Сенбі, 23 қараша, 05:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«Қызылорда-Жезқазған»: Биыл 140 шақырым бітуі тиіс

20.07.2024

572 0

Сан жылдан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан түйткіл – Қызылорда-Жезқазған жолының биыл 140 шақырымы бітуі тиіс. ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың сапарында мерді-герлерге осы тапсырма міндеттелді.

Толарсақтан саз кешіп, батпақтап жүріп, елге әрең жететін жолаушылардың тақтайдай тегіс, заманауи жолмен сырғуына аз қалды. Бүгінгі Астана мен бұрынғы астананың арасын жалғайтын республикалық маңызы бар жолдың жалпы ұзындығы 424 шақырымға жетеді. Қызылорда облысының аумағына осы көлемнің 216 шақырымы қарайды. Биыл оның 140 шақырымындағы құрылыс аяқталуы тиіс. Жобаға жалпы көлемі 108,5 миллиард теңге қаралған.

Елді әбігерге салған автожолдың жағдайын жақсартуға Мемлекет басшысы да жіті назар салған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атал¬ған автомобиль жолы құрылысын бастауды және жолаушылар қатынасына қолайлы, сапалы етіп салуды тапсырған болатын. Бұған дейін мәселені шешуде кешеуілдеп жүрген Ұлытау облысында да қозғалыс бар. Бұл аумақтағы сегіз учаскенің құрылысымен айналысатын төрт мердігер анықталған. Оларға биыл күзде жұмысқа кірісу міндеті қойылды. Әйткенмен, «Жолдың жайын жүрген білер» дейді дана халқымыз. Жолаушылар тасымалымен айна¬лысатын жеке автокөлік иелері бұл жолда мәселенің жетерлік екенін алға тартады.
– Уақытша айналып өтетін жолға жеңіл авто¬көлік пен жүк көліктері сыймай жатады. Оның үстіне, ол жерде қауіпсіздіктің сақталып жат¬қаны шамалы. Терезеге тас тиіп, сынып жатады. Түсінеміз, бәрі асығыс. Бірақ жан-жаққа бірдей қарасақ дейміз. Қазір біздің облысқа қарасты бөліктің көп жері дайын. Көз көріп жүрген соң айтамыз ғой, оны рет-ретімен дайын болғандарын жеңіл автокөліктер үшін пайдалануға бере берсе дейміз. Сол кезде жүк көліктері айналма жолмен емін-еркін, ешкімге зиянын тигізбей өтетін еді. Барлығымыздың табыс табуымыздың артында халыққа қызмет деген үлкен ұғым жатыр. «Илеп жатқанымыз – бір терінің пұшпағы» екені өтірік емес. Біздің дайын жолды тек тексеру келгенде ғана емес, былайғы күндері де ашып қойса екен деген өтінішіміз бар, – дейді Мақсат Қанатұлы.
Осы жерде айта кеткен жөн, аталған жол¬дың Қызылорда облысына қарасты бөлігін¬дегі құрылыс 2022 жылы басталған. Оған шетелдік және жергілікті компаниялар жұмыл¬дырылды. Бес асфальтбетон зауыты мен алты арнайы ұсақтау қондырғысы жұмыс істеп тұр. Аймақтағы бес учаскеде құрылыс қарқынды. Бүгінде мұнда 120 шақырым жолға төменгі қабатқа арналған жаңа асфальт төселді. Құрылысқа 900 маман және 450 арнайы техника жұмылдырылған. Әлбетте, сапа бірінші кезекте тұрады. Қазір тек бұл ғана емес, аймақтағы барлық жол құрылысының сапасына жіті мән берілген. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев таяуда ғана осы салаға байланысты бірқатар басшыларды сынға алған болатын.
– Мысалы 2022 жылы пайдалануға беріл¬ген жолдың жағдайы сын көтермейді. Неге қолданысқа берілгеніне 2-3 жыл болмай-ақ мұндай халге жетіп отыр? Өйткені сапа жоқ. Аудан әкімдері сапаға мән бермейді, беріл¬ген тапсырманы орындамайды, – деді аймақ басшысы жауапты тұлғалардың жауапкер¬шіліксіз әрекетін назарға алып.
Бұл сөз көптің ойында қалды. Өйткені, жер-жерде, көп елді мекенде жаңа жолдың күйі жыл болмай-ақ көнеріп жатқан деректер аз емес. Тіпті, қабылданбай жатып, жөндеу көріп жатқандары бар. Айтпақшы, министр сапарында республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы бағытындағы 566 шақырым бөлігін 4 жолақтыға (I-б техникалық санатқа) ауыстыру мәселесі қаралды. Жобалау-іздестіру жұмыстарын, техникалық-экономикалық негіз¬демесін, мердігерді осы жылы анықтау және жөндеу жұмыстарын 2025 жылдың 4-тоқсанында бастау жоспарлануда. Бұл бағытта жол-көлік оқиғаларының көбеюі көптен айтылып жүрген мәселе болатын. Мұның шешімі ретінде осы бастама көптің көкейінен шыққаны мәлім.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: