Сейсенбі, 07 сәуiр, 01:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№25 (2237)
07.04.2026
PDF мұрағаты

Ресей мұнайы Қазақстан арқылы өтеді

07.04.2026

32 0

Бізге пайда бар ма?

АҚШ Қазақстанға ресейлік мұнайды Қытайға транзиттеуді уақытша жалғастыруға рұқсат берді. Бұл шешім энергетикалық қауіпсіздік пен аймақтық экономикалық тұрақтылық тұрғысынан маңызды қадам ретінде бағалануда.

Ресей мұнайының Қазақстан арқылы транзиті 2027 жылға дейін жалғасады. АҚШ Қазақстанға Ресей мұнайын Қытайға транзитпен тасымалдауға мүмкіндік беретін лицензияны 2027 жылғы 19 наурызға дейін ұзартты, «Bloomberg» мәліметінше, осының нәтижесінде күн сайын шамамен 200 мың баррель мұнай жеткізуге жол ашылады.

Мұндай қадам Парсы шығанағы елдерінен жеткі­зілімге қатысты шектеулерге, Ормұз бұғазы маңындағы қауіптерге және Таяу Шығыстағы шиеленістің жал­ғасуына байланысты қабылданып отыр.

Бұл шешім Ресейдің экспорттық ағындарын қолдайды, Қазақстанның транзиттік рөлін күшейтеді және балама жеткізу бағыттарына түсетін қысымды азайтады. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресей энергетика министрліктері Қазақстан арқылы Қытайға ресейлік мұнай транзитін 10 миллион тоннадан 12,5 миллион тоннаға дейін арттыру мүмкіндігін талқылануда.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім бірнеше факторға байланысты қабылданған. Біріншіден, Қазақстан – Еуразиядағы маңызды транзиттік хаб. Ел аумағы арқылы өтетін құбырлар тек экономикалық емес, геосаяси маңызға да ие. Екіншіден, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының тұрақсыздығы жағдайында жеткізілімдердің үзілмеуі  ірі тұтынушы елдер үшін аса маңызды. Мәселен, Қытай үшін энергия ресурстарының үздіксіз жеткізілуі өндіріс пен экономикалық өсімнің негізгі кепілі. Ал Қазақстан үшін бұл транзит – бюджетке түсетін табыс пен инфрақұрылымды тиімді пайдаланудың көзі. Сарапшылар транзиттен түсетін қаржы ел экономикасына қосымша серпін беретінін атап өтеді.

«Bloomberg» агенттігінің дерегінше, мұндай келі­сімдер алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін. Алайда оның ұзақмерзімді болашағы әлемдегі саяси ахуалға тікелей байланысты.

Сонымен қатар бұл шешім санкциялық саясаттың икемділігін де көрсетті. Яғни, геосаяси шиеленістерге қарамастан, халықаралық қауымдастық белгілі бір экономикалық байланыстарды сақтауға мүдделі. Бұл – жаһандық нарықтың толық күйреуіне жол бермеудің бір жолы. Осы орайда, Қазақстан транзиттік әлеуеті жоғары екені тағы бір мәрте дәлелденді. Ел тек шикізат өндіруші ғана емес, сонымен қатар халықаралық логистика мен энергетикадағы маңызды буынға айналып отыр. Бұл бағыттағы саясат дұрыс жүргізілсе, Қазақстан аймақтағы жетекші экономикалық орталықтардың біріне айналуы әбден мүмкін.

Айта кетейік, мұнай бағасы Израиль, АҚШ және Иран арасындағы шиеленістің күшеюіне байланысты өсуде. Эталондық Brent маркалы мұнайдың бағасы шамамен 3 пайызға өсіп, бір баррелі 115 АҚШ долларына жетті. Жалпы алғанда, наурыз айында мұнай бағасы шамамен 60 пайызға қымбаттап, бұл көрсеткіш 1990 жылғы Парсы шығанағындағы соғыс кезіндегі өсім қарқынынан да жоғары болды.

Ал АҚШ-тың WTI маркалы мұнайы да шамамен 3 пайыз­ға қымбаттап, бір баррелі 102 доллар деңгейінде саудаланды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: