Біздің бүгінгі жүрекжарды сұхбатымыздың қонағы – қазақ эстрадасындағы есті әндердің авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, ән әрлеуші Рамазан Тайманов. Композитордың есімі эстрада жанрында дараланып, әндері әлемдік деңгейде танылған. «Қорқыт қобызы», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Сыр – Алаштың анасы» әндерін халық сүйіп тыңдайды. Тіпті әнді орындаған әншілер эстрада жұлдызына айналды. Рамазан ағамен сұхбаттасудың сәті түсіп, өнер тарланына бірнеше сауал жолдаған едік.
Негізгі мамандығым – су маманы
– Ән жазуды қай кезде бастадыңыз? Киелі өнер кімнен дарыған?
– Кез келген бала мектепте ән айтады ғой. Мен де осылай балалық дағдымен бастадым. Оныншы сыныпта оқып жүріп гитара үйрендім. Техникумға түскен кезде ансамбльде ойнай бастадым. Вокальды инструментальды ансамбль кезінде біраз адамның өнерге деген ынтасын ашып, қабілетін дамытты. Негізгі кәсібім су маманы болатын. Тереңөзекте су шаруашылығында жұмыс істедім. Соған қоса ансамбльді басқардым. Ата тегімізде өнер адамдары болған емес. Нағашы жұртымда ақындар бар еді. Бәлкім солардан дарыса керек.
Өнер саласына 31 жасымда келдім. Оған дейін кәсіптік техникалық училищеде жұмыс істедім. Сол оқу орнында 80-ші жылдары қыздар мен балалардың ансамблін құрдым. Көп ұзамай ансамбль республикалық байқаудың лауреаты атанды. Аудандағы клубты басқардым. Сондай тәжірибемен жақсы музыкант болып қалыптастым. Білімімді дамыту үшін Алматыдағы Чайковский атындағы училищеге оқуға түсіп, өнер жолына түбегейлі келдім.
– Өнерге баптаған ұстаздарыңыз жайлы да айта кетсеңіз…
– Мектепте жүргенде Сәрсенбек Жүнісов деген музыка мектебінің директоры болды. Сол кісі бойымдағы қабілетімді сезген болуы керек, ән айтуға баулыды. Ал 9-10 сыныпта сахнада ән шырқап, айналама таныла бастадым. Музыка мектебінің директоры Тимур Айсиннен, Сансызбай Сәдуақасовтан тәлім алып, сазды дүниенің сырын ұғындым. Шынында өнердің сан қырын бойыма сіңірген ұстаздарыма алғысым шексіз.
– Ән әуездері табиғат аясында туа ма? Жыл мезгілі де шабытыңызға әсер ететін шығар…
– Әрине, табиғат аясы өнер адамына рух беріп, шабыт сыйлайтыны белгілі. Алайда мен көбінесе әнді ақын жазған өлеңнің мәтініне қарап жазамын. Егер өлең мағыналы, ойлы, жүректі шымырлатып, бойға сіңіп тебірентіп, шабытыңды оятса, жақсы ән де өмірге келеді.
– Өзіңіздің қанатыңыздың астына алып Сыр елінен бір топ өнер жұлдыздарын шығардыңыз. Әндеріңізді бүкіл қазақ елі шырқап жүр десем қателеспейтін болармын.
– Қазақта «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз бар. Білгенімізді кейінгіге үйретіп, нәтиже шығаруға тырысамыз. «Әнші балапан» конкурсы алғаш қолға алынғаннан бастап өнерпаз балаларды үлкен сахнаға дайындадым. Ең алғашқы шәкіртім Жеңіс Ысқақова болды. 8-ші сыныпты бітірген соң Жеңіс Ысқақованы, Роза Қаратаеваны СПТУ-ға алдыртып, ансамблде ән айтқыздым. Мұнан өзге де бағыт берген шәкірттерімнің арасында Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаевтар – елге танымал эстрада жұлдыздары. Қазіргі өнер сахнасында жүрген Руслан Садықов та менің қанатымның астында тәрбие көрген әнші. Ұстаздың ұтатыны шәкірттің бойындағы буырқанған талантты көре білу, көріп қана қоймай түрлі әдіспен оны аша білу. Осы тұрғыдан келгенде мен бұл шәкірттерімнен бойымдағы күш-жігерімді аямай, дер кезінде кішкентай сахнадан үлкен республикалық, халықаралық сахналарды бағындыруға еңбек еттім. Еңбегім зая кеткен жоқ. Шәкірттерімнің жеткен жетістігі, шыққан биігі халықтың көз алдында жарқырап тұр деп сеніммен айтамын.
