Жаз маусымы басталғалы бері «жазда қайда баруға болады?» деген сұрақ көптің көкейінде жүргені анық. Бірі шекара асып шетелге барса, енді бірі ел ішінде демалғанды жөн көреді. Бұл күндері жұртшылық демалысты асыға күтіп, қаланың қарбалас өмірінен бір сәт босап, тынығуға қолайлы жер іздейді. Бірі отбасымен демалуға қолайлы орынды таңдаса, енді бірі суға шомылып, жағажайды құп көреді. Қалада ата-анаға да, балаға да демалуға қолайлы жерлер аз емес. Жайдарлы жазда «қызылордалықтар қайда демалады?» деген сауалға жауап іздеп көрдік.
– Аптап ыстықта Қамбаштан артық жер жоқ. Мен үшін Қамбаш – нағыз демалыс орны. Отбасымен тынығуға таптырмас мекен. Көл суының денсаулыққа пайдасы мол. Егер осы бағытта туризмді дамытсақ, ел экономикасына да зор пайдасы тиері анық. Қала қонақтарына да қолайлы. Шетелге шығудан бұрын өзіміздегі осындай табиғи жауһарларды бағалаған жөн. Қызмет көрсету сапасы жақсарса, Қамбаштың мүмкіндігі одан әрі артады. Ең бастысы, қаржы жағынан да тиімді. Шетелге кететін шығынның бірнеше есе үнемделуімен қатар, туған өлкенің экономикасына да үлес қосамыз, – дейді қала тұрғыны.
Расында да, ішкі туризмді дамытқанымыз абзал. Қамбаш көлі – облыс тұрғындары арасында ең танымал демалыс орындарының бірі. Бүгінде бұл жер – көптеген тұрғынның күнкөріс көзіне айналып отыр. Балық аулау, тағам әзірлеу, демалушыларға қызмет көрсету, барлығы көл жағасындағы өмірді жандандырып келеді. Үрлемелі қайық, катамаран, гидроцикл сынды су көліктері де келушілерге қолжетімді.
Облыс орталығында да тынығуға мүмкіндік мол. Қалалық мәдени-демалыс паркі, Президент саябағы, жаңадан бой көтерген «Арай» демалыс паркі, орталық алаң тұрғындардың сүйікті мекеніне айналған. Балаларға арналған аттракциондар, тынығу алаңдары, заманауи кофеханалар мен мейрамханалар да тұрғындардың талғамына сай. Қауіпсіздік пен тазалық мәселесі де ескерілген.
– Кешкі уақытта балалармен бірге орталық алаңда серуендеген өте қолайлы. Қала тыныш, қауіпсіз. Балаларға арналған ойын және жаттығу алаңдары да бар, – дейді қала тұрғыны Әсемгүл Сапарбекова.
Сондай-ақ қайта жаңартылған мәдени-демалыс паркі де тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлауда. 6 гектар аумақты алып жатқан саябаққа 500-ден аса ағаш отырғызылып, 20 мыңнан астам гүл егілген. Таза ауада серуендеп, табиғатпен етене болуға барлық жағдай жасалған. Соңғы үлгідегі аттракциондар тұрғындар үшін қауіпсіз әрі сапалы. Сонымен қатар субұрқақтар, балалар үшін ойын алаңдары салынды. Жақында бой көтерген «Арай паркін» айтпай кетуге болмас. Аз уақыттың ішінде бұл қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналды. Жаңа дизайн мен кешкі ерекше көрініс жанға тыныштық сыйлары анық. Жағажайда демалуды жөн көретін жандар үшін «Дала паркі», «Арай» аквапаркі, «Karibi» кешені секілді демалыс орындары іске қосылды. «Арай» аквапаркінде демалу жұмыс күндері 14 жасқа дейінгі балаларға 2200 теңге көлемінде, ал демалыс күндері 2500 теңгені құрайды. Ересектерге келетін болсақ, жұмыс күндері 3500 теңге, ал демалыс күндері 3800 теңгені құрайды. Талғамыңызға сай тағам түрлерін таңдауға да мүмкіндік бар. «Karibi» кешенінде баға жағы қолайлы. Үлкендерге – 3000 мың теңге, балаларға – 2000 теңге. Қызықты ойындар, шоу келушілер үшін арнайы ұйымдастырылған. «Дала паркі» қалалықтардың сүйікті демалыс орны. Сондай-ақ санитарлық талаптар сақталған. Ең маңыздысы жанға жайлы демалыс орны. Ал сіз қайда демалуды жоспарлап жүрсіз?
Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!