15 Наурызда елімізде маңызды саяси оқиға – республикалық референдум өтті. Бұл оқиға елдің саяси жүйесін жаңғырту және жаңа конституциялық өзгерістерді қабылдау мәселесіне арналды. Халықтың мемлекет басқаруына тікелей қатысу құралы референдум екені белгілі. Сол үшін де қашанда саяси оқиғалардан қалыс қалмаған қазақ жұрты сайлау учаскелеріне ағылды.
2026 жылы 21 қаңтарда Президент 120-дан астам адамнан тұратын Конституциялық комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды. 31 қаңтарда алты отырыстан кейін Конституциялық комиссия Қасым-Жомарт Тоқаевқа 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы баптарының шамамен 84%-ына өзгеріс енгізу қажет деп тапқандықтан, мүлде жаңа Конституция әзірлеу қажет деген қорытынды ұсынды. Комиссия алғашқы жобаны қоғамдық талқылауға жариялады.
Конституцияның алғашқы жобасы қоғам арасында кеңінен талқыланды. Құжат жобасында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекет қызметінің басты басымдығы ретінде көрсетілді. Атап айтқанда, өмір сүру құқығы, жеке басына қол сұғылмаушылық, жеке деректерді қорғау сияқты нормалар ерекше атап өтілді. Ақпан айының басында жаңа Конституция жобасын талқылау республика көлемінде жалғасты. Қоғамдық ұйымдар, сарапшылар, заңгерлер және қарапайым азаматтар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Бұл талқылаулар бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық алаңдарда кеңінен жарияланды. Кейін Конституциялық комиссия қоғамнан түскен ұсыныстарды сараптап, құжат жобасын жетілдірді. Нәтижесінде Конституцияның жаңартылған нұсқасы әзірленіп, 11 ақпанда Конституциялық комиссия өзінің 12-ші отырысында жаңа Конституция жобасы бүкілхалықтық референдумға дайын екенін мәлімдеді. Сол күні комиссия соңғы жобаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынды. Президент комиссияның жұмысын жоғары бағалап, жақын арада референдум өткізуге жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. 11 бөлім 95 бапты қамтитын Ата заңда Қазақстанның негізгі мемлекеттік принциптері, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік институттардың құрылымы және конституциялық түзетулер енгізу рәсімдері егжей тегжейлі қарастырылған.
Сонымен ел азаматтарына арналған жаңа Конституция жобасын қабылдау үшін референдум ұсынылды. Дауыс беру бюллетенінде сайлаушыларға «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Осылайша халыққа елдің негізгі заңына қатысты өз пікірін білдіруге мүмкіндік берілді. Референдумға дауыс беруге келген Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасына қатысты журналистерге брифинг берді. Кездесуде Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылғанын, 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгенін, сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болатынын, бірақ ондай қадамға бармағанын айтты. «Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-Президент туралы қоғамда айтылып жүрген пікірлерге жауап берді.
– Вице-Президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте Вице-Президент лауазымы бар. Кейбір сарапшылар «Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді», – деген пікір білдіріп жатыр. Бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ. Вице-Президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын. Ал Президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтеді, – деді Мемлекет басшысы.
1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік басқару жүйесінде Вице-Президент қызметі енгізілді. Бұл қызмет Президентке көмек көрсету және билік сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған еді. 1995 жылғы Конституция қабылданғаннан кейін Вице-Президент қызметі жойылды. Оның орнына мемлекеттік басқару жүйесінде басқа институттар күшейтілді. Қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы жаңа Конституцияға сәйкес Вице-Президент қызметі егер Мемлекет басшысы ауыр науқас, сапар, басқа да себептермен уақытша өз міндетін атқара алмаса, оның өкілеттігін орындайтын жүйе деп түсіндірді.
– Вице-Президент төтенше немесе күтпеген жағдайда Президенттің уақытша орнын басатын тұлға. Бұл мемлекеттік басқарудың үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Бұрынға жүйе бойынша оқыс жағдайда Президенттің орнын басатын Парламент сенатының төрағасы еді. Жаңа Ата Заң бойынша бір палаталы құрылтай жүйесінде бұл құзіретті Вице-Президент атқарады, – деді Мұрат Бақтиярұлы.
Референдум Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 15 наурыз күні таңғы сағат 07:00-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасты. Қазақстан бойынша мыңдаған дауыс беру учаскелері ашылып, азаматтар өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды. Сайлау учаскелерінде бақылаушылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері де жұмыс істеді. Сонымен қатар сайлау процесіне толық қатысуға жағдай жасау мақсатында денсаулық жағдайына байланысты немесе басқа да себептермен учаскеге келе алмайтын азаматтарға үйде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылды.
Референдумға азаматтардың қатысу деңгейі бойынша Қызылорда облысы басым түсті. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Сыр өңіріндегі сайлаушылардың 91%-дан астамы Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша референдумға дауыс берген. Комиссияның мәліметі бойынша, сағат 18:00-дегі жағдай бойынша 8 845280 адам бюллетень алды, бұл сайлаушылардың жалпы санының 70,98%-ын құраған. Басқа барлық аймақтарда азаматтардың 65%-дан астамы дауыс беруге келсе де, Алматы және Астанада ең төменгі көрсеткіш байқалды. Сайлау күні елдің көптеген аймағында мерекелік атмосфера байқалды. Кейбір қалаларда мәдени іс-шара ұйымдастырылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Бұл азаматтардың саяси процеске белсенді қатысуына оң әсер етті.
15 Наурыздан 16 наурызға ауған түні референдумның экзит-полл қорытындысы шықты. Сауалнама жүргізуге рұқсат алған үш институт «дауыс берушілердің 86 пайыздан астамы жаңа Конституцияны қолдады», – деп мәлімдеді. Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама бойынша, дауыс берушілердің «86,7 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған». Астана «Социс-А» әлеуметтік зерттеулер институты «87,4 пайыз адам жаңа Конституция жобасын қолдады» деген ақпарат берген. Ал «Аманат» партиясының қоғамдық саясат институтының экзит-полл қорытындысы 88,6 пайызды құраған.
Қорытынды шыққан соң Президент жастармен кездесті. Парламент сайлауының жазда өтетінін мәлімдеп, экзит-полл қорытындысымен танысып, жаңа Конституция қабылданғанын айтты.
– Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді Мемлекет басшысы.
Жаңа Конституция мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге, парламенттің рөлін күшейтуге және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістерді қамтиды. Орталық референдум комиссиясы дауыс беруге құқылы 12 миллионнан аса адамның 73,24 пайызы дауыс бергенін мәлімдеді. Яғни 9,1 миллионнан аса адам бюллетень алған. Сонымен бірге енді 15 наурыз елде «Конституция күні» болып бекітілді. Осылайша, референдум Қазақстан қоғамының демократиялық дамуы мен саяси жаңғыру жолындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде тарихта қалды.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!