«Қорқыт қобызы» – табан астында шыққан ән
– Қоржыныңызда қанша ән бар? «Қорқыт қобызы» әні адамға рух беретін керемет ән екенін иісі қазақ тамсана айтады. Осы әннің туу тарихын айтсаңыз…
– Ұзын саны 40-тан астам әннің авторымын. «Қорқыт қобызы» – табан астында шыққан әннің бірі. 1999 жыл еді… Продюссор Сәрсен Ибрашева хабарласып «конкурсқа кетіп бара жатырмыз, бір ән керек болып жатыр, ертең пойызға мінеміз, Қызылордадан сазгердің әнін алып келіңіздер деп тапсырма беріп жатыр» деді. Үйге келіп ойландым. Өзімнің Қорқыт жайлы ән жазу ойымда бар болатын. Бір түнде сол ән ойламаған жерден өмірге келді. «Азия дауысына» жаңа әнді Болат Жүргенов деген музыкантқа әрлетіп, нотасымен жібердім. Алматыға жеткен соң Сәрсен «Әнің Пономаревқа ұнады, қайырмасындағы мелизмдер керемет, ерекше ән екен деді, енді өзің келіп осы жақта аранжировка жаса» деп қоңырау шалды. Алматыға барып, әнді әзірледік. Конкурстың дыбыс режиссері А.Пономаревтың көңілінен шықты. Сол кезден «Қорқыт қобызы» шартарапқа танылып шықты. Белгілі продюсер Мұрат Иргалиев «Сен эстрадада төңкеріс жасап тұрсың. Қазақтың күй мақамын эстрадаға алып келдің» деген еді. «Қорқыт қобызының» қайырмасында Сыр мақамының сарыны бар. Шынымен бұл ән өзгеріс әкелді, осыдан кейін эстрада қазақыланып, терме, күйлердің мақамдары кеңінен қолданыла бастады. Сахнаға қазақша шапан киіп шығып, фольклорлық музыканы эстрадамен айту сән болды.
– Әндеріңізді жинақтап кітап етіп шығардыңыз ба?
– Осы мәселе қиын болып тұр. Осы күнге дейін бірде-бір брошюра жазған емеспін. Алпыс жаста жазам деп ойлағанмын, үлгермедім. Өткен жылы 70-ке келдім сәті түспеді. Енді 75 жаста кітап шығарсам деген ойым бар. Әрине, ол болашақтың үлесінде.
– Тапсырыспен ән жазасыз ба?Пьеса да жазады деп естідік…
– Әрине жазамын. Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театр ұжымына арнап «Махамбет», «Қорқыт», «Аласапыран» спектакліне ән жаздым.
Той әндерін жазуға намысым жібермейді
– Қазіргі қазақ әуендеріне көңіліңіз тола ма? Әннің мәтініне мән бересіз бе?
– Бұл үлкен мәселе. Біз халықтың құлағын той әуенімен жаулап алдық. Қазір ойлы, мағыналы, мәнді әндерді ел қабылдамайтын болды. Ән жазбағаныма он жыл болды. Ең соңғы жазған әнім «Сыр – Алаштың анасы». Ол 2015 жылы дүниеге келді. Қазір «Азия» тобы айтып жүр. Қазір ән шығарғанмен тыңдайтын көрермен таппайтын секілдіміз. Мағыналы ән тыңдайтын да заман келер деп ойлаймын. Той әндерінің талайын шығара аламын, бірақ намысым жібермейді. Әннің мәтініне қатты мән беремін. Ақындарға жаздырғанмен, жағаласып отырып сөзіне өзгеріс енгіземін. Кейбір ақындардың өкпелейтін кездері де бар.
