Бейсенбі, 26 желтоқсан, 13:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда жасыл қалаға айналды ма?

19.11.2024

309 0

Бұрын-соңды Сырда егілген ағаштың болашағы бұлыңғыр болатын. Өйткені сенбілікте жабылып тал еккенмен, одан кейін оған күтім жасап, баптаудың жай-күйі беймәлім еді. Жауапкершілікті сезініп, осы істі мойынға алатын бір мекеменің қажеті қатты білінді. «Жасыл Қызылорда» осылай ашылған еді…

Жаз өтіп, күз кетіп барады. Әйтсе де, атқарылған жұмыстың бірнеше айдан кейін-ақ көзге көрінетіні анық. Қалай болды? Өзгеріс қандай?

Ә дегеннен жаңа құрылған мекеменің ең бірінші жұмысы шаһар айналасындағы бітеліп қалған арықтар мен су жүретін көздерді ашу болды. Табиғаттың кәусар байлығы ауласына бармайтындар көп. Бірақ ондағы себеп су келетін арық әлдекімнің үйінің тұсынан бітеліп, қоқыс толып қалған. Дәл осындай жағдайлар мамандардың алдынан кесе көлденең келе берді. Қызылорда қаласын аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында «Жібек жолы» және «Қызылжарма» арналарын күтіп-ұстау, пайдалану, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына да қаржы бөлініп, ауқымды шаруа атқарылды. Мұның өзі бірнеше жылдағы сеңнің қозғалғаны деуге жарайды. Мекеменің алғашқы басшысы Әжібек Мампаев алғашқы брифингтердің бірінде бұл мекеменің көгалдандыру ісінің де жүйелі жұмыс істеуіне ықпалы болатынын айтқан еді. Бұрынғы басшы осылай деді, бүгінгі басшы не дейді?

– Күз келісімен арық біткенді қураған шөп пен жапырақ толтырады. Бұл көктем мезгілінде аяқсудың керекті жерге жетуіне айтарлықтай кедергісін келтіреді. Соның алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргі­зіліп, қадағаланып отырады. Енді бұл мәселе біржола оң шешімін таппақ. Қазір жаңа техникалар алына бастады. Мекеме жұмыс­шылары қаладағы ағаш егілген аумақтарды, парктер мен аллеяларды күнделікті бақылап отырмақ, – дейді мекеме директоры Мақсат Жүсіп.

Қаланы көркейту-көгалдандыруға был­тыр жергілікті бюджеттен 484,7 млн теңге бөлініп, орталық аймаққа гүлдер мен газондар отырғызылды. Арық жүйелері тазартылып, жасыл екпелер егіліп, суарылды. Биыл да бұл жұмыс қарқын алды. Енді мамандар көктемде болар қиындықтың алдын алып, тынымсыз еңбектенуде.

– Бүгінде мекеме қызметкерлері қала аумағындағы арық жүйелеріне күзгі тазалау жұмыстарын жүргізіп, аяқсу арналарын қалпына келтіруде. Жалпы қала аумағына Сырдария өзені мен каналдар арқылы 19 су насосы орнатылған. «Жасыл Қызылорда» мекемесі көше бойларын, саябақтар мен скверлерді гүлмен көмкерді. Шаһар аумағын көгалдандырып, көріктендіру үшін 640500 дана роза, кан, катарантус, циннии, петуния, тагетис, бархат, цинерария, пеларгония гүл­дері әкелінді. Олар Тұңғыш Президент саябағы, «Сыр ана» монументі, облыстық әкімшілік ғимараты алды, Жалаңтөс баһадүр ескерткіші, Назарбаев даңғылы бойы, қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіші аумағы, қалалық әкімшілік ғимараты, «Қаламгерлер аллеясы», Б.Шөкенов саябағы, «Тағзым алаңы» мен Жанқожа батыр ескерткіші аумағына отырғызылды. Гүлдер қала көшелеріне сән беріп, адамға ерекше көңіл-күй сыйлайды, – дейді Мақсат Жүсіп.

Шаһарға кіре берістен бастап жаңа кейіпке енуде. Ал Қызылорданың жасыл қалаға қарай қадамы қаншалықты екенін таразыға салуды оқырманның еншісіне қалдырдық.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: