Сыр өңірінде инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның бірі – ел игілігіне жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен «Қызылжарма» каналын заман талабына сай қайта жаңғырту жұмысы. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бұл жоба су ресурстарын тиімді пайдаланып, тұрғындарды аяқсумен қамтуға сепітігін тигізеді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылжарма» каналы мен Сағымбаев көшесінің жаңғырту жұмыстарымен танысып, жауапты сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.
1957 жылы салынған, ұзындығы 13 мың 800 метр болатын каналдың тозығы жеткен. Техникалық жағдайын жақсарту үшін арнаны бетон науамен жабдықтауда. Ені 11 метр болатын науа қойылған соң су шығыны шамамен 50 пайызға қысқарады.
Жоба бойынша 9 мың 488 метр науа орнатылады. Аумақтың 34,3 гектары тазаланып, монолитті темірбетон конструкциялары тұрғызылады. Сонымен қатар 10 тіреу-бөгеттеу құрылғысы, 2 құбырлы өткел, жаяу жүргіншілер көпірлері, диаметрі 200 мм-лік 87 су шығару құрылғысы қойылады. Оған қоса 56 400 шаршы метр кеспетас төселіп, 126 орындық пен қоқыс жәшігін қою жоспарланған.
Заманға сай құрылыс мал шаруашылығын дамытуға, бау-бақша және жеміс-жидек егуге, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Айта кетейік, жоба іске асқан кезде «КБИ», «Коммунизм», «Шанхай», «Гагарин» шағын аудандары мен «Қызылжарма» ауылдық округінде тұратын шамамен 48 мыңға жуық тұрғын аяқсумен қамтамасыз етіледі. Суару маусымында каналдан шамамен 9,3 миллион текше метр су жіберіледі. Құрылыс жұмыстарын «Бақ-Береке 2030» серіктестігі қолға алып, келісім шарт бойынша 14 ай ішінде аяқтайды.
– Тұрғындар арасында көптен бері ұсыныс айтылып жүрген еді. Сол ойымыз жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз. Бетон науа арқылы көшемізге су шығын болмай, аяқсу келеді деп күтудеміз. Игілікті істің басына қарап бағалайтын қазақ халқы басталған іске сәттілік тілейміз, – деді қала тұрғыны Мейрамбек.
Әрі қарай аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы «Сағымбаев көшесін Торайғыров көшесінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейін қайта жаңғырту» жобасын жүзеге асыру барысымен танысты. Мұнда төрт жолақты 2,1 шақырым болатын жаңа автомобиль жолы салынуда.
Мердігер мекеме – «Қыран», техникалық қадағалаушы «СК Энерго Ойл», авторлық қадағалаушы «Проинсет» серіктестіктері. Жоспарланға жоба бойынша жаяу жүргіншілер жолы салынып, заманауи жарық шамдары орнатылады. Жаңғыртылған жол көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!