Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының 70 жылдық мерейтойына орай, КСРО Халық әртісі Сәбира Майқанованың құрметіне «Сырдың Сәбирасы – І» халықаралық театрлар фестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Оған Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі,
Театр қайраткерлері одағының төрағасы, режиссер, педагог Тұңғышбай Жаманқұлов арнайы келіп қатысты.
Сахна – жүрек пен жанды тербейтін киелі өнер мекені. Осы тылсым өнердің мерекесі халықаралық театр фестивалінің ашылу салтанаты қала орталығында өтті. Кешкі самал мен отшашулар мерекенің сәнін келтірді. Фестиваль аясында әр өңірден және шет мемлекеттен келген театр ұжымдары өнерін паш етті. Фестивальдің ашылуына қатысқан аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев театр тарихына тоқталды.
– Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Театр 1955 жылы Талдықорған қаласында Еңбекші қазақ, Ақсу, Қаратал колхоз-совхоз театрларының негізінде құрылған болатын. Бүгінде ол терең дәстүр мен заманауи талаптарды үйлестіре білген, ұлттық өнерді ұлықтаған іргелі ұжым. Сыр өнерінің қарашаңырағы – Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ драма театры 1960 жылы Қызылорда қаласына көшірілді. Театрға 1997 жылы музыкалық, 2019 жылы академиялық мәртебе берілді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мерейтой Сәбира Майқанованың шығармашылық мұрасын ұлықтауға арналды. Қазақ сахна өнерінің шоқтығы биік тұлғасы, КСРО халық артисі Сәбира Майқанова сынды ұлы актрисаның есімін жас буынға үлгі етіп, өнер жолын насихаттау театр өнерінің дамуы серпін береді. Сонымен бірге халықаралық шығармашылық байланысты нығайту да бүгінгіге мақтаныш, ертеңге аманат. Сонымен бірге фестиваль қонағы Сәбира Майқанованың кызы Гүлдәр Әбділқызына құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, театр фестиваліне Грузия, Румыния, Қырғызстан мемлекеттерінен келген театр ұжымдары қатысады. Сондай-ақ Жезқазған, Семей, Ақтөбе, Атырау, Талдықорған, Қостанай және Алматы облысы театрларының өнерпаздары да бұл шарадан құр қалмақ емес.
Фестивальде Островский, Шекспир, Маркес, Айтматов сияқты классиктер шығармаларымен қатар, бүгінгі қазақ драматургиясының өкілдерінің туындылары сахналанады. Драма, трагедия, комедия, перформанс және эксперименталды қойылымдар арқылы театрсүйер қауым түрлі эмоциялық палитраны бастан кешіреді. Әр қойылым өзінше көркем, өзінше ойлы.
Қазақ өнерінің алтын қорына енген, Сыр мәдениетінің қара шаңырағы саналатын театр өз көрермендерін қуантар қойылым 30 сәуірге дейін жалғасады.
Ақмешіт-ақпарат
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!