Тәңір берген талантты сары сандықтың түбінде сақтамай, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арнап жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – Күләйхан Байжанова. Ол халықты әлеуметтік қорғау саласында қызмет ете жүріп, он саусағынан өнері тамған тігіншілік қабілетімен де танылған. Күләйхан Сұлтанқызы – «Аламан құрақ» жобасының белсенді қатысушысы. Мерейлі отбасының түтінін түзу ұшырып, берекесін күзеткен адал жар, асыл ана. Ол – «Қазақстан КиНЭСС» рекордтар кітабына енген шебер.
Біз барғанда тоқсан жастағы Төлеш ақсақалдың үйінде дастарқан жайылып, күтіп отыр екен. «Төртінші билік, журналистер келді ме?» деп, жылы шырай танытқан Төлеш ақсақал төрін ұсынды. Қоғамда белсенді тұлға ретінде танылған Күлайхан Сұлтанқызы отбасының берекесі.
– Келінім – ісмер. Оның қолынан шыққан туындыларды шетелдіктер де көріп, тамсанған, – деді мақтан ететінін білдірген ақсақал.
Күләйхан апай бұл өнер анасынан дарығанын айтады. Анадан қызына қонған ісмерлік екен. Бүгінде Күләйхан апайдың өзінің қызы Айдана да «мен қай салада болсам да тігіншілікті тастамаймын» деп отыр. Шынашақтай қыздың шыңға бастаған сапарына да дән риза болдық.
– «Аламан құрақ» жобасына 2023 жылдан бастап бардық. Жоба авторы – Нұргүл Абайқан. Рәміздер күніне орай Астана қаласындағы «Рәміздер алаңында» өткен үлкен іс-шараға 200-ге жуық құрақшы қатысты. Біз көрме заттарын орналастырдық. Құрақтың түр-түрі бар. Қошқар мүйіз «төрт құбылаң тең болсын» деген мағына білдірсе, «Гауһар тас» қазақтың байлығын білдіреді. Бұл оюда аналарымыздың әшекей жиынтықтары, өсімдік тәріздес өрнектер пайдаланылады. Көк пен ақ түсте таза «қошқар мүйіз» оюы салынды. Түркиядан «Көшпенділер ойынына» үлес қосқанымыз үшін сертификат берілді. Биыл Үндістаннан арнайы сертификат алдық. Жоба авторы Нұргүл Абайқанның да берген сертификаттары бар, – дейді Күләйхан Сұлтанқызы.
Таяуда ғана Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына арналған сайыста да Күләйхан апай қасындағы құрақшылармен бірге бір топ болып қатысып, қаржылай сыйлықты жеңіп алды.
– Біз тіккен құрақ көрпе, жастықтар Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде тұр. Жәрмеңкеден қытайдың заттарын осылай ұлттық өнеріміз арқылы ығыстырып жатырмыз. Біздің мақсат – қолымыздан келетін сөмке, қалпақ тігіп, олардың санын көбейту. «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар үйіне Рамазан айында аудандардан жастық, көрпеше тігіп сыйлыққа бердік. 7 үйге толық көрпеше тігіп бердік. Қандай істе болса да, жұртқа себің тиіп жатса, сол бізді қуанышқа бөлейді. Біреуге пайдаң тигенің үшін мерейің үстем болып жатады, – дейді үлкен жүректі ісмер.
Бүгінде Күләйхан апа тігін машинасының жанында жалғыз отырмайды. Қызы Айдана мен немересі Нұрбибі серігіне айналды. Айдана «Көшпенділер ойыны» аясында «Жыл үздігі, өнер шебері» атты сертификатпен марапатталды. Айтпақшы, Айдана да, Күләйхан апай да шетелдіктердің қазақ өнеріне осыншалықты тамсанғанын айтқанда жүздерінен бақыт лебі еседі.
– «Көшпенділер ойынына» барған кезде ерекше сезімде болдым. Бастапқыда күн салқын болды, ал жарыс болар күні жарқырап, көктем иісін сезіндік. Өзім екінші күні бар уақытымды киіз үйге арнадым. Барлығын араладым. Жанына ұлын ертіп алған орыс келіншекті көрдім. Ол «үйде отыра алмадық, қызығып көзбен көрейік деп келдік» деді. Мынадай ортаның өнеріне қарап, бейжай отыра алмайтынын айтты. Ал менде ерекше сезім болды. Өзгелердің өнеріңді бағалап жатқаны көңіліңді көтереді екен. Біз барған кезде адам аз еді. Құрақтарды жая бастаған кезде 100-ден аса шетелдіктің келгенін аңғардық. Арабтар келіп бізбен суретке түсті. Бір нәрсе айтқысы келді де, бірақ сезімін жеткізе алмады, – дейді Күләйхан апай.
Шығармашылық адамының қиялы ұшқыр болуы үшін көңіл көзқарасы кеңістікке жол тартуы керек. Мұндай құбылысты Күләйхан апай да бастан өткеріпті. Ол әсіресе, жаңа көрініс жаңа идеяға бағыттайтынын айтады.
– Бізде ерекше идея туып, ойланып жаңа дүние жасауға уақыт жоқ. Бірақ әр барған жер бізге жаңаша тыныс береді. Шабыт ашылады. Қоршау алынып, кеңістік сыйлайды. Батыстан, шығыстан, оңтүстіктен адамдар келеді. Өзге орта жақсы әсер береді. Облыс әкіміне «Көшпенділер ойыны» аясында 14 адам жобаға барамыз, жатын орын, барып-келу жол ақысын көтеруіңізді сұраймын» деп хат жаздым. Қазақтың қолөнеріне қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға да алғысым зор, – деді ол.
Жолдасы Рахымжан Әлиев – білікті инженер-механик. Ол біраз жылдар бойына зауытта, Қызылорда облыстық филармониясында инженер-механик, Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық облыстық драма-театрда бас инженер, С.Ықсанов атындағы политехникалық колледжде инженер-механик болып жұмыс істеді. Әңгіме арасында ол жарының өнерін толық қолдайтынын жеткізді.
– Адам баласының түпкілікті қызметінен бөлек, хоббиі деген болады. Біздің Күләйхан халыққа қызмет саласында еңбек етеді. Бірақ тігіншілікті қосымша дамытып, бірнеше адамның басын қосып, оны ұйымдастырып, көш бастап жүр. Әрине, оның әрбір жетістігіне қуанамын, – деді ол.
Шаңырақтың сүт кенжесі Айдана – «Қазақстан КиНЭСС» рекордтар кітабына енген шебер. Он саусағынан өнер тамған ол – Мәншүк Мәметова атындағы жоғары колледжінің «Өнеркәсіп өнімдерінің дизайнері» мамандығы бойынша түлегі.
– Мен анамның жолын қуамын. Қай саланы таңдасам да, тігін машинам төрімде тұрады. Түрлі идеялар бар. Алдағы уақытта өзімді жан-жақты дамытқым келеді, – дейді ол.
Күләйхан Сұлтанқызы өнерді жоғары бағалайды. Оның әрбір әрекетінен ұлттық өнер, қолөнер бағытында алға жылжу, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеру байқалады. Сырттай қарап сүйсіндік. Осындай білікті мамандар барда қазақ өнері өзінің құндылығын жоймақ емес…
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!