– Қандай ақындармен творчестволық байланыстасыз?
– Исрайыл Сапарбаев, Құдайберген Қазыбеков, Асылбек Әбдірахманов, Оңталап Нұрмаханов, Дүйсенбек Аяшұлы, Сейтмұрат Ембергенов секілді танымал ақындармен тығыз шығармашылық байланыста болып, сөздеріне ән жаздым.
– Еркін өскен секілдісіз. Әндеріңіздегі даладай дархан кеңдігіңізге жол ашқан еркіндігіңіз секілді. Ата мен әженің баласы емессіз бе?
– Өнер адамы өзін еркін ұстаса, ол – бақытты адам. Расында өзімді өнерде еркін ұстаймын. Ештеңеден ұялмаймын, ішімдегіні шығара беремін. Ол шығармашылық адамы үшін жақсы қасиет деп ойлаймын. Өзімнің ерекшелігім болу керек, бойымда өжеттік пен сенімділік бар. Өкінішке қарай ата мен әженің бауырында өспедім.
Ән өзінің әуенін, сөзін, орындаушысын дұрыс таппаса, бағы жанбайды
– Ән жайдан-жай жазылмайды. Ол толқыныстан, тебіреністен туады. Әсіресе рухты әндер туғанда қандай сезімде боласыз?
– Ақын Бибігүл Жаппасбаеваның «Сен мені іздеді деп кінәлама» деген әнді тебіреніспен шығардым. Тереңөзекте тұрып жатқанда райкомның бірінші хатшысы Алмагүл Божанова шақырып, бір парақ қағаз берді де «мынаны оқып шықшы, Рамазан» деді. Қарасам «Сен мені іздеді деп кінәлама» деп басталады екен. Сөздің кереметтігі сонша оқып тұрып, бұрылып шығып кетіппін. Алмагүл апам аң-таң, бірақ өте сезімтал кісі ғой бірден сезіпті. «Інім саз әлеміне кіріп кетті» деп ойлапты. Оралып келіп сөзге он минутта ән дайындап бердім. Сөздің құдіреті деген осы болса керек. Өзіңіз білесіз, бұл ән лезде танымалдыққа ие болды.
– Әуен сәтті шығып, соған лайық сөз таппай қалатын кездеріңіз көп болатын секілді. Себебі сіздің талғамыңыздың биіктігі әндеріңізден сезіліп тұрады…
– 1990 жылдары өсек айтатын әйелдер жайлы ән жаздым. Сол әнге үш ақынға сөз жаздырдым. Ұнамады. Төртінші ақын жаңақорғандық Адырбек Сопыбеков деген ағам әдемі сөз жазды. 1993 жылы «Екі әйелдің өсегі» деген әнім Шымкентте өткен республикалық I сазгерлер конкурсында III орын алды. Сол кезде Мыңжасар Маңғытаев деген үлкен композитор осы әнге ерекше тоқталып, жоғары баға берді. Кез келген ән өзінің әуенін, сөзін, орындаушысын дұрыс таппаса бағы жанбайды. Менің екі әнім осылай осындай күй кешті. Әрине, ол өкінішті.
– Балаларға арнап ән жазасыз ба? Қандай тақырыпқа ән жазбадыңыз?
– Балалар тақырыбына санаулы «Әппақ бала», «Тәте, маған қарашы» әнін жазыппын. Тағы бір әнім бар, ол есімде жоқ. Бір қызығы, менде Астана, Арал, әке, ана туралы ән шықпапты.
Болашақта ешкім ән жазбайтын сияқты
– Жасанды интеллект бұл күнде өміріміздің өзегіне айналды. Жаңа технологияның дамығаны да дұрыс. Дегенмен жасанды интеллектінің көмегімен ән де шығып жатқанын әлеуметтік желі арқылы біліп, естіп отырмыз. Сіздің ойыңыз қалай? Бұл жағдай композиторлардың шынайы әндерінің шығуына кедергі болмай ма? Ішінде кейбір ноталар ұқсас шығып, авторлық құқығына зиян келмей ме?
