Жолға шыққан сәттен-ақ Сырдың самал желі есті. Бұл сапардағы басты бағытым Қызылорда қаласына іргелес жатқан Қызылжарма ауылы болды. Темір тұлпармен желдіріп отырып аз уақыттың ішінде ауылға кіріп келдік. Кірген бойда жаңарған көшелер мен балалар ойнап жүрген алаң көзіме түсті.
Тамыры терең, келешегі кемел
– Ауылдың іргесі сонау 1929 жылы қаланған. Ол кезде елді мекеннің атауы Комсомол болатын. Сол жылдары Сырдария өзенінің сағасынан ауылға қолдан канал қазып су жеткізген. Қазған жерден шыққан топырақ қып-қызыл болып үйіліп жатады екен. Содан болса керек, ауыл тұрғындары қолмен қазылған жарманы Қызылжарма деп атапты. Кейіннен оның бойында орналасқан ауылдық кеңес те осы атауды иемденген. Қазірде бұл атау ауылдың өткенін айшықтап, бүгінгі өркендеуіне куә болып тұрғандай, – деп әңгімесін бастады ауыл әкімі Шәріп Әбдірахманов.
Деректерге сүйенсек, 1950 жылға дейін Қызылжарма аумағында бірнеше ірі колхоз жұмыс істеген екен. Олардың қатарында Қарауылтөбе, Тереңсай, Колос, Кооператор секілді ауылшаруашылық ұжымдары болған. Бұл кезеңде ауыл тіршілігі негізінен егін және мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғанын айтты ауыл әкімі. Ал 1961 жылдың наурыз айында қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Комсомол совхозы құрылып, ауыл өмірінде жаңа бетбұрыс басталған. Одан кейін 1964 жылы Қызылорда құс фабрикасы іске қосылып, ұзақ жылдар бойы облыс халқын құс еті мен жұмыртқамен қамтамасыз етіп келген. Ауыл тарихында маңызды оқиғаның бірі ауылшаруашылық техникумының көшірілуі. 1971 жылы Қазалыдан арнайы көшірілген бұл оқу орны 1977 жылы совхозбен бірігіп, совхоз техникумға айналған. Алайда 1992 жылы ауылда агрофирма құрылғаннан кейін, техникум шаруашылықтан бөлініп шығып, өз бетінше жұмыс істей бастаған. Сөйтіп, 1997 жылы қаладағы бірнеше техникалық оқу орындары біріктіріліп, ауылдағы техникум облыс орталығына көшірілген.
– Ауылымызда ауыл шаруашылығы саласында тер төккен, елге еңбегімен танылған азаматтар аз болмаған. Мәселен, ауылдық кеңесті жиырма жыл басқарған, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Қалмақ Сексенбаев, атақты сауыншы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бірнеше орден иегері Баян Піржанова апамыз, озат құс өсіруші Несібелі Ибраева, егінші әрі батыр ана Қатшагүл Аралбаева сынды тұлғалар бар. Олар ел есінде сақталған, құрметке лайық жандар. Бүгінде ауылымызда 9 мыңнан астам тұрғын бар. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға көтерілмесе, түскен емес, – дейді Шәріп Әбдірахманов.

Әрине, қалаға тиіп тұрған ауыл кімге ұнамасын. «Көгілдір отынмен» қоса, басқа да тіршілікке қажетті инфрақұрылымның бәрі қамтамасыз етілген. Оқу орны, мәдениет үйі, кітапхана, емхана, бірнеше балабақша бар. Сондай-ақ 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы да өз кезегін күтіп тұр.
Кәсіпке қолдау бар
Бұл ауылда кәсіп бастаймын деген жанға мүмкіндік те, қолдау да бар. Мемлекеттік бағдарлама бар, жеңілдетілген несие алуға ауыл әкімдігі мамандары көмектесуге дайын.
– Ауылымызда кәсіпкерлік саласы жылдан-жылға жанданып, ел экономикасының дамуына сеп беріп келеді. Кәсіп ашам, кәсібімді кеңейтем деген адамға мүмкіндік көп. 2025 жылдың алғашқы алты айында Қызылжарма ауылдық округінде 494 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның ішінде 1 ЖШС, 475 жеке кәсіпкер, 16 шаруа қожалығы, 2 ауылшаруашылық өндірістік кооператив бар. Бұл дегеніміз ауыл тұрғындарының еңбекке деген ынтасы мен ізденісінің айқын көрінісі, – дейді Шәріп Әкбарұлы.
