладағы мәдениет үйлері мен клубтарда 99 үйірме тұрақты жұмыс істеп, би, сурет, тігін және өзге де өнерге қызығушыларды баулиды.
Сондай-ақ «Мереке-Думан» халықтық әзіл-сықақ отауы, «Сиқырлы айна» халықтық балалар қуыршақ театры, «Сырлы саз» халықтық этно-фольклорлық ансамблі және «Қожабековтер» халықтық отбасылық ансамблі қала халқына өнерлерін көрсетіп, сахналық қойылымымен тәнті етуде.
«Кітап – алдыңғы ұрпақтың кейінгі буынға қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді классик жазушы Ғабит Мүсірепов. Кітап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарт. Шынында, кітапханашы рухани қазынаның иесі. Қаладағы 21 кітапханада үздіксіз тағылымдық кештер, кездесулер, салтанатты шаралар өткізіледі. Оқырман санының өсуі асыл қазынаға деген ел құрметінің еселенуінің дәлелі. Бүгінде оқырмандар сұранысына сай кітап қоры – 647 659, қазақ тіліндегі кітап саны – 264 923. Биылғы алынған жаңа әдебиеттер саны – 608, оның 436-сы ана тілімізде.
Қалалық мәдени-демалыс паркі жақында қайта жаңарып, сәулетті кейіпке енді.
Қалалықтарға керемет демалыс сыйлайтын мәдениет орны 3954,3 шаршы метрге ғимараттар мен бетон скейтпаркі, 23815,7 шаршы метрге көгалдандыру жұмысы, 2 122 шаршы метрге қылқан жапырақты екпе және 544 дана ағаш отырғызылған.
Бетонды скейтпарк, 20-ға жуық жас ерекшеліктеріне қарай аттракциондар, кафе ғимаратын орналастыруға арналған алаң және балалар ойын алаңы бар. Айналма дөңгелектің жанында және аттракциондар паркінің орталық алаңында фуд-корт аймағы орналастырылған.
Сол секілді арнайы воркаут алаңы, үстел теннисі орындары, демалуға арналған алаңдар, жапон бағы, футбол алаңы, барлық аумақта субұрқақтар орнатылған. Ашық аспан астында мәдени қызмет көрсетуге және 100 орынға арналған амфитеатр сахнасы демалыс орнының ажарын ашып тұр. Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-ның астанасы болғанына 100 жыл толуына арналған мәдени шаралар биылғы жылдың кәделі сыйы болды. Түп тарихында үш дәуірдің астанасы болған, одан бері кешегі ХХ ғасырдың басында Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы Ақмешітте өткен алқалы жиында бас қаланың аты Қызылорда болып өзгертілгені, сонымен қатар Алаш зиялыларының бастамасымен ұлтымызға «қазақ» атауы қайтарылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Қай заманда да қазаққа құтты ұя болған байырғы мекенде атаулы жылда іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылғаны көңілге қуаныш сыйлап, мәртебемізді көтере түсті.
Айтулы іс-шара Қызылорда қаласының мерейтойымен жалғасып жатыр.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Қызылорда қаласының Астана болғанына 100 жыл толуы аясында және қала күні мерекесіне арнап іс-шара жоспарын құрып, ауқымды салтанатты іс-шаралар өткізуде. 24 қыркүйектен басталған шаралар 27 қазанға дейін жалғаспақ.
Соның алғашқысы «Өнер» арбатында «Қызылорда – Алаштың жүрегі» кітабының тұсаукесері және «Кітап FEST» кітап көрмесі мен сатылым акциясын ұйымдастырумен басталды. Кітапханалар жүйесі, кітап дүкендері, кітапты өз еркімен сыйлайтын еріктілерді қамти отырып кітап жәрмеңкесін ұйымдастырып, жұртшылықтың кітап оқуға деген құлшынысын оятты. Тағылымды іс-шарада ертегі кейіпкерлерінің бейнесін жас бүлдіршіндер сомдап, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.
Мазмұнды іс-шараның бірі – Қызылорда қаласының тарихы музейі ғимаратында туған қаламыздың ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи құжаттар, фотосуреттер мен құнды жәдігерлерден құралған «Қызылорда – мерейлі мекенім!» тақырыптық көрмесі өтті. Осы күні Өнер арбатында «Сыр шеберлерінің жұлдызды құрағы» атты көрме ұйымдастырылып, қолөнершілердің шеберлігіне қалың көпшілік тәнті болды.
Қалалық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Ата заңның 30 жылдығына орай веломарафон өтті. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Қарттарға құрмет – ұрпаққа міндет» атты қарттар күніне арналған мәдени көпшілік іс-шараға қариялар қатысып, ризашылығын білдірді.
Мұнан әрі қала күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шара Қорқыт ата ескерткішінде жалғасты. «Қызылорда жастар қаласы» фото көрме сайысы өтіп, жеңімпаздар марапатталды. 3-5 қазан аралығында қалалық спорт бөлімінің бастамасымен «Qyzylorda-OPEN» шахматтан республикалық турнирі өтті.
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Сыр сазгерлерінің сазды сәлемі» атты ән кешінде сазгерлердің Қызылорда қаласына арнаған әндері орындалды. Жастар театрында алаштанушы ғалым Е. Тоқтарбайдың «Жас Алаш, шындық шырағы» атты тарихи драмасы сахналанса, сол күні «Сәтті 100 қадам» танымдық квест сайысы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар қалалық жастар орталығында жастар арасында «Тарихы терең – Сыр елі» тақырыбында инттелектуалды сайыс жоғары дәрежеде өткізіліп, жастар қала тарихы туралы тың ақпараттар алды. Спортсүйер қауым үшін жағымды жаңалық қала күніне орай «Евразия» спорт кешенінде 12-17 қазан аралығында Қазақстан Республикасы бірінші лиганың, бірінші айналымы футзал чемпионаты өткізілмек.
17 қазанда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен сол жағалаудағы жаңа стадионда «Бақ байрақты – Қызылордам!» атты салтанатты гала-концерт өткізілсе, 18 қазанда аудандардың ауылшаруашылық жәрмеңкесі мен мерекелік концерт, ипподромда «Алтын дән – 2025» мерекесіне арналған республикалық ат бәйгесі, теннис орталығында қазақ күресінен «Бала барыс – 2025» қалалық ашық біріншілігі, 23-25 қазанда «Сыр жұлдыздары» шығармашылық орталығында стритболдан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир, 26-27 қазанда «Теннис» орталығында тоғызқұмалақтан қалалық ашық біріншілік, 26-27 қазанда «Евразия» спорт кешенінде әуесқойлар арасындағы футзалдан қалалық ашық біріншілік өткізілетін болады.
Осылайша, Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай және қала күніне арналған тағылымды іс-шаралар 27 қазанға дейін жалғаспақ.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!