– Заман өзгеріп жатыр. Соншалықты жылдамдықпен дамып, жасанды интеллект өнерге де кіріп кетті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде кафедра ашылды. Барлық салаға қандай пайдасы барын дөп басып айта алмаймын. Жас кезімізде робот болады дегенді еститін едік. Менің ойымша, роботтың айналасында келіп жатқан жаңалық қой. Ұлтына қарамай адамдардың психологиясына сіңіп келеді. Өйткені музыканы жасанды интеллект арқылы қолдан жасай береді. Адамның миында ойлау қабілеті бәсеңдеуі ғажап емес. Өйткені компьютердің бағдарламасына бәрі енгізілген. Анықтама алатын болсақ халыққа қызмет көрсету орталығына баратын едік. Қазір eGov шыққалы бүкіл анықтаманы үйде отырып шығарып алатын болдық. Адамдарға істеуге жұмыс қалмайтын секілді. Көптеген жұмыс орны қысқаруы мүмкін. Біздің композиторларға аса тиімді деп ойламаймын. Бір мәтінге тапсырыс берсең дайын үлгіні ұсынып, эстрадалық ән шығарып береді. Тіпті әрлеп те үлгереді. Классикалық үлгідегісін қаласаң оны да көз ілеспес жылдамдықпен дайын етеді. Тіпті джаз үлгісімен де тамылжытып ән ұсынады. Әншіні де керек етпейді. Менің пайымдауымша, болашақта ешкім ән шығармайтын секілді.
Бұл идея қолдау тапса, барлық қазақ әйеліне деген үлкен құрмет болар еді…
– Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов белгілі ақын Исраил Сапарбай дүние салғанда сөйлеген сөзінде «Ол соңғы алты айда ауруханада ауыр халде жатты. Сонда барып ең соңғы кездескенімде күбірлеп бірдеңе айтып жатыр, біз естімей отырмыз. Сонда мейірбике құлағын төсеп тыңдағанда соңғы сөзі «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген өзінің өлең жолдары болды» деген екен. Демек жалынды ақынның жанын тебіренткен тек сөз емес әннің де құдіреті болар?
– Иә дұрыс айтасыз. Керемет өлеңдерімен елді баураған ақынның ең соңғы сөзі, ақырғы аманаты болды ма, оны дөп басып айта алмаймын. Ол кісінің қаншама өлеңдері бар. Мүмкін қазақ қыздарының қадір-қасиетіне таң қалған болар. Осы орайда айта кетейін, Тілеген Бекарыстанов деген танымал шығармашылық өкілі, журналист бар. Сол кісі облыс әкімдігіне бір жоба ұсынды. Ол – «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген тақырыпта белгі орнатсақ деген ұсыныс. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Әлеуметтік желіде де оқырмандар бұл ұсынысқа жылы лебіз білдірді. Барлық қазақ қыздарына ортақ ескерткіш белгі қойған дұрыс секілді. Өйткені, Қарағандыда «Где в Караганде» деген қарапайым сөзге, Жамбылда Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйіне монумент орнатқан. Сыр елінде «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» тақырыбында аналарға ескерткіш орнатылса деймін. Егер бұл идея қолдау тапса, барлық қазақ әйеліне үлкен құрмет болар еді.
– Ұзақ жылғы еңбегіңіз өз дәрежесінде бағаланды ма?
– Құдайға шүкір, бағаланды. Осы жылға дейін барлық атақты алдым деп есептеймін. Облыс әкімінің Алғыс хатынан бастап «Шапағат» медалін, «Құрмет» орденін, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алдым. Содан соң 1999 жылы «Қазағым-ай» әнімен «Жас қанат» конкурсының, 2000 жылы «Қорқыт қобызы» әнімен «Азия дауысы» конкурсының ең үздік композиторы атандым.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!