Биылдың өзінде «Іскер» бағдарламасы арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» 9 млн теңгенің екі жобасын қаржыландырған. Сонымен қатар «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы да 9 млн теңгенің бір жобасына қолдау көрсеткен. Сондай-ақ 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік грантқа 10 жоба ұсынылған. Бұл – жаңа бизнес-идеясы бар жастар мен әйелдер үшін үлкен мүмкіндік.
– Осындай қолдаудан кейін кәсіп бастауға тұрғындардың қызығушылығы да артып отыр. «Бизнес-Бастау» жобасы аясында 28 адам оқып, сертификат алды. Бұл – кәсіпкерліктің әліппесі іспетті. Жастар да, үлкендер де қатысып жатыр. Сонымен қатар «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 14 млн теңгенің екі жобасы қаржыландырылып, іске қосылды, – дейді ауыл әкімі.
Ауыл десе, көз алдымызға төрт түлік келетіні рас-ақ. Бүгін де бұл жақта мал бағып, табыс тапқан шаруа қожалықтары аз емес.
– Ауылымызда жалпы 16 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың барлығы дерлік тұрақты жұмыс жүргізіп отыр. Нақтырақ айтқанда, «Береке-Агро» қожалығы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 27 млн теңгеге қолдау алып, мал шаруашылығын жолға қойды. Бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал «Кушимбаев-Агро» құжаттарын жинақтап, дәл осы бағдарлама бойынша қаржыландыруға ұсынылуда. Бізде асыл тұқымды мал шаруашылығы да назардан тыс қалған емес. Бұл бағытта да жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, «Жұмабай» шаруа қожалығы 2019 жылы 84 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара алып, жұмысын бастап кеткен. Қазір мал басын көбейтіп отыр. Сонымен қатар Бабек Қалмырзаев есімді ауыл тұрғыны 2,5% жеңілдетілген несие алып, ешкі өсіру кәсібін жолға қойды. Табиғи ешкі сүті мен өнімдері қала мен ауыл тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие. Еркін Аманжолов деген азамат та «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы асыл тұқымды ірі қара алып, сүт өнімдерін елге ұсынып отыр, – дейді ауыл әкімі.
Иә, әкімнен кәсіпкерлік бағытында айтылған қолдаулар мен сандарды естідік, бірқатар жобалардың жүзеге асып жатқанынан да хабардар болдық. Енді соның бәрін жай сөзбен емес, іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқанын көргіміз келді. Сол мақсатта, ауыл ішіндегі кәсіп иелерімен жүздестік.
Ауыл ішін аралап жүріп, елдің тыныс-тіршілігіне көз жүгірттік. Бірі үйінің ауласында шаруасын дөңгелетіп отыр, енді бірі бау-бақшасын баптап әуре. Әйтеуір, тіршілік бар, тірлік бар. Көше аралап келе жатқанда көзімізге «Таза» моншасы түсті. Сырты тап-таза, шап-шағын ғана, көз тартып тұр. Ауылда мұндай жайлы әрі жинақы нысанның болуы көңілге қуаныш ұялатты. Кәсіпті көзбен көрейік деп, ат басын бұрдық.
Ішке енген бойда бір жайлылық байқалды. Барлығы жинақы, атына заты сай екен, тап-таза. Қарапайым ғана, ұқыптылық, тазалық сезіледі. Шыны керек, мұндай моншаны ауылдан көреміз деген ойымызда болмады.
– Монша салу туралы ой бұрыннан жоспарымда болды. 6% жеңілдетілген несие бар дегенді естігенде, мүмкіндік барын білдім. Сөйтіп, 2023 жылы бағдарламаға қатысып, несие алдым. Сол қаражатты монша құрылысына жұмсадым, – дейді кәсіпкер Аида Ибраева.
Қазір моншада 2 ортақ зал және 2 жеке кабина қарастырылған. Мұнда келушілер аз емес. Әсіресе демалыс күндері халықтың қарасы көбейеді. Келген тұрғындар көрсетілген қызметке дән риза болып, алғысын айтып шығады екен. Бұл – еңбектің еленгені, халықтың көңілінен шыққан қызметтің айқын көрінісі.
– Негізгі мамандығым – шаштараз. Бірақ ауылда халыққа ең қажетті деген қызмет түрін ашқым келді. Бізде монша аз, әсіресе қыс мезгілінде сұраныс жоғары. Осыны ескеріп, монша ашуды жөн көрдім. Алдағы уақытта шаштараз ашсам деген жоспарым да бар. Бастысы, халыққа пайдаң тисін, қалғаны ретімен келеді, – дейді кәсіпкер.
Иә, халыққа қажет, сұранысқа ие кәсіптің ауылда жұмыс істеп тұрғаны қуантады. Қарапайым ауыл тұрғынының осындай істі қолға алып, ел игілігіне қызмет етіп жатқанына риза болдық. Ауыл ішінде тағы қандай кәсіп түрлері бар екен деген ниетпен келесі бағытқа бет алдық.
Ерекше дизайнмен жасалған ғимарат көзге түсті. Ақ пен қараның үйлесімі, геометриялық нақыштар мен ұлттық өрнек, бәрі бір-бірімен жарасып тұр. Мұндай көріністі үйдің ішінде емес, кіреберісінде көріп, шыны керек, таңданбай өте алмадық. Сапалы дүние көзге бірден түседі екен. Біз де қызығып, бұл жұмысты кім жасағанын, қалай жасалатынын сұрау үшін арнайы тоқтадық.
– 2023 жылдың қазан айында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, жеңілдетілген несие алдым. Сол қаражаттың арқасында ғимаратты линеарлы панельмен қаптауды бастап кеттім. Бұл панельдер тек сән үшін ғана емес, ғимараттың немесе тұрғын үйдің сыртқы бөліктерін қаптауға да өте ыңғайлы. Өздеріңіз көріп тұрғандай, сыртқы көрініс сән береді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы кәсіп істеймін деген адамға таптырмас мүмкіндік. Шарттары да түсінікті, ыңғайлы. Ең бастысы, ниет пен қолдағы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек, – дейді кәсіп иесі Анар Бажакова.
Айта кету керек, кәсіпкер ауыл ішінде немесе облыс орталығында ғана емес, өз кәсібінің аясын кеңейтіп, басқа өңірлерге де қызмет көрсетіп келеді. Тапсырыс берушілердің арасында көрші аудан, тіпті өзге қала тұрғындары да бар. Бұл қызмет сапасын, халықтың сенімін білдіреді. Сұраныс артқан сайын жұмыс ауқымы да кеңейіп, ауыл шеберінің ісі өңірлік деңгейге шыққан.
– Былтыр Қарағанды облысы, Қарқаралы ауылдық округіне арнайы барып, сол жақтағы мәдениет үйінің сыртын панельмен қаптап қайттық. Бұл біз үшін жақсы тәжірибе болды. Басқа өңірде жұмыс істеу бір жағынан жауапкершілік, екінші жағынан сенім. Шүкір, тапсырыс берушілер жұмысымызға риза болды. Сол сапардан кейін өзімізге де сенім артып, кәсібімізді кеңейтуге деген ынта артты, – дейді Анар Бажакова.
Ауыл ішін аралап, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтармен тілдестік, тіршіліктің қалай жүріп жатқанын көзбен көрдік. Монша ашып, халыққа қызмет етіп отырғандар да, заманауи құрылыс панельдерін орнатып, ауылдың абыройын арттырып жүргендер де бар. Ең қуантатыны, әр кәсіпкердің сөзінен сенімділік, ал ісінен жауапкершілік байқалды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың, «Ауыл аманаты» секілді бағдарламалардың нәтиже беріп жатқанын осы сапардан анық байқадық. Ауылда жүріп, үлкен іске ұмтылған азаматтар ертеңгі ауылдың дамуына тірек болары сөзсіз.
Біз де ауыл өмірінің шынайы келбетін көріп, көтеріңкі көңілмен қалаға бет алдық. Көңілімізде ауылдың жылуы, жазғанымызда еңбекпен есімі шыққан адамдардың ізі қалды. Иә, еңбек етем деген адамға ауылда да мүмкіндік бар екеніне тағы бір мәрте көз жетті.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!